Айналамды басқандай қараңғылық,
Еш пенде жоқ қарайтын маған күліп.
Жаратқандай көзіме көрінеді,
Тіршіліктің барлығын сараң қылып.
Беті қайтып пендеден періштем жүр,
Көрсетсе де тірлікке табандылық.
Ойым ойран, денем сал, миым батпан,
Тірлігімді немене қиындатқан.
Тек күдік тұр, күйзеліп, күңіреніп,
Көкпен жердің көңілсіз күйін қаққан.
Сыр білдірмей келемін кеуде керіп,
Кедергіге қарамай құйындатқан.
Арманымда арымнан тоналғандай,
Үмітім жоқ, кеудемнен жоғалғандай.
Есі ауысқан екпінсіз бұл тірліктен,
Кім біледі күні ертең болам қандай.
Сайқы мазақ санамнан заман көшер,
Құбылмалы құлқынсыз қоғамдардай.
Беретіндей айналам уын келіп,
Түсіп кеткен білмедім құным не ғып?
Адалдығым адасып айқайлайды,
Сайтанның сарайында туын керіп.
Жақсылықты жамандық сүйіп жатыр,
Майысқан махаббаттың гүлін беріп.
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
0 / 5. Дауыс саны: 0