Аманат (әңгіме)

         Бұл шығарма қазақтың қайраткер ұлы Болатхан Тайжанның рухына арналады!

Құланиектеніп таң атқаннан бесінге дейін құлқынның қамымен көкті кезетін кәрі құзғынның денесі бүгін дел-сал. Шау тартқанның белгісі болар, тәбеті қайта бастапты. Бұрындары тоқты-торымның өлексесін қылғытқанда өзгелерге дес бермейтін өңеші құрғыр тарылып қалған ба?!  Әлгінде өзен жағасында жатқан өлген бұзаудың етінен ауыз тиді де кейін шегініп кетті. Мекеніне де бірнеше мәрте аялдама жасап, сүйретіле жетті. Солығын басқасын қарсы беттегі жартасқа барып, жалп етіп жайғасты. Күнде кешкілік осылайша отыратын ежелгі дағдысы. Тойымсыз көзін төңірекке қадап, қызарып бататын күнге қызыға қарайды. Ол үшін бұдан жайлы, бұдан биік жер жоқ. Етектегі қой тастар мен қырқа-қырқадағы серке шоқылар алақандағыдай көрінеді. Бұрындары соның арасында балгердің құмалағындай шашырап, төрт түлік өріп жүруші еді, қазір шанда бірі кездеседі. Үнемі тұман тұншықтырып тұратын алып шаһардың адамдары көбейген сайын малы азайып кетті… 

        Басында бұл қала емес, кішкене ғана елді-мекен болатын. Бір-екі мәрте құлаш ұрғанда о жағы мен бұ жағына жетіп барушы еді,  анажылы күн шыға кеткеннен сәскеге қарай зорға оралды. Қанаты талғанда  қонақтап, солығын басып алатын бәйтеректер де азайыпты-ау. Оның орнына көкке қарай көк түтін үрлеп тұратын мұржалар көбейген. Қапталында аяққа тіреу боларлық бұтағы болмағасын ұшар басына қонбақшы болып тақап барған біріне, қолқаны атар иіске қақалып, әзер қашып құтылды. Содан бері олай қарай аттап басуды қойды, қанша ашықса да төңіректі түртпектеп талғажау іздейді.

        Қартайғандық болар, соңғы кездері уайымшыл боп барады. Қарап отырып қамығатынды шығарды. Қызыл асап, қызық қуған күндерді сағынады. Адамдардың өзара қырық-пышақ боп соғысқан кезін ұмытар емес. Әнебір беткейден сайға дейін созылып жатқан жыпырлаған зираттар сондай оқиғадан қалған жұрнақ. Басында сарытышқанның іні секілді азғана төмпек еді,  қазір екі таудың ортасын алып жатқан шағын қалашық іспетті.

        Құзғынның көз алдында алып шаһар тұрғындарының біразы осында көшіп келіп, жерге көмілді. Келе берсін-ау, өздері аз болғанмен бұл халықтың жері көп. Бірақ өкіре жылайтынын, улап-шулап мүлгіген тыныштықтың шырқын бұзатынын ұнатпайды-ау, солардың…

       Құзғын, самарқау ғана адамдар тұрағына көз салды. Буалдыр тұманға оранған қала мен тау арасында жыланша ирелеңдеген тас жол жатыр. Соның үстінде жалғыз ноқат қарауытады. Қимылдайтын секілді, бері қарай ілгерілеп келеді. Қияндағыны шалатын қырағы жанары да суалайын деген-ау! Аң ба, адам ба, айыра алмады. Қаңғыған есек пен үйірінен адасқан жылқы болар деп топшылады. Адамдар бұл маңда жеке-дара, жаяу-жалпы жүрмейтін…

                                        

                                                     ***     

 

     Талай арысты бауырына басқан қабірстан мен қаланың арасы он шақырымдай жер. Бел-белесі, бұрылысы көп тас жолда күздің қарасуығына қарамастан жеңіл киінген жігіт келеді. Демікпемен ауыратын, деміл-деміл ауа жетпей алқынып, талықсып отырып қалады. Ілгерілегеннен кідіргені көп. Бірақ  қалайда межелі жерге жетіп жығылуды көздеген түрі байқалады. Өкпесі өшіп, тынысы тарылғанын елеместен, өршелене өрлеп келеді.

       Бұл жаққа осымен екінші рет келе жатыр. Бірер жыл бұрын қаскөйлердің қолынан қаза тапқан қайраткердің жаназасына қатысып, ел қатарлы топырақ салған. Тау ортасындағы зираттардың көптігіне таңғалған сол кезде. Қасында тұрған тақиялы қарияның айтқан сөзі әлі есінде: «Екінші мұнда – тірлігімде келтіре көрме құдай» деп еді түр-тұлғасы  қаланың зиялысынан көрі баяғының билеріне келіңкірейтін ақсақал. Неге екенін білмейді «әумин» деп бет сипаған. Тезірек қаралы жиыннан аулағырақ кетуге асықты. Енді сол жерге жете алар емес.

        Артына қарап еді, алып шаһар алақандағыдай көрінеді екен. Бірақ  біртүрлі тұнжырап тұр.  Қала үстіне қою түтін тағы да мініп алыпты. Күннің көзін көрсетпеймін дегендей әлеміш көк көрпесін қымтай жауып, тұмшалап тұншықтырып тұр. Кейбір тұманы сиректеу жерлерден көше шамдары  ұрлана сығалайды. Солар ғана Алатаудың бөктерінде бейбіт жатқан жұрт барын аспан әлеміне хабарлап тұрғандай. 

– Қайран халқым, – деп күбір етті, алып шаһарға аянышты көзбен қарап…

– Қашанға дейін ішіңнен булығып, төбеңнен төнген түнекті көрмей, тұншығып жатар екенсің.

«Көшпенділер» романында генерал Генс айтқан сөз есіне түсті. «Қазақ дарынды халық, батыр халық, әттең бақытсыз халық»…

– Шынымен бақытсыз болғанымыз ба?!  

         Қайта қозғалды. Еңгезердей үш көлік бірінің соңынан бірі құйғытып өте шықты. Ішіндегі адамдары да еңгезердей біреулер. Бейуақытта бейсауат жүрген бұл кім дегендей ежірейіп қарады бәрі. Бұл да көзімен ұзатып салды. «Мейлі, мен-ақ жынды болайын, сендер саусыңдар, мен-ақ ез болайын, сендер ерсіңдер» деді ішінен. Осыдан бірер жыл бұрын дүние салған селдір шашты ғалымның «Мен қорқақпын, сендер батырсыңдар» деген тақырыппен газет бетіне шыққан сұхбатын ойына алды. Сол бір шалдыр мінезді, шатақ шалды жақсы көруші еді. Турашылдығын,   адалдығын бағалайтын. Қайтыс болғанда бара алмады, соған өкінеді әлі. 

           

                                                 *** 

 

      Таудың жықпыл-жықпылына қою қараңғылық еркін еніпті, аздап елегізейін деді.  Топ-топ шеңгел, жыңғылдардың арасынан әлдебір жыртқыш атып шығып, бас салатындай қорқынышты. Бойын билеген үрейді жеңіп, қасқа жолдың тура ортасына түсіп, ілгерілеп келеді. Ертеңгі күнді күтпей, бейуақта жолға шыққанына осы кезде аздап өкінді. Бағанағы көзілдірікті шілмиген қараның: «өлетін бала молаға қарай қашады» деген сөзі қамшы болды ма? Әлде бір  жарым миллион тұрғыны бар қаладан сөзін тыңдар бір адам таппады ма? Әйтеуір өлілер мекеніне ықыласы ауды да тұрды. 

        Қоңыр-салқын күз болатын. Оқушылар жаңадан партасына жайғасып, тағы бір оқу жылын бастаған шақ. Мемлекеттік тілді қолдау  туралы митинг өтеді дегенді есітті. Асыға күтті. Барды, қатысты. Осы бір тарихи оқиғаның ортасында жүргеніне мәз болып, масаттанып, марқайып қайтты. Сол күннен бастап бұның өзі де, сөзі де өзгерді. Кейіннен мұндай басқосулардан қалмайтын болды. Жастар арасынан кім сөйлейді дегенде бірді-екілі микрофон ұстап ақтарылғаны да бар. Осындай сәттерде атқа мінген адамдай айдарланып кетуші еді. Талайлардан мақтау естіді.  Бірақ солардың арасында арқадан қағып тұрып, аяқтан шалатындар барын ойламапты…

       Бастығы шақырғасын бөлмесіне барған. Көзілдірікті шілмиген біреу отыр. Ұлтын айырып болмайсың. Көзі көкпенбек, өзі қара. «Өзі сары, көзі көк – адамзаттың сұңқары, өзі қара, көзі көк – адамзаттың сұмпайы» деп отырушы еді атасы жарықтық. Тұздай көзінен мұздай ызғар еседі, адамға тінте қарайды екен. Тіксініп қалды. Бір жерден көрген секілді. Тәуелсіздік күніне орай  болған  жиналыста астаналық ақынның «Мен ұлтшылмын ба?» деген өлеңін оқыған. Қаумалаған жұрт қошаметін айқайлап айтып, алақанын аямай-ақ ұрды. Шағын бейнекамера ұстаған бір жас жігіт пен оның қасындағы қылдырықтай қарадан басқасы… Бірі тапжылмастан таспаға басты, екіншісі өңменнен өтердей өткір жанарын найзаша түйреді де отырды. Іштей, жергілікті телеарна тілшілерінің бірі шығар деп топшылаған. Бірақ…

      Бастығы мен шілмиген қарадан бір сағат ұрыс естіп, жарты сағаттық дәріс тыңдады. Кабинетіне барған бетте өз еркімен жұмыстан шығу туралы арыз жазды.   

 

                                                       ***

 

       Алып шахардың ауа-райы құйты қатын мінездес, қысқа күнде қырық құбылады. Аспанды бұлт торлап, жұлдыздар көміскілене бастапты. Бір жұлдыз құбыла бетке қарай құлдилай ағып, қою түнекке сіңіп кетті. «Жұлдызым жоғары» деп жеделдете айтты тап бір үлгермей қалатындай асығып.  Талмаурап жеткен таныс иіс сезілді. Топырақ иісі… Жаңбыр бір бүркіп өткенде өрісте жүрсең жусан иісі бірінші болып танауыңды қытықтайды, ал тақырлау жерде осы топырақ иісі жетуші еді. Шамасы тау басында нөсер басталған болу керек, келер сәтте еңістеп етектің шаңын басып кетуі ғажап емес. Тездетпесе жаңбырдың астында қалуы кәдік… Ентіксе де екпінді үдете түсті. 

     Автокөлік жолымен қатар жатқан жалғыз аяқ сүрлеумен сүйретіле жылжып біраз ілгеріледі. Өз есебінше мына қолтықты айналса қорымдардың да төбесі көрінуі тиіс. Жауын себелей бастады. Таудың желінен екпін алған өткір тамшылар балғын денені бізбен түйрегендей түршіктіреді. Көктің көңілі  бір босаса журықмаңда басылар ма?! Әуелі себелеп, сосын нөсерлетті.  Тау басында найзағай ойнап, қаһарланады.

      Жайдың оғы жалғызға, аттың жалы, адамның шашына үйір болады деуші еді, күртешесін шешіп басына жауып алды. Аяғының астын ғана бағдарлауға шамасы бар, сырт-сырт соққан тамшымен жарыса кеудесі де сырылдап келеді. Қос аяғына қуат берсін құдай. Әзірге бәрі қалыпты секілді, бірақ бара-бара өкпесі өшеді, тәлтіректеп жығылады. Үйреншікті жағдай. Талай рет сөйткен. 9-сыныптан бастап жолдас болған демікпе бүгін бір кеңшілік жасамаса тап солай болуы тиіс.

      Тумысынан дімкәс боп өскеніне бола тағдырына наз айтқан емес. Бірақ  ауруға көндіккісі келмей арпалысатын. Әсіресе ауыл балалары көше сыртында аладопты қуалап жүргенде, жүгіріп барып араласа кеткісі келетін. Бірді-екілі сөйтемін деп ауруханадан бір-ақ шыққаны бар. Содан бері «ақырын жүріп, анық басуға» дағдыланды. Сәл тынысы тарылса болды, қай жерде болмасын отыра қалып демалады.

        Бүгін де тай шаптырым жерге жету үшін талай рет аялдама жасады. Әлсіреді. Бірақ тоқтаған жоқ. Жаңа туған төлдей бұты-бұтына шалынысып, аяғы ырқына көнер емес. Жаңбырға шыланып, жылпылдап тұрған балшықтан әлденеше рет тайып жығылды. Тәлтіректеп қайта тұрды. Жүрді. Басы айналып, көз алды тұманданып барады, сонда да жүрді. «Аялдауға болмайды, не де болса жетіп жығылу керек» деген ой дімкәс денесін сүйреп келеді. Тынысы тарылып барады. Біреу тұншықтырып жатқандай… Бағанағы көзілдірікті қара секілді… Мазақтап күледі тексіз. Тұла бойын ыза кернеп алға ұмтылды. Басы айналды. Ауа жетпей барады. Дүниеде сатылмайтын тегін дүние – ауа! Бірақ қыбырлаған мақұлық пен қылтиған өсімдік үшін ең зәру, ең қымбат қазына да осы ауа екен-ау…

– А, құдайым, ауа берші маған, – деп айқайлағысы келді. Бірақ үні шығар емес. Қолымен қарманып, алға ұмтыла берді. Бірер мәрте құлап тұрды. «Жығылуға болмайды жаумен жағаласқанда, мейлі сенің тәнің әлсіз болсын, бірақ рухыңды биік ұста!» деп біреу құлағына сыбырлағандай болады. Бұл сөзден қуат алып, орнынан тұрады. Енді жүрейін дегенде көзілдірікті қара жолын кес-кестейді. Кеңірдегіне жармасып, буындырады. Мазақтайды. Сақылдап күледі нақұрыс. Бұл одан сайын өршеленіп, ентелей түсті. Етпеттей құлады, қайта тұрды. Осылайша қанша алысқаны белгісіз, қанша жер жүргені де беймәлім. Бір сәтте қолы қабырғаға тірелген, соны жағалап әлде үй, әлде қораға кірген.

 

                                  ***

Кеудедегі сырыл саябырсып, санасы сергігенде өз-өзіне келді. Көртопырақты құшақтап жатыр екен.

– Астапыралла!..

Атып тұрды. Күбірлеп дұға жасады. Зират іші кең. Бұл жалдап тұратын пәтер мынаның жанында тауық қорадай боп қалады. Ақырын шешініп, киімдерін сықты. Далаға шықты. Жаңбыр басылыпты. Буаз бұлттарды еңіске айдап салған өкпек жел есіп тұр екен, өңменінен өтіп барады. Көзі қараңғылыққа үйренген. Әлдекімнің ту сыртынан өзіне қадалып тұрғандай сезді. Жалт қарап еді, жүрегі су етіп, жалпасынан түсе жаздады.

– Үйіме баса көктеп кірген бұл қай тентек? – дегендей біреу қасқайып тұр. Біреу емес, мелшиген  тас мүсін. Мүсін болғанда да өлісі тұрмақ тірлігінде алдына баруға именетін, тек теледидардан көрген әйгілі жазушы. Ескерткішін айнытпай-ақ салған екен, әлденеге ашулыдай айналасына маңғаз қарайды.

 Жүресінен отырып тағы да құран оқыды.

      Зират маңайы сарытопырақ. Жауын суымен шыланып ми батпаққа айналған. Бұ кісінің қабірстандағы көршісі де осал емес. Белгілі ақын. Ал анау – инженер-ғалым. «Менің жанымда сен кім едің» дегендей тас мүсіндер бірімен-бірі бой таластырады. Ақырындап зираттарды аралай бастады. Мына екеуін көргенде мырс етіп күліп жібере жаздады да айылын жиып алды. Екеуі тірлігінде ойлады ма екен өлгенде қатар жатамыз деп… Жер басып жүргенде бір-біріне амандасу тұрмақ, бірі келе жатса екіншісі теріс айналатын қиқар шалдарға қатар төсек салып берген хақ-тағаланың құдыреті-ай деді ішінен.

     Іздеген адамын таба алар емес. Қап, сұрап алмай бағана біреулерден. Ешкімге айтпай тауға қаша жөнелгеніне өкінді. Ұялы телефонын қосып еді, тау арасында байланыс жоқ екен. Өшіріп, қайта жүрді. Осылайша түні бойы сандалды.  Ақыры әлгіндегі үйреншікті зиратқа айналып келді.

– Қонағым кешіктің ғой,– дегендей, тас мүсін жылышыраймен қарсы алды бұ жолы…

                      

                                       ***

 

Әбден қалжырап шаршапты. Зираттың қабырғасына сүйкеніп отыра кеткені сол еді, бірден көзі ілінген. Түс көрді. Дөңгелек үстелдің басында бір топ адам мәжіліс құрып отыр. Сөзі салмақты ақын-жазушы, қайраткер, саясаткерлердің көбі келіпті. Болат ағасы қақ ортада… Барып амандасайын деп еді, иін-тірескен көпшіліктен өте алмады. Әрі ол кісі ашулы тәрізді. Қолын сермеп-сермеп,  бірдеңелерді айтты да, жиналысты тастап шығып кетті. Бұл тұра сала артынан жүгірді. Бұрылып қарар емес.

– «Аға», – деп айқайласа сәл кідіргендей болады да, қайта жеткізбей жүріп кетеді.  «Ағалап» жатып оянып кетті. Бастырылып қалыпты. Талай жылдан бері жаратқан жолдас қылған көкжөтел «мені ұмытайын дедің бе?» дегендей қайта-қайта келіп, көмейін жыбырлатып тұр. Аунақшып жатып, көз іліндірді. Тағы түс көрді. Бұл жолы Болат ағасы атқа мініп алыпты. Қасында ақ сақалды үш қария бар. Үшеуінің астында тұрпаты бөлекше жаралған үш тұлпар. Түрлері таныс, құдай-ау, қайдан көрген адамдары бұлар?.. Аздап шырамытты. Астанада үшеуінің қатар отырған ескерткіші бар емес пе, дәу де болса солар деп топшылады. Үш қария Болат ағасының жол сілтеуімен тау бөктерлеп қалаға қарай түсіп келеді. Ақсақалдар бірде бас шұлғысып, разы болғандай кейіп танытады. Енді бірде керісінше сұрланып қалады. Ондай кездері Болат ағасы шыжбалақтап, бәйек қағады.

    Қалаға кіре берісте әлгі шалдардың аты кілт тоқтап, жүрмей қойды. Қараса қарсы алдында торайларын ерткен бес шошқа жайылып жүр. Қариялар қылқұйрықтарын борбайлағысы жоқ, маңғаз қалып танытады. Тек Болат ағасы қасқыр көргендей қалшылдаған тұлпардың әрқайсысын бір жетелеп, жүгіріп жүр. Жарықтық жануарлар аяғын басар емес, жат иісті сезгендей жатырқап тұр. Әлгінде ғана жайдарылық танытып келе жатқан шалдардың да бет-әлпеті әлем-тапырақ. Дырау қамшыларын қос бүктеп ұстаған күйі, қолын біресе шығысқа, біресе терістікке сілтеп, Болат ағасын кезек-кезек сөгіп жатыр. Дауыстарын ести алар емес. Бір кезде қариялар  келген ізімен желе-жортып Алатауды асып кетті.

     Сонда байқады, қыр басында жер қайысқан жауынгерлер тұр екен.  Есік пен төрдей атқа мінген біреу ойқастап шауып жүр. О, тоба, басы жоқ. Бассыз кеуде. Үстіндегі ақберен сауыты күнге шағылысады, қолындағы алдаспанын ары-бері бұлғап тыным табар емес. Ол ойқастап шапқан сайын, қалың әскер тау ішін жаңғырықтырып ұран салады.

– Алаш! Алаш! Алаш!..

– Абылай! Абылай!Абылай!. – деген дауысты анық естіді.

Бір кезде таудың батыс жағынан тағы бір басы жоқ батыр шауып шықты. Бірақ қолына қылыш емес, шоқпар секілді бірдемені жөргектегі баладай өңгеріп алған. Қалың топқа жақындағанда таныды, домбыра екен. Ұрандаған аламандардың алдына жете бере, домбырасын сабалап әлдебір азалы күйді тарта жөнелді. Оның күйі жауынгерлерді онан сайын рухтандырғандай… Қалың қол «Аттан!» деген ұран шықса, нені болсын жайпап өтуге дайын тұр. 

     Болат ағасы басы жоқ екеуге қарап, мелшиіп қатып қалыпты. Қамшылар жақтан қасына тақаған бұған жүзін де бұрмады. Екі көзге ерік беріп, жылап тұр. 

– Бабаларымыз ренжіп кетті бізге, – деді әлден соң.

– Олар кім? – деп сұрап үлгермеді. – Кел мінгес, – деп үзенгіден аяғын шығарып, ұсынды. Әппақ киім киіп алған ағасы жалаң аяқ екен. Астындағы торы ат тықыршып болар емес. Бұл екі рет ұмтылып еді, ауыздығымен алысқан жануар ұршықша үйіріліп жолатпады.

– Өй, сені атқа мінуге жарады ма? – десем, әлі бөскөтен екенсің ғой… Айтпақшы мені неге іздеп жүрсің? Одан да бар! Қызмет қыл! Біз істей алмаған шаруалар сендердің мойындарыңда!..

         Бұл жауап берместен, бұртиып төмен қарады.

– Ана қариялар неге қапалы білесің бе? Біз олардың аманатына қиянат жасадық. Ал сен, әлі атқа міне алмай, далбасалап жүрсің.

      Ұялғанда беті ду ете қалушы еді. Қызарған жүзін көрсетпейін деп одан сайын тұқшия түсті. Басын көтергенде Болат ағасының орнын сипап қалды. Ары-бері жүгіріп іздеді, таппады. Дауыстап шақырып еді, ешкім жауап қатпады. Жүгіріп жүріп шалынып жығылды. Оң қолы жарақат алған секілді. Шымырлап барады. Оянып кетті, оң жақ қапталы тұтастай ұйып қалған екен. Орнынан сергек тұрды.

 

                                ***

 

       Таң бозарып келе жатқанда далаға шықты. Түні бойы шарқ ұрып іздеген зират көптен оқшаулау жерде екен, тез тапты. Тумысынан қарапайым кісінің зираты да басқалардай зәулім емес, елеусіздеу көрінді. Болат ағасының осындай қарапайымдылығын, даралығын жақсы көретін. Құран оқып, бата жасады. Бастапқыда қаладан молаға қарай бет алғанда, ағасына бір алқаусыз ақтарылсам, іштегі шемен боп қатқан шерді тарқатсам деген ойынан айнып қалды. Түндегі түсінде сөйлескені жеткілікті секілді.

Бірақ үш қария қайдан келіп, қайда кетті? Басы жоқ кеуделер кімдікі? Олардың аманаты не? Бұл сұраққа жауап таба алар емес. Өз түсін өзі жоруға болмайды деуші еді. Тез арада үйіне жетіп, көрші тұратын ақынды тауып алу керек. Аздап қырсықтығы, «ынжықсың» деп мұны сөзбен қажайтыны болмаса, бұл өңірде одан жақын ешкімі жоқ.   Ол қабірстаннан қалаға қарай бет алды. Ойында түндегі түсінен қалған зілбатпан міндет болғанмен бойында бір жеңілдік сезіледі. Ентіксе де екпінді үдетіп, ылдилап келеді. Шығыстан атқан күн бүгін ерекше нұр сеуіп тұр. Кеше ғана тұманға тұншыққан алып шаһарды аялап, сәулесін аямай төгеді.

– Біздің  де күніміз туар, – деді ішінен. – Оған шығар күндей сенемін, – деп айқайлады. Даусынан тау іші жаңғырып барып басылды. Осыны күтіп тұрғандай құстар шықылықтап үн қосып, өзен-бұлақтар сықылықтай күліп, сылдырай ақты. 

     …Тап осы мезетте талай жылдан бері тірілерге лағнет айтып, өлексе аңдыған кәрі құзғын да жантәсілім еткен еді.       

                                           

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

5 / 5. Дауыс саны: 2

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған