Жанжұмақ

«Я — никто. Просто светлый силуэт…»
П. Модиано

Мұнартқан мұңдарыма мәңгі медет —
Сағыныш!.. — билеп алса жанды кенет,
Ақшамда ақтарылып айтатұғын,
Ақтөбе екеумізде әңгіме көп.

Сәнді үйлер:  бірі — аласа, бірі — сұңғақ,
Тұрса да көліктері тынышыңды ап
Баурайды бір сиқыры бұл қаланың —
Сұлудың күлкісіндей күміс ырғақ.
 
Сап түзеп салтанатты бағаналар,
Бейуақта жарқ-жұрқ етіп жанады олар.
Ақтөбе, бәрі осының бір күндері
Елес боп екеумізден қала барар…
 
Бейуақта жарқыраса көше нұрлы,
Елемей қандай қызық кешерімді
Сырымды айтсам деп ем саған ғана
Сыртынан қарап тұрып осы өмірді.
 
Білтелі үмітім боп ең бағалы,
Өзіңе жетелейді жолдар әлі.
Ақтөбе, жанға ашпаған жұмбағымдай
Мендегі мұнтаз мұңның сенде бәрі!..
 
Қанша рет қапы бастым, жаңылыстым,
Дертім боп келеді әлі дәруіш-мұң.
Есіңде қалам бірақ бәрібір мен,
Сенделген сұлбасы боп Сағыныштың.
 
Ақтөбе, сен білетін жырым да осы,
Ақтөбе, саған мәлім сырым да осы..
Осылай ақтарылып келіп тұрам,
Мәңгіге тоқтағанша ғұмыр көші!..
   

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

5 / 5. Дауыс саны: 1

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған