Шерағаның қызыл шекпені. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ                                                                                 

Әр адам өз маңдайына жазылған тағдыр-талайымен ғұмыр кешсе керек. Кейде сол тағдыр-талайлы өміріңе үлкен өзгеріс     әкеліп, қамқорлық көрсететін жандардың  кездесуі – Алла Тағаланың сыйы ма дерсің. Менің  тағдырымда сондай өзгеріс, бетбұрыс жасап, өмірімде ойып алатын орны бар ғазиз жан –   қазақтың Шерағасы. «…  Мен осы тағдырым үшін біреуге қарыздар болсам, осы үш кісіге – әкем Оңғарсын, анам Халима және Шерхан ағама   қарыздармын» деп өз естелігінде жазған қазақтың алдаспан ақын қызы Фариза Оңғарсынова айтпақшы, менің де ата-анамнан кейінгі қарыздар адамым – намыстан жаралған жолбарыс жүрек, тау тұлға – Шерағаң.        

… Шерағаң 1989 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне  бас редактор болып қызметке келгенде мен стенографистка едім.   Сырттай журналистика факультетін бітіріп алғанмын.   Ол кезде еліміз егемендігін жарияламаған, тәуелсіздігімізді  алмаған   қиын уақыт.   Шерағаң қызметке кіріскен соң  қазақ журналистикасының қара нары атанған Ерағаңды, Ержұман Смайылды өзіне  орынбасарлыққа шақырғанда: «Газетіміз артық жүгі көп керуен секілді, өзгерістерге ілесе алмауда. Оқырмандарды өзімізге тарту үшін, халықтық газет болу үшін желіскей аттардың жүрісі керек. Сен өзі қой баққан екенсің, желісі шапқан атқа жеткізбейтін жүйріктер болады. Бізге де сондай желіс керек» деген ғой.

Сөйтіп,  қызметкерлерін тың тақырыптар, күйіп тұрған проблемалар жазуға үндеп, «тірі дүниелер» әкеліңдер деп отыратын  еді,    жарықтық, редакторлардың редакторы  атанған Шерағамыз.   Көп ұзамай-ақ газет басқа реңк ала бастады. «СҚ-ның» сірескен сеңін бұзып: «Сендер жазуын жазып, айтуын айтсаңдар, баспасам маған серт» деп, жоғары жаққа жалтақтамай, үлкен үймен ақылдаспай небір өткір проблемалық мақала,   фельетондарды   басып, Орталық Комитетке  шақырса өзі барып, мақаланы да, авторды қорғап  шығатын.

Бірде газетте бас редактордың орынбасары, белгілі қаламгер   Сабыржан Шүкірдің   атақты «Кіші октябрь»   деген сын мақаласы жарық көрді. Онда Шелек ауданы Сарыбұлақ ауданының директоры  заңсыз қызметінен алынғандығы жөнінде айтылып,  автор өз кейіпкерін ақтап шығады.  Мақала  Орталық Комитетте қаралып, совхоз директоры қайта қызметіне  кіріседі. Міне, сол совхоз басшысы «СҚ»-ға рахметі ретінде бүкіл ұжымды ауылға шақырып, оқырмандармен кездесу ұйымдастырып, артынша  өзеннің үстіне тақтай төсетіп, үлкен дастархан жайып, күтті. Кездесуге тек шығармашылық топ  бармақ.   Сабыржан ағай маған келіп: «Қарақыз, кездесуге сен де жүр. Шерағаңа әлі үйренісе алмай жатырмыз. Ұжым алғаш рет Шерағаңмен кездесуге бара жатыр. Оқырмандарға домбырамен ән салып берсең», – деп қолқа салды. Өзім де үшінші перзентімді дүниеге әкеліп, декреттік демалыстан жаңа шығып, ұжымды сағынып келген кезім, келісе кеттім.

Біздер техникалық қызметкер болғандықтан редакцияда ол кісіні көре бермейміз. Бұл жолы Шерағаңды екінші рет көруім. Алғаш рет 1986 жылы «Қазақ әдебиеті» газетін басқарып отырғанда, сол кезде де атынан ат үркетіндей, сұсты көзқарасы  мысыңды басатын Шерағаңа имене кіріп, «оқып көрерсіз, жарамаса өкпе жоқ» деп «Әйел жаны» деген әңгімемді  апарғанмын. Әңгіме ұнаған болуы керек, бір аптадан кейін газетке шығып тұр. Шыққанына қуанайын. Бірақ рахмет айтып не бармаппын, не телефон соқпаппын.

Содан отырыс басталды.Тым-тырыс. Төрде Шерағаңмен Шелек аудандық атқару комитетінің төрағасы отыр.  Анда-санда ғана Шерағаң фото тілші Сиез Бәсібеков ағайды «Бұл Сырым Датұлының ұрпағы…» деп сөзге тартып    қояды. Әншейінде отырыстарда әзіл-қалжынның майын тамызатын  ағайлар момақан.  Әнші Нұрлан Өнербаев арасында ән салып қояды. Содан бір кезде ауаткомның төрағасының алдына ыстық шай құйылып кеткені бар ма.   Төраға өте ыңғайсыз жағдайда.  Ешкім ләм-мим демейді.

Мен өзі  мінезім ашық, әзіл-қалжың жаныма жақын болғандықтан, ешкімді жатырқамай еркіндеу сөйлейтінім бар. Кейде осы мінезімнің пайдасы болса, кейде артық кетіп қалдым ба деп өзімді жек көретін   кездерім де жоқ емес.    Дастархан басында  өлі тыныштық. Мына үнсіздікке шыдамай, не болса ол болсын  дедім де: «Ау, төраға, күйіп қалған жоқ па? Аман ба? Болмаса ертең «СҚ»-ны айыптап жүрерсіз», – дегенім сол екен, әзер тығылып отырған жұрт ду күлсін. Шерағаңның  еркелей күлетін   күлкісі бар екен, тоқтамай күліп жатыр.  Содан  әңгімені іліп алып, аттың басын жіберейін. Бір кезде Шерағаң: «Волчица! Мына бала   қасқыр ғой» деп асқан ризалықпен  сұқ саусағымен  мені нұсқады. Одан әрі еркінсіп, арасында домбырамен де, гитарамен де ән салып қоямын. Отырыс қызып, емен-жарқын әңгіме кетті. Шерағаң татарша  ән  айтып, бір есте қаларлықтай  әдемі кеш  болды.

Қайтатын уақыт та жетті. Шерағаң өзінің «Волга» көлігімен, біздер автобуспен келгенбіз. Кетуге ыңғайланып жатсақ,   мені Шерағаң шақырады  дегені. Барсам жігіттер қаумалап тұр екен. «Кел қызым, бүгін  сізге  өте риза болдым. Соның рахметіне мына көлікке сіз мініңіз, Нұрлан келіншегімен үшеуіңіз отырыңыздар. Мен автобуспен-ақ барамын» деп тұр.   Әрине, күтпеген тосын ұсыныс, қатты састым. «Жо-жоқ, Шераға, о  не дегеніңіз, көп рахмет!» деп  жүгіріп автобусқа кеттім.

Жолға шықтық. Гу-гу әңгіме. Көңілдіміз. Жолға сарқыт алғанбыз. Арамызда сол ауданның қызы, тілші Сәуле Ілімтонова: «Жігіттер, осы күре жолдың бойында Бүркіттің  ескерткіші  қойылған  суағарға   тоқтап, бір демалып алсақ» деген. Межелі жерге жетіп, жігіттер сарқытқа бас қойғанда, су алуға алаңқайға шықсам, анадай жерде Шерағаңның көлігі тұр. Есікті айқара ашып тастап, біз жаққа қарап отыр. Ыңғайсызданғаннан қолымдағы ыдысымды да  қоймастан көлікке жақындап келдім де,  сасқалақтап: «Шераға, жүріңіз бізбен бірге сарқыт ішіңіз» деппін ғой.   Осы сөзді   өзі де  күтіп тұрғандай, көліктен ақырын шығып, автобусқа беттеді. Кірген бойда: «Итеңдеп мына автобустың артынан әлі келеміз, әлі келеміз. Біреуіңнің «кел батырларың» жоқ, мына қызымыз болмаса…» деп базынасын айтты да, жүргізушісіне «шапанды әкелші» деді. Жүргізуші жүгіріп барып әкеле қойды.  Сосын  жайлап: «Ал жігіттер,   бүгінгі   кездесу де, отырыс та жақсы өтті. Баяғыда  Нарынқолдан бір топ жазушылар келе жатып, осы Бүркіттің басында Ғабең – Ғабит Мүсірепов үлкен шарадан киіп келе жатқан шапанын, «осы қара балаға кигізсем»   деп,   иығыма  жапқан   еді. Бүгін мен сол дәстүрді жалғастырып, шапанымды  қарақызға жапсам деймін. Айтыңдаршы, бүгін  осы қызымыз  отырысты гүлдендіріп жіберді емес пе.   «Қазақ әдебиетінде» жүргенде   әңгімесін басқан едім, енді есіме түсіп тұр. Амандық болса әлі талай шапан кие жатарсыңдар…» деп иығыма қызыл шапанын жапты. Бүгінде осы тарихи сәтке куәлердің дені бақилық. Қазір арамызда жүрген белгілі ақын Аян Нысаналы ағамызды,  белгілі қаламгер, Шерағаңның сүйікті шәкірттерінің бірі Әмірхан Меңдеке бауырымызды куәлікке тарта аламын.

Содан Шерағамыз кетті. Қызыл шапанды киген менде ес жоқ. Үйге аяғым жерге тимей, ұшып келемін. Қуанышымды жұбайыма  айтып  жеткізе алар емеспін. Есіме, Шераға әңгімемді   жариялаған кезде    рахмет айта алмағаным түсіп,  енді мынандай сый-құрметке неге ықыласымды білдірмеске деп, түнімен ойланайын. Ертесіне   рахметімді   айтқан  парағымды  алып,  желкілдеп  кабинетіне кіре қоймаймын ба. Кірсем, кешегі   Шерағаң жоқ. Түксиіп алған, маған ала көзімен қарайтын сияқты.  Ол кісіде де  үн жоқ, менде де үн жоқ. Қағазды үстелге тастай салып кетейін десем, аяғым  жүрер емес. Әйтеуір бір кезде үстелге жеттім де: «Шераға, Сізге көп рахмет!» деген сөзді әзер айттым да, қағазды тастап есіктен қалай шыққанымды  білмеймін.  Содан екі ай бойы «Неге бардым? Шераға мен туралы жеңілтек деп ойлап қалды-ау…» деп  ішқұса болып жүрдім. Тіпті көзіне көрінбеуге тырыстым.

Көп ұзамай Шерағаң өзі жақсы көретін, ақ мылтық жауынгер журналист  Қайнар Олжайды шақырып: «Осында істейтін ана Гүлзейнептің  әйел туралы жазған жақсы бір әңгімесін  білемін. Сол балаға әйел тақырыбына қатысты тапсырма беріп көрші» деген ғой.   Өзім үшінші перзентімді ауыр босанып, перзентханадағы сорақы жағдайды басымнан өткізіп, жұмысқа  жаңа ғана шыққан кезім. Сөйтіп, «Перзентхана пердесі… талай сырды бүркеп тұр…» деген газеттің үш номеріне сериялы мақалам басылды. Шерағаң сосын Қайнарға: «Енді шопан әйелінің проблемасын көтеріп көрсінші» деп сәлем айтыпты. Ауылда өскен, әрі  қойшының келіні болғандықтан,  шопан әйелінің бейнетін  жақсы білемін,    «Айдала ақ отау…», сосын көп балалы  аналар туралы «Аты ғана ардақты ма?» деген көлемді проблемалық мақалаларым жарық көрді. Енді тағы бір тапсырма бергісі келіп шақырғанда Қайнар: «Шераға, қызықсыз, ол кісі техникалық қызметкер, тапсырма беруге құқымыз жоқ, одан да хат бөліміне тілші етіп алып, жұмсай берейік те» дейді.  «Е, мұның жөн екен» деп, Шерағаң мені әбден сынап,  өз елегінен өткізіп, жарау аттай дайындап барып,   әдеби қызметкерлікке ауыстырды.

Бір ғана әңгімеме бола мені байқап,   бағалап, менің  шығармашылық ортада жүруіме бірден бір себепкер болған Шерағаңды ешқашан естен шығарған емеспін. Қашанда хабарласып, қарым-қатынаста болдық. Әсіресе Алматыға қоныс аударған өмірінің соңғы жылдары  жиі барып, өткен-кеткенді айтып көңілін аулауға тырыстым. Менің әзіл-қалжыңдарыма риза болғанда қол соғатын. Бірде маған: «Сен, кім екеніңді білесің бе?» деп даусын кенеп гүжілдегенде қызы Алма екеуіміз ыңғайсыз әңгіме айтып қала ма деп, бір-бірімізге қарадық. Біраз тұрды да: «Сен дәрі қызсың» дегені. Оған екеуіміз күлейік.   Алмамен Шерағаңның 85 жылдық мерей жасына дастархан жасап, елден келген жамбылдық жерлестерін,  Жазушылар одағынан келген қаламдастарын күткенде де ризашылығын білдірген еді.

«Уақыт – ірі көзді елек, оның елегінде ересендер ғана қалады» деген Шерағаң,  бүгінде өзі сол ересендер қатарында ойып тұрып орын алады. Ұлт рухының жаршысы болған Шерағаң қалыпқа сыймай, өзіне тән ұлылықпен өмір сүрді. Оны   қазақтың абызы, белді жазушы  Әбдімәжіл Нұрпейісов те растап, мойындады.  «Елдің тағдыры жазушының намысына байлаулы болатынын Шерхан Мұртаза көрсетті. Соңғы демі таусылғанша күресті» деген еді. Ендеше Шерағаның мәңгілік мекені – халқының жүрегінде екендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас,

Ал, мен қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінде     тапжылмай   45 жыл еңбек етіп, жарты ғасырға жуық шежіресіне тікелей куә болдым. Мұның өзі  әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін бақ деп білемін.  Қазақ руханиятының тарланы, алаштың асқақ азаматы, қаламгерлікті де, қайраткерлікті де, күрескерлікті де қатар алып жүрген Шерағаңның шекпенінен шыққандар қатарынан болғанымды ардақ тұтып,  мақтанамын.

Биыл әр жылдары жазған әңгімелер жинағымды дайындау барысында да Шерағаң есіме түсе берді. Оған алғаш «Әйел жаны» әңгімемді апарған сәтім, Шелектегі сапар, сонан берідегі көптеген оқиғалар көз алдымда тізбектеліп өтті. Шығармашылық қуатымның басым  бөлігін журналистикаға арнасам да, бір кітаптық әңгімелер жазғанымның өзі сол бір асыл жанның сенімі, демеуі шығар кім білсін.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

2.3 / 5. Дауыс саны: 4

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған