Студенттік шақтың әр күні – тәтті, әр сәті – қызық. Кей кездері оқытушының жоқтығына байланысты, болмаса лекция мен практиканың арасындағы ұзақ үзілістер болғанда бәріміз жиналып, әр нәрсені айтып, барлық тақырыпты қамтып шығуға тырысамыз. Бірде сондай үзілісте топтасымыз Айбек қолына ұстап отырған Әзілхан ақсақалдың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабын қайталап оқып жатқанын, қайыра көз тастағанында бұрынғысынан өзгеше әсер алып, ерекше шабыт сыйлағанын айтты. Ондағы Ербол мен Меңтай махаббаты сөз болып, қым-қуыт бұралаң жолды, қиын сәттерді өткере отырып қосылғанда, қуаныштың таңы енді атады дегенде сүйген жардың өмірі ерте аяқталған тұста бәріміздің ет жүрегізім езіле қабылдап, бір күрсініп аламыз. Жиналғандар сан қилы пікір айтаып, жан-жақты талқылаймыз. У-шу болып аудитория ішін өзара пікірталас алаңына да айналдырамыз. Сөзден сөз шығып, ойдан ой туған сәтте арамыздағы топбасшымыз Назгүл әркімнің әңгімесін, қызбалығын тыйып:
– Қызық болсын, бәріміз алғашқы махаббатымыз туралы бүкпесіз әңгімелейік. Ұсыныс тастағаннан кейін бірінші болып өзім айтайын,– деді де қызықты әңгімелер легін «Мен оныншыны оқып жүргенімде…» деп бастап кетті. Алғашқы махаббат – аяулы сезімнің бастауы, ұлы мұраттың алғышарты. Ойым болса аудиториядан алыстап, алғашқы махаббаттың қызықтарын еске түсірумен, ал түсіргендерімді мейірлене қабылдаумен болды. Сан ойдың шырмауында, айтып жатқандарға көңіл аудармай отырғанымда кезек маған да келіпті.
– Ау, Сәбит –, деп Назгүл алдымда қолын бұлғап тұр. Өзге әлемнен келгенімді түсінген топбасшымыз:
– Аудиторияда отырған бәріміз алғашқы махаббатымыз туралы айттық, көбісінікі жауапсыз екен, сен қалдың. Айтарың бар ма?,– деп нақтылады.
– Сәкеңдікі де жауапсыз, бірақ қызық,– деп орнымнан тұрдым.
Әдетте үнсіз, томаға тұйық жүретін менің әңгімеге араласқаныма бәрі де таңғалып, тыңдауға ықыласты болды.
Алыс ауыл. Таулы аймақ. Қаладағыдай жүйіткіп тұрған интернет жоқ. Ұялы байланыстың өзі ол кезде ауылға келмеген. Кішкене сандықша тәрізді телефонның әр санын бұрау арқылы ұнатқан қызыңның үйіндегі ортақ телефонға хабарласасың. Әке-шешесі, аға-әпкесі тұтқаны көтерсе қателесіп кеткен адамдай лезде қоя саласың. Сондықтан ол телефон арқылы сезім білдіріп, көңіліңді айту - алғашқы махаббатын өткеріп жатқан біз сияқты көкқанаттар үшін тиімсіз. Бойыма қызға деген алғаш сезім пайда болып, махаббат оянғанда сегізінші сыныпты тәмамдап, тоғызыншыға аяқ басқан едім. Бойыңды билеген тылысымның әсерінен айнаға жиі қарап, шашты қайта-қайта тарап, етек-жеңді реттеп, өзіңді жігіт сезініп, ақсүйектерше айналаңа маңғаздана қарайсың. Иә, махаббат тазалықты, адалдықты, сыйластықты, кіршіксіз сезімді талап етеді. Ал кез келген алғашқы махаббаттан шынайы табылатын да осылар.
– Өй, махаббатқа түс,– деп сөзді, ойды бұзып, байыппен әңгімені бастап келе жатқан сөзімді бөліп, шыдамсызданған Айбек.
– Мен ұнатқан қыз менен бір сынып жоғары оқыды,– деп қайта жалғап алып кеткенімде әлгі Айбек:
– Әп, бәрекелді!,– деп оң шынтағын партаға шығарып, қолымен иегін сүйей, қызықты тыңдауға енді жайланды. Керегі де сол еді.
«Ол қыз – оқу озаты, ибалы, сыпайы, кішіпейіл, әйтеу адамзаттың бар асыл қасиетін бір бойына жианаған жан. Сегізіншіні оқып жүргенімде-ақ сырттай сүйсініп, ұнаттым. Әр қылығы өзіне елітті. Ұнатқанымды білетін сыныптастарым, достарымның айтуымен тоғызыншы сыныптың күзінде бірінші рет қызға хат жазып, өз сезімімді білдірдім. Сабақ арасындағы үзілісті пайдаланып оныншы сыныпта, соның класында оқитын ағамдай сыйлаған, сырлас досым Заңғардың қолына ұстатып, Жанеркеге беруін өтіндім. Дәптер ортасынан жұлып алынған қос бетті шамамен толтырдым. Ішіне «сенсіз өмір бұлыңғыр; ішкен-жегенім сен болмасаң сіңбейді; өзің дегенде күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмыттым; егер де сен болсаң, бәрі де оңалар еді» деген сарында ұзын-сонар сөйлем жазып, астына сезімді айрықша паш ететін өлең шығарып қойдым.Үш қабатты мектептің үшінші этажынан төмен түсуге арналған тұста Заңғар әлгі хатты Жанеркеге ұстатты. Мен келесі шығатын жақта ұрыстағы тыңшыдай, әр адымды есеппен басып, ұрыдай сығалап қарап, құлағымды түріп тұрмын. Алды. Оқыды. Болғаннан кейін төрт жерінен жыртып, жанындағы қоқыс жәшігіне тастай салды» дегенім сол еді, аудиториядағы тыныштықты тағы Айбек бұзды. Ішек-сілесі қатып, бар дауысымен күлді. Ал сол кезде Жанерке хатымды ұсақтай жыртып тастағанда, оны көрген сыныптасым Жасұлан дәл осылай аузы ашылып тұрып, хан сарайындай мектепті басына көшіре күліп еді. Сол еске түсті.
Алғашқы хаттың жауабы осылай болды. «Болды, бітті» деп тоқтаған мен жоқ. Керсінше еселей түстім. Заңғар арадағы байланыс. Үш-төрт күнде бір хат жазамын. Әр жазғанда кеңінен көсіле, шешіле жазып, алдыңғы жазғаныма мүлде ұқсатпаймын. Тек хат соңындағы қолым ғана өзгеріссіз. Күздің бірінші айы өтіп, екіншісі де сырғып барады. Шамамен бес-алты хат жаздым. Барлығы жауапсыз және бәрі ұсақталған күйі қоқыс жәшігінде жатыр. Хатты беру өз алдына, қызды жиі көру үшін де қулыққа көштім. Жанеркенің көшесімен мен тұратын көшенің ортасын ауылдағы үлкен әрі жалғыз саябақ бөліп тұр. Саябақ ішінен Жанеркенің үйін анық көруге болады. Екеуміз де таңертеңгісін оқимыз. Ерте тұрып, киініп, тоғай ішінде Жанкеркенің үйінен шыққанын күтемін. Сұлбасы көрінген сәтте мен де мына жақтан түк білмегендей мектепке қарай бет аламын. Мектептің кіре бересінде жолымыз түйіседі. Ол қыз сол кезде «кездейсоқтық» деп те ойлаған шығар. Жолыққан сәтте амандасып, күннің сәтті өтуіне, жақсылықтарға толы болуын тілеймін. Арыға бара алмаймын. Әдетте үйден шығар кезде айна алдында батырсынып, бетіне барып «мен сені жақсы көремін, жауапты тезірек берсеңші» деп айтып тастауға оқталып-ақ шығамын, бірақ көрген сәтте ойдағы сөз көмейден ары шықпайды. Махаббат – жүрек арқылы ойды да ойрандайды. Осы арада Айбек тағы сөзге араласты:
– Жалпы қыздар қауымы бүгінімен болашағын болжай білетін және оны алдын-ала қорыта алатын сақ, пысық адамдар ғой. Ол қыз білсе де, көрсе де менсінбеуін,– деді.
Мән бермегендей әңгімемді жалғастыра бердім. Хат жазуды бір сәтке де доғармадым. Қайта-қайта Заңғарға өтінуге ұялдым, өзім беруге жасқандым, басқадан жолдауға қызғандым. Сол сәтте аудитория ішінен Айбектің «Пәлі!» деген дауысы шықты. Ал хатты берудің тың амалын таптым. Анам жоғары сыныптың оқушыларына сабақ берді. Жанерке де белгілі бір пәнді анамнан оқыды. Анам тексеруге жинап алған дәптерлерді қарап, бағасын қойғаннан кейін Жанкеркенің дәптерін тауып, арасына жазғанымды салып жіберемін де көп дәптердің ортасына тыға саламын. Ал хатты дәптерінің арасынан тауып алғандағы оның көңіл-күйі қалай болды десеңші?!.. Сол әдіспен екі-үш хат бердім.
Жалпы тоғызыншыны оқып жүргенде сыныптағы ұлдар жапа-тармағай қыздарға хат жаза бастадық. Өзің ынталы болмаған, көңіл соқпаған сабақта соңғы партаға жайғасып алып, ақ параққа көк сиямен көсілеміз. Менің досым Жанкеркенің құрбысына, ал күлгенде кең дүние сілкініп сала беретін Жасұлан мен ұнатқан қыздың сіңілісіне хат жазды.
– Бәріңнің махаббаттарың бір сәтте оянған екен, ә?,– деп тағы жол ортадан Айбек килікті. Әр оқиғаға пікір айту – оның негізгі міндеті. Ал қалғандарының екі көзі менде, «айта бер» дегендей қарап отыр.
Жасұлан досым қиылып өтінгеннен кейін оның хатын Жанеркенің сіңілісіне тасып жүрдім. Жасұлан да мен ойлағаннан көп жазады екен. Төрт-бес мәрте апарып бердім. Осы Жасұлан дегеннен шығады, біз бесінші сыныпта бастауышты қимай жүргенде, дәл осы желөкпе қыздарға хат жазып жүретін. Ал жауап бергендерін кешкісін үйіне дейін жеткізіп тастап, қолындағы сумкасын көтерісетін. Ал біз осы сезімді тек тоғызыншы сыныпта сезініп жүрміз. Шыны керек, Жасұланның жазған әр хатын апарып беріп жүргеніммен «осы не жазыпты?» деп ашып қараған емеспін. «Аманатқа қиянат жасамауды» кеуде тұсқа берік орнатқанмын. Жанеркенің сіңілісі әпкесінен қарағанда тез екен, әлде Жасұлан жылдам ба, әйтеу қыз жауап беретін болды. Оны естіген Жәкең «үстемелеп мына хатты берші, содан болды екеуміз бажа боламыз» деді де жазғанын ұстатып жіберді. Оны сол кезде алып тұрған қыз да, оны жазған Жәкең де разы. Сабақ арасындағы үзілісте Жанеркенің сіңілісі арнайы Жасұланды іздеп келді. Бәріміз «міне, жауап береді» деп күтіп тұрғанымызда, бозбаланың жазған хатын жыртып, бетіне лақтырды. Түк түсінбедік. Кеше ғана қайырылған, жылы қабақ танытқан жан еді. Жасұлан болса жалма-жан парта үстінде жатқан сумкасын ақтара жөнелді де мен апарып беріп жүрген хаттарға ұқсаас бүктелген үшеуін шығарды. Бірден маған «Сәбит, хатты оқып барып беруің керек еді» деді. Сөйтсем Жәкең сыныптағы озат оқитын қызға да арнап хат жазыпты. Онысын шатастырып маған берген, мен оқымастан апарып қолына ұстатқанмын. Мен болсам сол кезде ұяттан өртеніп кете жаздадым. Одан кейін ешкімнің хатын тасымайтын болдым. Айтпақшы, осы Жасұлан күз басталғанда алгебрадан бастаған, сыртында танымал футболшы Зинедин Зиданның суреті бар 46 беттік қалың дәптері, екінші тоқсан аяқталмай-ақ ортасынан қос беттен жұла бергеннен 28 беттік жұқалтаң дәптерге айналып шыға келді.
Екінші тоқсан да шегіне жетіп қалды. Осы тұста барлық бала атаулының асыға күтетін, оқушыларды бір серпілтіп тастайтын жаңа жылдық шырша ұйымдастырылды. 8-11 сынып оқушылары мектептің АКТ залында бірлесіп жасайды. Бұл махаббат желігінің жетегінде, сезімнің ыстығына күйіп жүргендерге үшін жақсы сәт. Мен де өз мүмкіндігімді жіберген жоқпын. Бәрі даңғыр-дұңғыр музыкаға билеп жүргенде әркімді бір шолып қарап отырған мен, ойнақы әуен сап тыйылып, баяу, сазды вальс билеуге лайықталған ән басталғанда Жанеркеге барып, биге шақырып, қолымды ұсындым. Қабыл алды. Өмірімде тұңғыш рет вальс биледім. Бір қолым нәзік қолында болса, екінші қолым қыпша белінде, ал ойым – көкте. Бақайшығымнан басымның ең жоғарғы нүктесіне дейін бір тылсым жылдамдықпен жүріп өтті. Сол сәтте бойда болған әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Билеп жүргенде «хаттарыма неге жауап бермейсің?» деп сұрадым. Ол болса тек жымиды да басын шайқады. Мен үшін сол жыл осындай ғажап оқиғамен аяқталды. Оның жымиғандағы сәті, көзінің нұры, жылы жүзі әлі күнге дейін жүректің түкпірінде.
Жанеркемен ашылып сөйлеспек те көргенде сәлеміміз түзу. Жазылған хаттардың біреуіне жауап бермеді. Дәптердің ортасынан қос бетті жұлған сайын соларды және жазып отырған қаламның сиясын аяп-ақ кетемін. Сондықтан да болар хатты бұрынғыдай бұрқыратып жиі емес, сирек жазатын болдым…
Наурыз айы. Қыз-келіншектердің халықаралық мерекесі. Осыған орай көктемнің алғашқы күндерінің бірінде мектепаралық «Қыз сыны» байқауы өтті. Әр сыныптан қатысқан қыздардың ішінде 10 «А» сыныбынан Жанерке де болды. Осыған дейінгі мен көрген, білген Жанерке бұйығы тірлік кешіп, оқуды жолға қойған, үй шаруасында епті, сахна атаулыға шыға бермейтін қыз еді. Сол жолы өнерімен де, білімімен де, шеберлігімен де байқауда әділдікті ту еткен қазылар алқасын да, жиналғандарды да таңғалдырды. Тіпті хат жазып, сезімін үйіп-төгіп жүрген менің өзім Жанеркені басқа қырынан таныдым. Саханаға шыққанында сана сезім түгелдей жанашыр болып, қобалжып «әр сөзінен мүдірмесе, әр ісінен жаңылмаса» екен деп тілейді. Кей сәтте кеуде тұстағы бір уыс ет атой салып сахнаға өзі шығып кетуге дайын. Жанерке болса байқаудың әр кезеңі сайын түрленіп, қарқын үстіне қарқын қосты. Сол кештің жарық жұлдызы өзі болды. Жеңіске жетті. Оған ешкімнің таласы болған жоқ. Соңында көп арасынан құттықтап «өзіне әркез тілекші» екенімді айттым. Бірде еңбекке баулу сабағы көп кіре бермейтін, мектептегі кішкене ғана жастар ұйымына арналған кабинетте өтетін болды. Ал кабинеттің арты толған білім ұясының әр кезеңінен сыр шертетін суреттер мен осыған дейін өткен іс-шара, байқаулардың фотолары жинақталған буклеттер, оқушылардың қолынан шыққан түрлі шағын бұйымдар қойылған. Жасұлан екеуміз әрқайысысын қызықтап үңіліп қарап «мынаны қара», «ананы көрсеңщі» деп жүрміз. Сол сәтте көзіме оттай басылған буклет болды. Жасұлан «алып кет» деген ұсыныс айтты. Мен де қарсы болмадым. Ұстаздың тысқа шығып кеткенін, балалардың у-шын пайдаланып сумкамды ашып тұрдым, Жасұлан ақырын ғана салып жіберді. Ал жанындағы буклеттерді созып-созып ашық қалған орынды жауып қойдық. Ол буклет Жанеркенің «Қыз сыны» байқауында «Таныстыру» бөлімінде өзін көрсетіп, арнайы фотоларды жабыстырып жасағаны еді. Сол букеттегі суреттерді кейін бір-бірден алып, жеке альбомыма салып қойдым. Фотолар әлі сақтаулы.
Жүргеңнің әр соғысына балап жүрген жанның алдында өзгелер тарапынан төмендеу, ұятқа қалу – бір сәт болса да ауыр соққы. Жанеркенің сіңілісімен болған оқиға өз алдына, өзінің алдында да ұятқа қалғаным бар. Әскерге алғашқы дайындық пәні жүріп жатты. Жарқынбек ұстаз әдетінше оқушылардың тәртібіне, жүріс-тұрысына тоқталып жатып, көзі маған түсті. Қолымен нұсқап, сөздерін маған бағыттай бергенінде есік қағылды. Келген кезекші сыныптың қыздары екен. Есіктен бір қыздың басы шығып «тексеріп алсақ бола ма?» деп рұқсат сұрады. Ұстаз келісім берді. Есіктен кірген қыздың артынан Жанеркеде кабинетке ілесе кірді. Өзіме бір тықырдың жақындағанын сездім. Жарқынбек ұстаз бірден мені нұсқап «мынаны бірінші жазыңдар» деді. Осыған дейін әр түрлі сылтау айтып қашып жүрген менің ұсталған жерім де осы болды. Мендегі кінә – шашым мектеп нормасына келмейді, қалыңдап кеткен. Шашты сыпырып алып тастағым-ақ келеді, қайратты болғаннан кейін «кірпінің арқасындай» болып жүргенін қаламайсың. Ал Жанерке өз қолындағы дәптерге сыныыптың көзінше менің есімімді жазып алды. Кабинетте отырған сыныптастарым басын шайқап отырды. Апта соңында кезекші сынып тәртіпсіз, шашы, тырнағы өскен, кітап-дәптері жинақы емес оқушалырдың есімдерін мектепшілік лездемеде айтып қана шектелмей, оларды келеке етіп, әжуалап мектептің кіре беріс бұрышына, ары-бері өткендер көретін жерге «Жезтырнақ» деген газет шығарады. Бір қызығы менің есімім лездемеде айтылмады, газетке ілінбеді. Жанеркеге рақмет айтудан бұрын, алдында қатты ұялдым. Осы жағдайдан кейін ес білгелі шашымды бірінші рет толық сыпырып тастадым.
– Төһ, шіркін! Қызбен не болды, ол қазір қайда, хаттарыңа жауап берді ме?,– деп топбасшымыз Назгүл сұрады. Шамасы әр қызыққа бір тоқталамын деп, бір ойым екіншісінен алшақтап кетсе керек. Аз уақытқа сыйдырып, бәрін баяндап шығуға тырысқан бетім.
Тағы бір оқу жылын қорытындылаған соңғы қоңырау. Жанерке екеуміз де үздік оқушы есебінде мектеп мүдірінен алғыс хат алдық. Бір-бірімізді құттықтадық. Екеуміздің оқушы болып соңғы жүзбе-жүз жүздескенімізде, бетпе-бет кішкене сөйлескеніміз де сол болды.
Ол қыз оныншы сыныпты бітіргеннен үй-ішімен қалаға көшіп кетті. Хаттарыма жауап жазғанын, бірақ оны маған бере алмағанын кейін білдім. Не жазғаны бүгінгі күнге дейін қызық. Жанерке қалада мектепті бітіріп, сынақты жақсы тапсырып, өзі қалаған оқуға түсті. Сол кезде сүйіншілеп телефон арқылы хабарласқан. Бүгінде бір үйдің отанасы, бала-шағасы, жұмысы бар. Анасының жолын қуып медбике болды. Ал маған ерекше сезім сыйлап, махаббатта осалдық танытпау керек екенін түсіндіргені үшін рақметімді айтамын.
– Өй, солақ па?,-деп әңгіменің ерте аяқталғанына Айбек қанағатсызданды. Ал Назгүл болса осы айтқандарымды қаз-қалпында жазып шығуымды өтінді. Сөйттім.