Қызыл сақа (қаз-қалпында)

«Көксерек» фильмі… Ауыл қараборбайларының асық ойнайтын эпизоды… Құйта­қандай Құрмаштан ұтылып қалған Ұзынтұра «қараулық жасадың»,– деп бөлтірікті тартып алды. Ойын соңы жанжалға ұлас­ты…

– «Ашық»,  «ашық» деп тілі жаңадан шығып келе жатқан ұлым асау тайдай тулап кетті. Атамнан қалған аткөрпенің (атаңның тері сіңген, төсеніп жүр деп әжем марқұм беріп еді) үстінде жалаңбұт отырғаны ойда жоқ, серкеге ұмтылған көкпаршыдай қопаң-қопаң етеді. Күнде өзі ойнап жүрген ойыншығын теледидардан көргеніне таңырқап тұр-ау, сірә!.. Үйдегілер оның қылығына мәз болып жатыр, мен ноутбугымды құшақтап, келесі бөлмеге бет алдым.

***

Біз де талай рет көшені ба­сымызға көтеріп асық ойнап, асыр салушы едік. Мықынын сымтемірмен мытып, өзімізше тарылтып қойған көнетоз шалбардың (ағамыздан қалған) қос қалтасын толтырып, талай мәрте масайрап қайттық. Талай мәрте ұтылып, ұнжырға­мыз түсіп, ауыл балаларының тілімен айтқанда, «сып-сипа­лам» болып та келдік. Ұзынтұра секілді ересектерден әлімжет­тік көрген кезіміз де жетер­лік.

Менің бір көршім болды. Өкіреш деп қоятынбыз, шын аты – Самат. Бойы екі метрге жетеқабыл, қолы да сала-құ­лаш. Сол Өкіреш біздің ауылдағы мергеннің бірі. Біздің ауылда негізі «асықтың майын ішкен» мерген екеу. Біреуі – Украин көшесіндегі (орыс, ук­раин ұлтының өкілдері тұра­тындықтан сөйтіп аталып кеткен) Петька. Петьканың шын атын әлі күнге білмейді екенмін, аты Петька болған­мен, заты қазақ, әйтеуір. Өкі­реш­тің сұлбасы ебедейсіз бол­ғанмен, асыққа келгенде епті. Бар дене­сімен созылып барып, шоқып атады, ал Петька жалпақ бас, қамыт аяқ, жұдырық­тай бала. Сақасын жер бауырлатып жібереді үнемі. Екеуі талай мәрте жекпе-жек ойнап көрді, олардың ойыны тым ұзаққа созылып кетеді. Аяғына дейін көріп отыра беруге елдің тағаты жеткен емес… Содан ауыл балалары ақылдаса келіп, бес асықтан ғана беріп тайталастырып байқады. Мұндай бәсекенің қанша мәрте болға­нын білмедім, мен бесеуіне куә болыппын, соның үшеуін­де Өкіреш, екеуінде Петька жеңіске жетті. Ал біз секілді шаламергендермен олар сол қолымен ойнайды. Соның өзін­де шақ-шәлекейімізді шығаратын сабаздарың…

***

Өкірештің үйінде өзінен басқа жалғыз әжесі ғана болатын. Адуынды кемпір еді, күйеуі соғыстан оралмапты. Сол кісінің қызынан туған бала десетін мұны. Мал дегенде сынық мүйіз тарғыл сиыры ғана бар қорасында. Жарықтық жануарды туар алдында ғана суалтады, әйтпесе қысы-жазы сауады. Бұты-бұтына шалынысып, ыңыршағы шығып жүрсе де жылда бұзаулайды. Бірақ жылдағысын тайынша кезінде кәдеге жаратып жібереді. Соғымға сояды, я болмаса базарға шығарып, ақысына Өкіреш пен әжесі шырттай киініп келеді. Атам марқұм мұндайда бұлқан-талқан ашуланады.

– Мал басын өсірмейсің бе, Әшшә-ау (Өкірештің әжесін бүкіл ауыл солай атайды), жылда сойып жей бергеннен бірдеме шығады дейсің бе? Анау балаң үйленеді ертең, қалың малына да бір қара керек қой, қиналсаң маған бер, мен-ақ ақысыз-пұлсыз бағып берейін Қалағаңның (Өкіреш­тің атасы ) әруағы үшін, – десе де әлгі кісі:

– Тә, жоғал әрі, құдайдың бергені болады, оның бетіне қарап отырғанда не табам, «жарық дүниемнің» тойына жинағаным жетеді деп теңдік бермейтін.

Біз сабақтан келе салып қора тазалап әлек болып жат­қанда, Өкіреш арбасын сүйретіп көшенің басындағы құдыққа бет алар еді. Содан кешке қарай сүйретіліп келе жатқанын көресің. Осы аралықта асық ойнайды. Одан кейінгі міндеті – жалғыз сиырдың алдынан шығу. Мал өрістен қайтар қызыл іңірде кәрі-жас түгел ауыл сыртына жиналады. Үлкендер картаның қызығына түссе, бозбалалар доп қуалайды. Ал біз секілді шикіөкпелер асық ойнаймыз. Арамызда өңкиіп Өкіреш жүреді. Өкірештің менен 4 жас үлкендігі бар. Сабаққа кейде бірге шығамыз, көп сөйлемейді, тек мектепке кірер кезде бірер ауыз тілдесіп үлгереміз. Әңгі­мені бастайтын мен:

– Бүгін қанша сабақ? Ол басын бір қасып алып, сұраққа сұрақпен жауап қайтарады, – сенде ше?

– Төрт сабақ.

– Онда мен үш сабақтан қашып шығам, интернаттың артында (интернаттың арты біздің асық ойнайтын алаңы­мыз) жолығайық. Айтпақшы, қанша асық алып шықтың?

– Он…

– Жалдана алмай қалсам, бересің бе?

Өкіреш өмірі мектепке көп асық апармайды, ары кетсе төрт асық, бір сақамен барады, бірақ қайтарда былғары сөмке­сінің жартысын толтырып қайтады.

– Берем, дейсің… Бұл сөзді қуана-қуана айтасың… Өйткені, Өкірештің ұтатыны белгілі, ол ұтып жатса, өзіне жан­күйер болып отырған біз секілділерге де құдайдың бер­гені. Бір асығыңды екі асық қылып қайтарады. Сол себепті, Өкіреш ойынға кіріскенде біз оның тілеуін тілейміз. Өзгелер асық атар кезде ішімізден «ала мысық, зу-зу», «сүф қарға, сүф қарға» деп қарғап отырамыз. Алда-жалда дау-дамай туындай қалса, ақ-қарасын айырмастан Өкірешке жақтасамыз. Өзіміздің тілде оны «одақ» деп атаймыз.

«Одақтың» міндеті де оңай емес, боксшының секунданты секілді шыжбалақтап, шыр-пыр болып жүргенің. Қашан қа­лыптасқанын кім білсін, әйтеуір біздің ауылдың асық туралы жазылмаған заңы болатын. Ол бойынша егер ойын­шының сақасы ағаштың түбіне немесе үй қабырғасына тақа­лып түссе, оның өзі немесе одақ­­тастары «жәй солдат» деп айту керек. Әгәрәки, қарсы жақ олардан бұрын «как солдат» деп қойса, онда ойыншы еңкеймей, тікесінен тік, солдатша қақиып тұрып атуға мәжбүр болады. Ал сақа аң­дау­сызда әлдекімнің аяғына тиіп кетсе «жатсын» немесе «кетсін» деп жамыраймыз. «Жатсын» деген сөз бірінші шықса, сақа сол орнында қа­ла­ды, ал «кет­сін» бұрын айтыл­са, онда әлгі аяқтың иесі күшеніп тұрып бір тебеді. Егер өзінің одақта­сының сақасы болса ақырын ғана тігулі асықтарға қарата түрте салады. Сол се­кіл­ді ататын кез бен шертетін сәтте қолың тайып кетіп, сақа басқа бағытқа ыршып кетсе «мұртым бар, мұртым бар» деп үлгеру керек. Қарсылыстар «мұртың жоқ» деп шығады әдетте. Егер сен бірінші айтсаң, қайыра атуға рұқсат беріледі.

Әсілі, майда-шүйде бәсеке­лер­де әркім «өз қотырын өзі қа­ситыны» белгілі, мұндай «одақтар» Өкіреш секілді мықтылар тайталасқа түсетін ірі ойындарда ғана құрылады. Әрі оның мүшелері ретінде айт­­қанынан қайтпайтын өжет, даукес, төбелескіш, бастысы, жол­дасын жауға бермес сенім­ді балалар таңдалады. Менің көр­шілік жақынды­ғымды ес­ке­ріп Өкіреш «одақтың» қызметінен шеттеткен кезі жоқ. Мен де оның сеніміне селкеу түсірген емеспін.

Мінекей, Өкіреш атуға ың­ғайланып тұр. Аңға шабар тазыдай танауы қусырылып, көзі шатынап кетіпті. Бас барма­ғы мен сұқ саусағының арасында қызыл сақа ортекедей ой­нақтайды. Шиырып-шиы­рып, сол қолына жиналған асық­тарға «шақ» еткізіп ұрды. Бұл үйреншікті әдеті. Енді сала-құлаш бойымен жауар бұлттай төніп барып тігулі асықтарға қызыл сақаны сақпанның тасындай жіберіп кеп қалады. Қызыл сақа да қан­ды­балақ бүркіттей үнемі діттеген жеріне тигіш-ақ. Қазыл са­қаның «шық» етіп тиген даусымен Өкірештің бәтеңкесінің топы­раққа «қолп» етіп түскен үні қатар шығады. Осы сәтте біз де бейне бір тайымыз бәйгіден келгендей шу ете түсеміз. Біріміз жүгіріп барып шеңбер сыртына шыққан асық­тарды қағып аламыз. Өйт­кені, Өкі­реш төрт асықтан артық ұста­майды. Айтпақшы, өзге бала­лардың алақанына үшеуі әрең сиғанда, Өкірештің дәу қолына төрт асық еркін еніп кетеді. Өкірештің бір кемшілігі аяғы шамадан тыс үлкен. Әсіресе, үш табан ойнағанда қиын. Сол кезде 42-размерлі етік киеді-ау шамасы, оның үш табаны, өзгел­дердің бес табанына татитын. Сондықтан ол неғұр­лым қатты атуға тырысатын.

Өкіреш үндемегенмен, қу­лығы бір басына жететін бала. Ойыннан сән кете бастаса, дау тудырып жіберуі оп-оңай. Ондайда көбіне «жұппай» жасайды. Ереже бойынша асықтың бәрін алшысынан немесе тәйкесінен тігуге тыйым са­лын­­ған, олай еткен күнде жұппай болады. Асықты көріп отырған балалар ханталапайға салып талап әкетеді. Оның арты белгілі, қызылкеңірдек дау, тіп­ті төбелеске де ұласуы мүм­кін. Біреу жұппай болған жоқ, біреу болды деп өзеурейді. Ақы­ры ойын тарқайды. Өкі­реш осы жұппай жасаудың шебері…

***

Ауылдағы асыққұмар Өкі­реш­ке әжесінің ұрысқанын көр­меппін. Өзі ғана емес, өзге­ге де қатты сөйлетпейтін. Алда-жалда тиісе қалғандар, Өкі­решке әлімжеттік жаса­ғандар болса сол күні-ақ  Әшша әже­ден сыбағасын алады. Тіпті, мектеп мұғалімдері де Өкі­реш­ке батып ұрыса алмайтын. Содан болар, Өкіреш­тің оқу үлгерімі нашар. Көбей­ту таблицасын білмей, сұрақ белгі­сінше бүктеліп  тұрғанын талай көргенмін…

– Асығымның санына жете алмай жүрмін, түстен кейін келіп санап берші, – деді бір күні үйге келе жатып. Қуанып кеттім, өйткені оның асығы туралы аңыз көп ел арасында. Оның қай жерде жатқанын өзінен басқа ешкім білмейді. Құмарлығым артып барады. Әрі асығын санап берсем, ақысына бір сақасын сұрасам деген дәмем де бар. Түстен кейін шарбақтан секіріп түсіп салып ұрып бардым. Қолымда әкемнің есепшоты.

– Өй, «бұғалтыр» боп кет­кен­сің бе деп, бір кекетіп алып, қорасына кіріп кетті. Үлкен бір қанарды мықшыңдап көтеріп шықты.

– Не үйіңде мөшек жоқ па деп мысқылдадым, оны да бір түйреп алғым келгендей. Бірақ Өкірештің өз есебі бар екен.

– Мөшек құрысын бір құрыса, – деп күбірледі қанар­дың жайын ауызын буып тұрған байлауды шешіп жатып… – Асық­та­рың дымданып бара жатса, кептіріп дегдітіп алғанға мынадан қолайлысы жоқ. Күн­шуақ­қа аузын ашып қоя сала­сың, жаймалап әуре бол­­май­сың…

– Асығыңды қанарға сақта, – деді тап бір жаңалық ашқан адамдай дауысын көтере сөй­леп. Менде қанарға салатын асық қайдан болсын, әжем айран құятын дорбасының біреуін берген, бар байлағым соның бір бүйірін ғана толты­рар­лықтай. Ондай пұшайман халімді Өкірешке айтып, өзім­ді төмендеткім келмеді. Мол қазына тауып алып, соны са­науға кіріскен дүниеқоңыз қарақшыдай отыра қалып са­нақшылық  қызметіме кірістім. Сөйтсем, мен де ол кезде Өкі­реш­тей сауатсыз екенмін. Кеш­кілік қойларды қораға қамарда бір шұбатқаннан-ақ санап тастаушы едім, үш жүз­ден кейін шатаса бердім. Әрі Өкіреш асығын ұрлап алатындай «дауыстап санасаңшы, бір емес, екі асық лақтырып жібер­дің» деп, төбеңнен төніп тұрса қайбір жарытасың, діңкелеп кеттім. Ақыры менің шамамды байқады білем, үндемей ке­ліп қанарға қайта салып алды. Мен отырмын қызыл асық, ақ  асық, жасыл асық­тарға жаутаңдап қарап…

– Бұлар шірік шалып, мұр­ты мүжілген ескі асықтар ғой, сақаларым мен жаңа асықта­рым бір бөлек. Бірақ олар бұдан аздау, – деп қояды мұрын астынан міңгірлеп. Асығын жүзге жеткізе алмай жүрген мен пақырға бұл сөздердің қандай әсер еткенін шамалай беріңіз. Өкірештен бақытты, Өкіреш­тен бай адам жоқ шығар деп ойладым сол кезде.

***

Үшінші сыныптан төртке көшкен жылы Өкірештің әжесі қайтты. Талайды көрген кейуана бас-аяғы бір апта төсек тартып жатып, ұзынсарының кезінде үзілді. Өкірештің сол кезде өкіріп жылағанын бірін­ші рет көрдім. Әсіресе, қабір басында зарлағаны сай-сүйе­гіңді сырқыратады. Содан бе­ріде тұйықталып кетті. Ашы­­лып ештеме айтпайды, асық ойынына да баруды тоқтатты. Ас-суы көрші-қолаңның мойнында. Бар ермегі – тарғыл сиыр мен одан туған қасқа бұзау. Қашан көрсең жем-шө­бін беріп, астын тазалап жүргені. Тарғыл сиыр бөтен адамды жолатпайтын шайпау, бастапқыда өзі сауып жүрді де, кейіннен түбегейлі суалтып жіберді. Сол жылы күзге салым әжесінің жылына сойды.

– Байқұс бала әбден бағып­ты, ақтарылып түсті, – деп келді әжем кешкілік шәй үстінде.

– Жарықтық қасиетті мал екен. Әшша өлген түні мөңіреп шығып еді, бауыздар кезде қыңқ демей жатты, – деп атам да қостады құдай қосқан қосағын.

– Кәрі малдың еті қатты болу­шы еді, мына сиырдыкі құнажындікіндей былбырап тұрып пісті ғой, – деп әңгімеге араласты, сол жиында қазан-ошаққа бас-көз болған шешем.

– Енді о дүниеде де Әшша апа тарғыл сиырын сауып ішетін болады, – деп әңгіменің соңын әзілге аудармақшы бол­ған маған үйдегілер алая қарады.

Со күні, тіпті сол бір аптада біздің үйдің ғана емес, бүкіл ауылдың әңгімесі осындай бол­ғаны анық. Екі адамның басы қосыла қалса талқылана­тын тақырыптың бірі – тарғыл сиырдың семіздігі мен Өкіреш­тің өзгеше мінезі. Ауыл адам­да­рының арасында жанынан шығарып, асырып айтатыны да бар. «Ұры алып кетпесін деп Өкіреш жанына қонады екен», «бұқалар артылмасын деп құй­рығына шүберек таңыпты», – деген қисынды-қисынсыз лепір­мелер де болды. Осы ле­пір­менің ішінде маған қиын­дау тигені Өкірештің екі қанар асығының тағдыры. Жұрттың сөзіне сенер болсам, Өкіреш қырманшы Керімқұлдың баласына асық апарып беріп, жарылған арпа алған-мыс. Айырбастаған яғни… Ол арпамен тарғыл сиырды борда­қы­ла­ған. Ел-жұрт: «Өй, мына ба­ла­­ның қуын қара» деп басын шайқаса, менің басымды басқа ой кеулейді. Өкіреш өйтпеу керек еді ғой, өйткен күнде де екі қанар асықты түгел бере салмаған шығар. Өзімше өк­пелеп те жүрдім. Маған бергенде мен-ақ атама көрсетпей қамбадан жем ұрлап берер едім ғой деген арам ойым да жоқ емес.

***

Бір күні  қой бөлісіне Өкі­реш екеуміз ұзынды-қысқалы болып кетіп бара жатқанбыз, әдет­тегіше. Жол ортасына жет­­кенде «мә» демесі бар ма? Есім шығып кетті. Есің шық­па­ғанда нең қалады, Өкіреш өз қолымен атақты қызыл са­қасын беріп тұр. Бұрын бір ойынға бере тұршы дегенге, мұрты бұзылады деп азар да безер болатын қызыл сақаны дәл қазір саған басы бүтін сыйға беріп тұр.

– Асықты қоямын, – деп мұрын астынан міңгір етті, қимасын алыс сапарға аттандырып тұрған адамдай. Қызыл сақаны жалма-жан қалтаға сүңгітіп жібергенімді білем, неге деп сұрап үлгермедім.

– Нағашыларымның ауылына көшетін болдым, олар қалада тұрады, асық ойнайтын бала жоқ шығар онда, – деп түсіндіріп жатыр. Осы жерде сұраудың сәті келді.

– Екі қанар асығыңды не істемексің?

– Оны жемге айырбастап жібергем…

Бүгінгі диалог осымен бітті. Мә саған керек болса, сырттай Өкірештің асығына мұрагер болып жүрген арман-қиялым­ның тас-талқаны шықты. Бі­рақ бір өзі жүз асыққа татитын қызыл сақа қалтада. Осының өзі мол олжа. «Қызыл тайпақ» атанған, қошқардың шикіл сақасы үшін талай дау болған. Қалай иірсең де алшысынан түсетін, тәйке тұрғаны сирек. Оның осы бір қасиетіне күмән­данып, қорғасын құйылған деп талайлар өзеуреді. Ары шұқып, бері шұқып, салмақтап көреді. Бірақ Өкіреш міз бақ­пайтын. Мұны қойшы Асқардың баласынан 100 асыққа айырбастап алғам, «пожалуста 100 асыққа бәстесейік, елдің көзінше шағамыз», – деп тап беретін. Ондай «байлар» қай­дан болсын, өзеурегендер өзді-өзі күңкілдеп барып, желі шыққан доптай басылып қала­тын. Сол қызыл сақа құдайдың құдіретімен менің қолыма ти­ді. Ал әжесінің жылын бер­ге­сін түп нағашылары келіп Өкірешті алып кетті. Өкіреш сол кеткеннен мол кетті, жолымыз қайта түйіспеді. Мен қызыл сақамен ойнап жарытпадым. Басқа бапкерге бар­ған­да жүгірмей қоятын текті жүйрік секілді, қолыма жақпады. Өкірештің саусақ­та­рына арнап жаралғандай үлкендеу екен. Петька қайта-қайта сұрады. Әуелгіде 100 асыққа айырбаста деп жалынды. Бермедім. Кейіннен «200 асыққа тік, жекпе-жек ой­най­ық»,– деді (ереже бойынша бір асық екі жүз асықтың орнына жүреді). Көнбедім. Есейіп, қыздарға қырындайтын жасқа келгенде әжемнің сандығына салғанмын. Бертінде студент болдық, үйлендік, жеке дара шаңырақ көтердік. Қызыл са­қа көнетоз аткөрпемен бірге алыстағы ауылдан Астанаға жетті. Сол қалпы. Асық атуға жарап қалған екі ұл анда-санда ханталапай ойнайды. Қызыл сақаны хан сайлап қойыпты.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған