Әлде жиі түсіме кіргендіктен,
Бәлкім қасиетіңді білгендіктен.
Анамның қолынан дәм татқандар мен,
Әкем көзiн көргендер жүргендіктен…
Ауыл десе әйтеуір, көңiл бөлек,
Аунап жатқым келеді төрінде көп.
Өйткені әкем айтып отыратын,
Шет жүрсең де жеріңнен жерінбе деп.
Ауылымнан кетсем де қанша қия,
Есімнен шыққан емес дархан ұя.
Содан ба маған сонша қызық емес,
Ел барғыш Әбу-Даби, Анталия.
Бәрібір мауқымды олар баса алмайды,
Көңiлiмнің сарайын аша алмайды.
Дубайда көк тiреген ғимараттар,
Менiң Хантәңірімнен аса алмайды.
Туған жер ақ сүт берген анамдай-ды,
Сондықтан сағынамын, алаңдаймын.
Тай мініп балалығым өткен жерді,
Тайланға айырбастап ала алмаймын.
Біреулер шетелді аңсап отырады,
Маған қымбат тауымның шоқылары.
Біреуге құмда күю арман болса,
Маған ыстық туған жер топырағы.
Санамды баспаса да ауыр қайғы,
Көрмесем сағынышым қалыңдайды.
Ерекше шабыттанып, есіп кетем,
Бір әңгіме қозғалса ауыл жайлы!
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
0 / 5. Дауыс саны: 0