Хафиз жүрек

Қайран хафиз-жүрегім жыр селдеткен,
Несібеңді тата ғой сыр шөлмектен.
Ар шыңғыртқан ақпанның құшағынан,
Лайсаңдатып қашады кіршең көктем.

Ақпан-тағдыр аяусыз бүрсеңдеткен,
Күн көзіне қараймын күлсем деп мен.
Жан шыңғырған жолайрық бұл мезгілде,
Шайқалардай шараға бір сең жеткен.

Уа, не дейсің манатсыз кіршең көктем?
Жалқы нұрға жаныңды күн шөлдеткен.
Жылуы жоқ ақпан һәм тоқпан қоғам,
Құлдық ұр деп қинап жүр, құлша еңбектеп…

Қайран хафиз-жүрегім жыр селдеткен,
Бал мен уды көп татқан бір шөлмектен.
Дүние сырын келемін білсем деп кең,
Қу арман ба басымды құр сенделткен?

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған