Тау ұлы (әңгіме)

Темір шошып оянды. Қаратерге малшынып жатыр екен. Қозғалайын деп еді бөкседен төмен жан жоқ. Ұмтылып барып аяғын сипады. Орнында екеніне көзі жеткендей «а жасаған ием»,– деп күбірлеп жастығына қайта бас қойды. Кірпігімен күрескенмен көзі ілінбей-ақ қойды. Таңға жуық қалғып кеткен екен, түс көрді. Ауыл сыртында бір топ бала доп қуалап жүр. Атасының даусын ести сала үйге қарай жүгірді. Басқалар «айғайлақ шалдың баласы» деп мазақтап жатыр, олармен жатып кеп жағаласуға құлық жоқ. Бұл сөзге ет өліп, құлақ үйренгелі қашан…
Атасы шынымен-ақ айғайлақ. Өзі жұдырықтай болғанмен дауысы зор. Мінезі шақар.
– Әбекең ішек-қарын жемейді, – деп қалжыңбас қулар қылжақтаса «қазы-қарта қи татиды» деп жемей қоятын даңғойлығы, әлденеге ашуланса, күні бойы шәй ішпей сазаратын қырсықтығы және бар. Мұны басқа балалардан бөлектеп отыратын, «өзіме тартқан малсақ» деп… Үйге қонақ келсе құман беріп, қолдарына су құйғызады.
– Қол жуғыш бар емес пе? – деп күңкілдегендер болса, мезетте сазайын береді.
– Үлкендердің батасын аласың, судың сауабы тиеді, – дейтін сақалын саумалап. Ауыл арасындағы жиын-тойдан қалдырмай, мінгестіріп жүреді. Кей кездері мектепке іздеп келеді. Атасы шарбаққа ат байлап жатқанын көргеннен кластастары қутыңдап қылжақтайтын.
– Атаң құдайы тамаққа әкетуге келді.
– Бізге де мәмпәзи ала келші, – деп қағытатын. Қазір де сол қиқар шал «таста допты, мінгес артқа» деп үзенгіден аяғын шығарып тұр. Хром етігін жылтыратып майлап алыпты. Астында – Көкбайрақ. Тұрпаты тапал, бұты қысқа болғанмен бүгін ерекше тұлғаланып көрінді. Бөкен тұмсығын ары-бері сүзіп, тыным табар емес. Ұмтылып еді желдің уілінен үркіп, құлақ қайшылап тұрған жануар қозғалып кетіп, түсіп қалды.
– Өй, қызыңды ұрайын, боскөтен, – деп сыралғы досын қамшымен бір сипап шаужайлаған шал еңкейіп өзі іліп алмақ болып еді, одыраңдаған ат аяғын басып кетті.
– Ата, аяғым…
Өз даусынан тағы да шошып оянды. Таң бозарып келеді, палата іші алакөбең тартқан. Ұйытқыған жел бишік ұстаған тентек баладай терезені сарт-сұрт сабалап тұр. Қарама-қарсы төсекте аттан жығылып, аяғын мертіктірген жас жігіт жатыр. Пыс-пыс еткен танау демі еміс-еміс естіледі.
Қос табаны құмырсқа талап жатқандай дуылдады…

***

Бұл аймақта ірі деңгейдегі он жеті өзен бар. Барлығы да Алатаудан бастау алып Балқашқа қарай дамылдамай ағады. Бірі жетеді, енді бірі жетпей жерге сіңеді. Жауын-шашын, қардың көлемі, құз басындағы мыңжылдық мұздықтардың жағдайына байланысты құбылып ағады. Кез-келгені адуынды, арқасы бар адамдай көктем сайын көтеріліп басылады. «Қазселденқорғау» мекемесі бүгін болмаса ертең сойқанды салатын осындай тентек өзендерді көктем мен күзде өзгеше қадағалайтын.
Темір сол он жеті өзеннің ішіндегі ең бір шайпауы саналатын Күркіреудің күзетшісі. Ұзақты күнге арна басына үш мәрте барып қайтады. Судың температурасын, екпінін өлшеп, ауданға ақпар береді. Бұрын бұл қызметті әкесі марқұм атқарып еді, қазір ата кәсіп ұлға көшкен. Әскерден келе сала сары жейденің буы басылмастан кірісті, содан бері осында. Он жылдан асты, елден жырақтап тау ішіне тығылғалы…
Негізі, Күркіреу соңғы рет 1982-жылы қыркүйекте тасыған екен. Ит жылғы оқиға мал мен жанды итеңдетіп кеткен. Етектегі елдің қауіпсіздігі үшін кеңестік Қазақстанның басшылары сол жылы тоспа салу туралы жарлық қылыпты. Ал сол тоспаның күзетшісі болуды жасаған ием осылардың әулетіне бұйырыпты.
– Бөгетке күзетші керек, жер мен судың жағдайына қанық жергілікті адам болса,– деп аудандық селден қорғау мекемесінің басшысы ауыл директорына барғанда, қарамағындағылардың қабілетін бес саусағындай білетін басшы Темірдің әкесі Дегейді ұсынған. Ол жылдары Темір жас еді. Әйтеуір, неше жыл мұрап болған әкесінің бұл жұмысқа қуана кіріскенін, ал шешесінің қарсы шыққанын біледі.
– Қатынға да өзгеге де қарамадым, алқапта бір құлақ сумен алысқанша тауда Күркіреудің суымен сайысқаным жақсы деп тартып кеттім. Әй, өзім-ай, – деп әкесі қызыңқыраған кезде есіп отыратын.
Дегей момын адам еді. Қақ-соқта ісі жоқ біртоға, бірақ бір қисайса қайтадан қайрылуы қиын, дегеніне жетпей тынбайтын тоңмойын. Анда-санда қышқылдан бір тартары бар. Сондай сәттері құлағын құлын күнінде айғыр шайнаған Бұрыққұлақ жорғасымен «жортуылдап» кетеді. Бірақ апталап үй көрмей, серілік құру ол кісіге жат әдет. Түнде кетсе ертеңіне сәске болмай Бұрыққұлақты борбайлаған күйі келіп тұратын. Кейде ат үстінде ұйықтап қалады, ондай кездері үйдегілер көтеріп түсіріп, төсегіне жатқызады. Арақ ішкенде ыдыс-аяқ қиратып, отбасының берекесін алған жан емес. Кейбіреулер ішпей-жемей әйелін көкала қойдай етіп сабап жүрсе, Дегей керісінше мас кезде қатын-балаға мейірімді боп кетеді. Осы қылығы өзгеге жаққанмен атасы Молдабек үшін ерсі… Баласы Бұрыққұлақтың үстінде шайқалып келе жатқанын көргеннен шекесі тырыса бастайтын қиқар шал ондай кезде теріс қарап жатып алатын. Құр жатпайтын күбірлеп жататын. Ол күбірін үйдегілердің бәрі біледі.
– Нағашыларына тартқан жасық неме, қатын-баласын қазір көргендей елжіреуін, – деп басталатын күңкілді Темір де талай естіген. Әкесі әрнені сөз етіп жуықмаңда жата қоймаса, сексенді алқымдаған қарт сипаланып орнынан тұратын. Жағасы жайлауға кетіп отырған баласына, оған шай демдеген кемпіріне шақырайып бір қарайды. Пеш түбінде тұрған құмғанын ұстаған күйі теңселе басып далаға беттейді. Дәрет алып келгенше шәйдің орны да жым-жылас жиналады, әкесі де төргі бөлмеге барып жым-жырт болады. Әйтпесе намазымды бұздыңдар деп шатақ шығаруы әбден мүмкін.
Темір әкесінің атасына қарсы келген кезін көрген емес. Не десе де кеңкілдеп күліп отыра беретін. Қария қатты кетіп, қазымырланып бара жатса, бар айтатын кейістігі – «ой, папа, сіз де бала құсап»… Осылай деп күпәйкесінің жағасын бір көтеріп алып далаға шығып кететін. Есесіне атасы оңайшылықпен басылмайды, әрнәрседен ілік іздейді, қойтан жылғы әңгімелерге қозғау салады. Күнгейдегі нағашысының асына бара алмағаны, төсек тартып қалған Сансызбай досының көңілін сұрамағаны, Бақанастағы құдасының тойынан қалғаны секілді дүниелер есіне түседі. Соның бәрін баласының тау кезіп, су күзеткенінен көріп, біраз жерге дейін одыраңдап шабады. Одан қалса күнделікті тірліктегі көңіліне жақпай жүрген дүниелерді тізбектейді. Ол сөздерді де бұл үйдің әрбір тұрғыны жаттап алған.
– Қалаға (аудан орталығы) аптасына бір барады, әй, маған насыбай ала кел деп айтқалы қашан. Екі-үш күндік қана қорым қалды, ол біткен соң жылқының боғын атам ба, не істеймін, – дейтін тап бір бүкіл тіршілік тоқтайтындай күңіреніп. Анығында бұл үйде нан таусылса таусылатын шығар, бірақ насыбай таусылмайды. Атасы басқаға болмаса да, бұған ұқыпты. Бір емес, бірнеше аптаға жетер насыбайы іргеде тығулы жатады. Бірақ қалайда соқтығу керек кезде насыбай «соғыс» ашудың жақсы сылтауы.
Насыбайдың зарын айтқан соң атасы сәл-пәл кідіріс жасайды. «Атқан оғым тиді ме?», – деген аңшыдай одырайып жан-жағына қарап алады. Ол оғы ұлының жанына барып жарылғанмен, оншалықты жарақаттай қоймағына ызаланып, оқшантайындағы өкпеге суарылған өткір жебенің тағы бірін жібереді.
– Іспіртім де таусылды, аяғым сырқырағанда жағатын. Алдыңғы күні ғана жарты шөлмек тұрған секілді еді, бүгін қарасам түбінде мысықтың көз жасындай бірдеме қалыпты. Осы үйдің баласына дейін іспірт ішетін пиәншік боп кеткен бе өзі? Әлде жер жұтты ма?
Әкенің баланы төмпештеуіне үйдегі өзге жан оншалықты мән бермейді, тек шалы шектен шығып бара жатса ғана әжесі Әйімхан әңгімеге араласып, екі-үш ауыз сөзбен сабасына түсіреді.
– Әй, – дейтін әмірлі дауыспен. – Сақар таңнан Күркіреудің суындай сарылдап отырғаныңа жол болсын… Іспірттің аузын тығындап ұстаңыз, – деп келін байқұс қанша шырылдады. Өзің емес пе, «иіскесең нәсібәй іздемейді екенсің мына бәлені», – деп шөлмектің ішіне кіріп кетердей мұрныңды салбыратып отыратын. Тұрады ғой дейсің бе, ұшып кеткен де тәйірі… О, несі ей, сасық суға бола шала бүлініп…
Қарсыласын шақ келтірмей тұрған қара шал осы жерде құлақ шекеден соққы алған боксшыдай «нокдаунға» түседі. Сәл-пәл есеңгіреп барып, есін жинай сала қайта шабуылдайды. Бұ жолғысы шабуылдан гөрі дөңайбатқа келіңкірейді.
– Дүние күйіп кетсе де шопыр Серікке бір тоқтыны өңгертіп жіберемін. Сатып, іспірт пен насыбай әкеп берсе болғаны, әкең… Қалған ақшаны өзің ал деп айтам.
Дәстүрлі қақтығыс бастала сала әр бұрышты тіміскілеп кеткен үйелмелі-сүйелмелі үш ұлдың бірі осы кезде насыбай салатын шөлмекті тауып алатын. Жүгіріп барып, қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып тұрған қарияға апарып береді.
– Мұны қайдан таптың-ей, қызталақ?! Әлгіні ары-бері аударыстырып көреді. – Біткен екен деп жүрсем, бар екен ғой… Сұрланып отырған жүзіне қан жүгіріп, қызарақтайды. Ұялған тек тұрмастың керімен кейде кемпірі мен келініне жаба салатыны бар, «үй жинап жүріп осылар тығып тастайды деп»… Мұны естіген келін мен ененің бірі зілсіз айыптауға миығынан күліп, бірі бұған дауа жоқ дегендей кимешекті басын кегжең еткізетін. Ал үйдегі үлкендерді бір сілкіп алғанына масаттанған қара шал қоразданып сәл-пәл отырады да, енді кішкентайларды айналдырады. Әрине олармен әңгіме басқаша. Насыбай табылған соң ба, әлде өкпе-ренішті айтқан соң көңілдің кірі кетіп, жеңілдей ме екен, әйтеуір жайылып сала береді.
– Осылардан өзгеге керегім жоқ-ау, – дейтін немерелерінің борбайларынан иіскеп, насыбай атқандай түшкіріп-пысқырып жатып. Бұлар да есебіне мығым, насыбайшы шалға өздерінің «насыбайын» бұлдап үлгереді, «ата, ойнайықшы» деп қиыла кетеді. Атасы әсте көңілін жыққан емес, бірден келіседі. Қызыл кеңірдек болып дауласып хан талапай ойнайды, әрқайсысын бір-бір бөстекке атша мінгізіп, аударыспаққа шығарады, қол күрестіреді. Зауқы соқса үшеуін үйіріп алып, ертегі айтады. Екіашадағы жалғыз үйдің ауа-райын қолдан құбылтып отырған қара шал бұл кезде аңғал қара баланың кейпіне енетін.


***

Темір үйдің ортаншысы. Тетелес ағасы, екі жас кіші інісі бар. Бұлардың барлығы өзгелер секілді жаз болса лагерге аттанып, қалаға қыдырып, хайуанаттар бағын аралаған жан емен. Соңғы қоңырау соғылған күні көшедегі үйдің шарбағында әкесінің Бұрыққұлақ жорғасы арбаға жегілген күйі байланып тұратын. Қыркүйектен мамырға дейін балаларға бас-көз болып, көшеде отыратын атасы мен әжесін қосқанда алты адам сол күні қас қарайғанша Екіашаның жотасын асып кететін.
Қос таудың ортасына салынған алып бөгетті Темір алғаш төрт жасында көрген екен. Биыл қырықтың қырқасына шықты. Содан бері тоспа мен Күркіреудің суында көп өзгеріс жоқ. Қос мықтының бірі үнсіз, жерге жабысқан күйі мелшиіп тұр. Екіншісі арқырағанмен арнасынан асқан жоқ. Бірақ «менің жолыма кесе көлденең тұратын сен кім едің» дегендей, тентек өзен бөгет байқұсқа күніге соқтығады. Алып тоспаның тобығынан келіп жатса да «әйтеуір, бір күні басыңа шығармын, сонда көрермін әуселеңді» деп қыр көрсетіп ағады. Бөгет те «көрсек, көрермізді» үнсіз ұқтырып нығызданған қалпынан айныған емес.
Темір кейде қиялға ерік береді. Ондай сәттерде табиғаттың тентек перзенті мен адамзат соққан алып құрылыс ашық майданда шайқасарын білетін секілді көрінеді. Белдесер сәтті күтіп жүрген қос палуандай елестейтіні бар екеуінің. Бұлардың айқасы кей-кездері түсіне кіреді. Күркіреудің суы тасып, бөгет толып, айналаны топан су басып, адамдар аңдармен бірге қашып, абыр-сабыр болып жататын шым-шытырық түстің талайын бастан кешті. Ондай кездері түннің бір уағында болсын киіне салып бөгеттің басына тартатын. Тентек өзеннің сарылдаған күнделікті дауысын естіген кезде ғана көңілі орнығады. Әкесі марқұм да дүние салар сәтте басқа балаларына береке-бірлікті аманаттап жатқанда Темірге осы судың қатерін айтып, қырағы болуды ескертіп кетті.
– От пен су тілсіз жау, – деп еді кеберсіген ернін тілімен жіпсітіп. – Сен сол тілсіз жаудың біреуін күзетіп отырсың, мыңдаған халықтың тағдырына жауапты екеніңді ұмытпасаң болғаны, – деген. Сәл-пәл тыныстап алып,
«арқаңды әкелші, бір сипайын», – деді көзі жасаурап. Көйлегін түріп жіберіп жотасын тосты. Ауру қажап, әлжуаз тартқан әке еті қашқан алақанымен сипалап жүріп өзіне керекті екі сызықты тапты да ары-бері бойлай қол жылжытты, осының өзіне шаршап қалған секілді, бара ғой дегендей ақырын ғана арқадан қаққан. Дем салуға келген молда мен үйдегі өзге кісілер әке мен баланың бұл қылығын түсінбегені анық. Тек орамалының сулығын көзіндегі жаспен шылап отырған анасы мен үрпиіп тұрған екі бауыры бірдемені ұққандай. Бірақ ешкім байыбына бара алмады. Темірдің өзі де екі ойлы. Әкенің баладан кешірім сұрағаны ма, әлде осы тыртық не үшін түскенін ұмытпа дегені ме?! Темірдің ойынша екеуі де…
Әлі есінде, жаздың ортасы болатын. Әкесі ауданға кеткен, суды қадағалауды ағасы екеуіне тапсырды. Есекке мінгесіп ертеңмен жеткен бұлар тоспаның басында әуелі асық ойнады, қойтастарға аты-жөндерін қашап жазып біраз уақытты еңсерді. Таудан тас домалатып, кімнің тасы алысқа барады деп бәсекелесті. Күн қыза өзен бойлап бүлдірген теріп, қарақат жинады. Таудың салқын суына шомылды. Тізеден асатын таяз суды місе тұтпады білем, бір кезде ағасының тоспаның төменгі құлағын бекітіп, көл жасайық демесі бар ма?! Бұл да қуана қолдай кетті. Шойын бұранданы екеуі екі жақтап бұрап, су ағар жолды бітеді. Әп сәтте кеңірдектен асар көлшік пайда болды, намаздігерге дейін армансыз шомылғаны-ай сонда…
Әкесі болмағанда кешке дейін судан шықпас па еді, кім білсін. Бұрын бір кетсе кештетіп бір-ақ қайтушы еді, бұ жолы ерте оралыпты. Бөгетті күніге бір көрмесе көңілі көншімейтін тынымсыз жан, шәйін іше сала осында тартқан. Көлшікте құлаш ұрып жүрген екеуін көрген. Ақырын барып, өзен бойындағы ырғайдан шыбық сындырып алған. Содан кейін бөгеттің басына барып, бұларды шақырды. Арсалаңдап жеткені сол еді, суға салып, жібітіп қойған жас шыбықпен екеуін екі салды. Артынша екіншісі, үшіншісі кетті. Тәпішкесін қолға ұстаған күйі ағасы үйге қарай зытты, бұл артынан түсті. Әкесі әуелбаста қуалаған жоқ. Бірінші барып, судың құлағын ағытқан секілді. Артынша өзен жағасына тұсап қойған Бұрыққұлағына міне салып, бұлардың соңынан түскен. Үйге жақындағанда қуып жетіп, тағы шықпыртты. Екеуі өкіріп қашқан күйі атасын келіп паналағанын біледі. Әншейінде немерелеріне тиіскендердің шақ-шәлекейін шығаратын қария да бұ жолы ләм демеп еді. Ашуы әлі қайтпай, қайта-қайта тап берген әкесіне «жәкетай, жәкетай» деп қолын алдыға салып арашалағаннан басқа ештеме істей алмаған. Өздерінің қандай қылмыс жасағанын Темір өсе келе түсінді. Жотасында білеудей екі тыртық қалды. Сол оқиғаны есіне алса әлі күнге арқасы дуылдап кетеді.

***

Темірді мектепте сыныптастары «Ол кім? Бұл не?» деп атайтын. Жады мықты, көргенін жазбай таниды, естігенін ұмытпайды. Сабақты соншалықты беріліп оқыған жоқ, бірақ мұғалімнің сөзін ертеңіне айна-қатесіз қайталап беріп, бестік баға алатын. Әсіресе, әдебиет, тарих пәндерінен алдына жан салмады. Қазір де басынан өткен әрбір жағдайды жатқа біледі. Қайсы оқиға қай жылы болғанын, қалай болғанын, ол кезде кімнің қандай киім кигеніне дейін айтып бере алады. Оның мұнысына бауырлары таң қалады.
– Әттең, оқымадың, керемет ғалым шығар еді сенен, – дейді Университетте сабақ беретін ағасы. Ал ауданда бұғалтыр боп істейтін інісі: «әкім боп кетер еді біздің Тәкең» деп көтермелейді. Кей кезде Темір олардың сөзіне кәдімгідей иланып, қоқиланып қалатын. Неге оқымадым деген өкініш те жоқ емес.
Соңғы уақытта Темір өзіне-өзі есеп беруді шығарды. Бөктердегі үйі мен бөгет арасындағы соқпақ жолға түсе сала қалың ойдың қойнауына сүңгіп, асау өзеннің арнасына жеткенде ғана малтығып шығады. Бір қарағанда әрбір адамның ғұмырында болатын, бірсыдырғы оқиғалар мұның да басынан өткен секілді. Бала болды, аға-іні, құрбы-құрдастармен ала жаз, алты ай қыс асыр салып ойнады. Бозбала болып, қырлы шалбар киіп, шаш қайыра бастаған жылдары атасы қайтты, шалының жылы өтісімен әжесі де бақилыққа сапар шекті. Алғашқы немересі туған күні арақты түбегейлі тастаған әкесі сексеннен асып барып, бертінде дүние салды. Шешесі қазір кенже інісінің қолында, күйлі-қуатты.
Бұдан өзге бауырлары оқу қуғанда Темір әскер барды, келе салып әкенің қолын ұзартып, бейнетін бөлісті. Отыздан асып барып әзер үйленді. Құдай оңдап, жардан жолы болған адам. Сүрбойдаққа өзінен он жас кіші қыз жолығады деп кім ойлаған. Алғаш көргенде талдырмаш қана аққұба секілді еді, қазір қатқан қараға айналыпты. Темір өзінен бұрын осы әйелін аяп кетеді. Жас болып екеуі саябақта серуендеген емес, қол ұстасып киноға да барған жоқ. Нағашысының үйінде танысты-білісті, келісті. Бір айдан кейін алып қашып, бетін ашты. Одан кейінгі өмірлері осы тау ішінде өтіп жатыр.
Әуелгіде ағайын-туғанның оттыққа шақырғаны болмаса, қыдырып та жарытпапты. Өздеріне келіп жатқан қонақ та сирек. Аға-інілері жаздыкүні бала-шағасымен бір аптадай жатып, ақ ішіп, аунап-қунап қайтады. Одан бөлек үш-төрт айда уазигін гүрілдетіп жететін татар бастығы мен ары өткен, бері өткен малшылар ғана ат басын тірейді. Ондайда ауыл аймақтың жаңалығын сұрап, жетісіп қалады екеуі. Қыдырып қызық қумаған соң сыланып, сәндену де ұмытылады екен. Ол да, бұл да бой түзеуді қойды. Ілінгенді киіп, бұйырғанды жеп қана жүре береді. Әкесі марқұм да сондай күй талғамайтын адам еді. «Ерді кебенек ішінде таны» деп жаман-жәутігін жамап-жасқап киіп алатын. Темір кей-кездері айнаға қарайды да өзін емес, әкесін көргендей болады. Мұрынның астына шыққан мұрты да аумай қалыпты, тек иегіне сақал жетіспей тұр.
Бір-екі рет ауылға көшейік, екі қолға бір күрек табылар деп әйелінің тамырын басып көрген. Бірақ ол шіркін өзінен асқан көнбіс болып шықты.
– Балалар өскен соң барайық, көшеде сенделіп жүргенде не бітереміз, – деп көнбеді. Темір айтуын айтса да, Күркіреуге кіндігімен байланғандай кеткісі жоқ еді. Әйелінің жауабына разы болғаны соншалық, қапсыра құшақтап, неше жылдан бері опа-далап тимеген бетінен сүйіп-сүйіп алған.
Қазір үлкен ұлы орталықта тұратын інісінің қолында, мектепке барады. «Сабақ үлгерімі жақсы, зерек» деп келіні мақтап жүр. Кішісі үш жаста. Әйелі биыл тағы көтерген, айы-күніне жетіп отыр. Ана жолы барып қаралғанда, дәрігерлер осы айдың аяғына дейін перзентханаға жет деп ескертіпті. Тауды мекендегелі қатар-құрбыдан жырақтап, көпшілігімен араласуды қойып еді. Аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алса, шілдехана жасап, барлығын Екіашаға шақырсам деген жоспары да бар…
Күркіреудің басына келгелі, Темірдің мал мен жанның шаруасынан кейінгі ермегі – кітап. Бауырлары әр қатынаған сайын газет-журнал, кітаптарды молынан ала келеді. Орталыққа жол түссе мұның да базардан кейінгі баратын жері – кітап дүкені. Ерлі-зайыпты екеуі кезек-кезек оқиды, кей-кездері бір оқыған кітапқа бірнеше мәрте айналып соғатыны бар. Бастапқыда мән-маңызына бойламай оқиға қуалап кететін, қазір шығарманың парқын айыратын деңгейге жетті. Таңдап-талғап оқитын болды, тілі жұтаң, ұғымға томпақ, идеясы күңгірт дүниелерді бірер парақтап жаба салады. Бір уақ көретін теледидар болмаған соң, әйелі екеуі тіршіліктің әңгімесі таусылғанда отырып алып әдебиетті талдайды. Ара-тұра көзқарастары қайшы келіп, қараптан қарап тістесіп қалатыны қызық. Қазір екеуінің оқыған кітабы, бір бөлменің жартысын алып тұр. Былтыр көктемде аяқ астынан сау ете қалған журналистердің өзі бұлардың кітапханасына таңғалып кеткен. Тау ішіндегілер кітап оқымайды деп ойлаған болу керек, кетер-кеткенше бас шайқап, таңданыстарын жасырмады.
Қызылағаш тоспасындағы қайғылы апаттан кейін Алматы облысындағы су бөгеттерінің жағдайын білмекке ел аралап жүрген тілшілерді татар бастық уазигімен алып келген. Олар үшеу еді. Үшеуі де қазақ, біреуі ғана қазақша біледі екен. Қазақы тәрбие алғаны, оқығаны мен тоқығаны мол көрінді өзінің. Әдебиет туралы сөз болғанда, сол ғана Темірмен үзеңгі қағыстырып отырды. Бейнекамера көтерген оператор мен өзін орыс редакциясының тілшісімін деп таныстырған ілмиген сары жігіт өздерінше орысша шүлдірлескенмен, дастархан басындағы әңгімеге араласа алмап еді. Темір орыс пен батыстың класссик қаламгерлері жайлы сыр тартқанда да судан шыққан балықтай, бір-екі шоршуға ғана шамасы келді. Білместігіне ұялып, берекесі кеткен.
– Аға, сіз кімсіз? – деп еді өзін Ертуған Ырысты деп таныстырған қазақ бала.
– Біз оқымаған кітаптарды білесіз, мұнда неге жүрсіз? – деп аңтарыла сұраған.
– Зор біліммен қалаға симаған соң, далаға қашып келгенмін, – деп қалжыңдады Темір. Барлығы күлген де қойған.
Ертуған қоштасарда «арнайы келемін, сіз туралы эссе жазамын, сұхбат алып газетке жариялаймын» деп кеткен. Бәлкім іздеп келген де шығар, бұл жоқта…


***

Алатауға қар жылдағыдан қалың түскен. Былтыр кебіс бойы ғана қырбық шалып еді, биыл соның есесін қайтарайын дегендей ақ ұлпа аптасына бір мәрте қылаулады да тұрды. Наурыздың ортасы болатын. Күнгей бетте бәйшешектер қылтиғанмен, терістік әлі сіресіп тұрған. Дегенмен жылға-жылғамен су жүре бастаған, Күркіреудің күшіне мініп, күшеніп ағатын кезеңі де таяп қалды. Қызды ауылды алыстан орағытқан бозбаладай күннің көзі көрінгенмен жерге жетіп тұрған жылуы шамалы. Өзен жақтан ұрған ызғырық өңменнен өтеді. Темір әкеден қалған көнетоз күпайкесін киіп шыққан еді, жаурайын деді. Айнала жым-жырт. Сол тыныштықты жердің бетін тырнаған керзі етіктің үні бұзады. Әрбір адымдаған сайын ерте дегдіген сүрлеудің үстінде болар-болмас шаң көтеріледі де тобықтан аспай басылады.
– Менің де өмірім осы шаң секілді елеусіз, ешкімге пайда-зияны тимей өтіп жатыр-ау, – деді Темір іштей. Аз-кем демалып, бел суытқан соң тау басына дүрбі салды.
– Ассалаумағалейкум, алқаракөк! – деді сүйікті жазушысы Оралхан Бөкейше сөйлеп… – Қапалы жандай қап-қара болып, түнеріп алыпсың ғой, – деп күбірледі дүрбіден көзін алмастан. Келер сәтте тарп-тарп басып бөгетке қарай жүгірді, екпінін еңістегі өзен бойына жеткенде бір-ақ тежеген. Әдеттегідей судан сынама алып, тереңдігін өлшемек болып еңкейгені сол еді жүрегі зырқ ете түсті. Су деңгейі көтеріліп кетіпті. Үнемі арнаға түскенде аяғын тірейтін, көк тас көрінбейді. Дереу су өлшегіш сырығын бойлатты, бір жарым метр. Ойпаттау жеріне түстім бе деп суырып алып, басқа жерінен салды. Тағы сол деңгейлес. Осы сәт судың түсі қошқылданып кеткенін байқады. Бетінде ақ көбіктер қалқып жүр. Бағана мән бермеген екен, құлағына әлдебір гүріл шалынатындай алыстан. Өзен бойындағы тал-теректерді мекендеген құстар да қойша жамырап, шұрқырап кетіпті. Бір жамандықты сезгендей жүрегі соларға қосылып дүрсілдеп ала жөнелді, маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті.
Тұра салып бөгеттің басына қарай жүгірді. Жүгірді деген аты болмаса, екі қолымен жер тіреп сай табанынан беткейге тасбақаша тарбаңдап, жас балаша еңбектеп шықты. Буын-буыны дірілдеп тәлтіректеп барады, екі-үш рет сүрініп тұрды. Судың гүрілі күшейіп бара жатқандай, әлгіндей емес, жақыннан естіліп жатыр. Бөгеттің басына жеткенде, өзен бойындағы ағаштардың теңселіп, кейбірінің шатырлап сынғанын көзі шалды. Артынша, кісі бойындай биіктікпен алғашқы тасқын тоспаға келіп соғылды.
Тура осы көріністі Темір талай мәрте түсінде көрген. Өңім бе, әлде түсім бе дегендей көзін уқалап жіберіп қайта қарады. Расымен де Күркіреу кәріне мініп, сойқанды салмаққа бекінген секілді. Қап-қара боп түтіккен қалпы бар екпінімен бөгетті қойғылап, кері лықсып қайтып жатыр. Көптен күткен қатерлі сәт жеткен екен. Маңғаз бөгет пен асау өзеннің майданы басталды. Темір жалма-жан белдігіне қолын жүгіртіп, рациясын іздеді. Бағана жығылған кезде түсіп қалған болу керек, таппады.
– Атаңанәлет, – деді. Кімді, не үшін боқтағанын өзі де парықтамады. Үйге жүгіріп жетіп ауданға хабар беруге бір оқталды да тежелді. Бөгетті иесіз тастап кетуге болмас. Оларға хабарламаса тағы болмайды, етекте елді-мекен бар. Көшіру керек! Бұл тасқынның басы ғана шығар, әлтемен тіпті құтырып кетпесіне кім кепіл. Техникалық мінездемесіне сәйкес бөгет жеті млн текше метр суды ұстап тұра алады. Бірақ салынғалы бері ешбір сынақтан өткен жоқ, сондықтан оның төзімділігіне де сену қиын. Құдай бетін ары қылсын бөгет жарылса не болмақ. Жиырма шақырымдағы қалаға жиырма минутта жетеді. Одан кейінгісін ойлаудың өзі қорқынышты. Темір қалшылдап кетті. Есалаң адамша бөгеттің о басына бір, бұ басына бір жүгіріп далбасалады. Ақыры, ешқайда кетпеуге бекінді. Су көтерілгенін көрсе аудандағылардың өздері де жетуі тиіс. Бірақ дер кезінде хабарламағаны үшін сөгіс алатыны анық, жұмыстан қуса да мейлі, тек бөгет аман қалса екен. Темірдің қазір одан басқаны ойлауға мұршасы жоқ.
Күн төбеден ауып, тау іші қоңыр көлеңке тарта бастапты. Алыстан қарағанда бөгеттің танауы секілді көрінетін қос тунел ернеуіне мелдектеп толған күйі құсып жатыр. Әлдене есіне түскендей, «атаңанәлет»,– деді тағы да тісін шықырлатып. Күзде күрделі жөндеу жұмысын жүргіземіз деп, су ағатын бірінші тунельді басшылықтың өздері қояр да қоймай жүріп жапқызған. Басында екпіндері тау қопарып, теңіз көшіретіндей «әйтеміз, бүйтеміз»,– деп келіп еді, кейіннен сұйылып кетті. Қаражат бөлінбеді ме, әлде басқалай себеп болды ма, жөндеу жұмыстары қыстай қаңтарылып тұрды.
– Бетондары босай бастапты, жиегін цементпен сылап шегендеу керек, су сүзетін тор көз рещеткасын ауыстырмаса болмайды, – деп Темір де рациямен тілдескен сайын шырылдады.
– Мақұл, мақұл дегеннен өзге жауап естімеді. Бірақ олар мақұлдаған сайын, Темір түңіле берді. Ақыры ешкімге айтпастан оншақты күн бұрын түннелді өзі ашып жіберген. Сонысы ақыл болған екен. Мынадай аласапыран кезде талай жылдан бері жөндеу көрмей, бұрандалары тот басып тұрған туннель ашылмай қалса қайтпек еді. Жалғыз туннельдің жиналған суды жіберіп үлгеруі екіталай. Бір қырсықтан құдай сақтады.
Темір өзенді бойлай дүрбі салды. Су көлемі әуелгіден көбейген секілді. Жайшылықта секундына он бес, жиырма текшеметр су келетін, қазіргісін болжап болмайды. Негізгі он бір суағардың барлығына су барғанына қарағанда кемінде үш жүз, төрт жүз текше метрге жеткен болар. Апат кезінде іске қосатын бес суағарды барып тексерді. Бөгет салынғалы бұл бесеуіне жаңбыр тамшысынан өзге ылғал тиген емес. Бүгін енді сыналар кездерің келді дегендей Темір әрқайсысының бұрандасын бір-бір ұстап тексеріп шықты. Лаж болса бұларға суды жеткізбеу керек, келгенін келгендей арнаға салып отырған жөн. Ауданда, облыс орталығында өткен оқу-жаттығу кездерінде бұған әбден машықтанған.
Күпәйкесін сыпырып тастап, қолына сом темірді нығыздап ұстаған күйі бөгетті бойлай төмен жылжып барып, кілт тоқтады. Ұмытып кетіпті, татар бастық былтыр үрлемелі қайық жеткізіп берген. Жақсылап бүктеп, су тимейтін жерге тығып қойған еді, соған қарай жүгірді. Мұның да болғанына шүкірлік айтып, өзімен-өзі күбірлеп жүріп, желін толтырды. Бұл кезде ымырт үйіріліп кеткен. Екіашаның аспанына ай шыққанша қою қараңғылық көз байлайды.
Тасқынның гүрілдеген дауысы түн баласы тіпті қорқынышты естіледі екен, адамның зәресін ұшырады. Дегенмен бағанағыдай емес, Темірдің еті үйреніп қалғандай. Суағарлардың жағдайын барлап келейін деп қайыққа мінді. Өзінің ескек есе алмайтынын сонда білді. Еспек түгіл қайыққа алғаш отырып, айдынға шыққалы тұр. Есесіне малтуды бір кісідей біледі. Тауда өскенмен шағын көлшіктерге шомылып жүріп сүңгуді де, жүзуді де тәп-тәуір меңгерген. Алда-жалда қайық аударыла кетсе, жан сақтап қаларына сенімді.
Ептеп жылжыды, бірақ жүрісі өнер емес. Қайығы әлденеге тіреле беретіндей. Енді байқады, су беті түйдек-түйдек мұздар мен майда-шүйде тал-шыбық, шөп-шаламға толы. Қайықтың тұмсығына тіреліп, ілгері бастырмай тұрған солар екен. Көл бетін бұлайша жауып тастаса, суағарлар әлдеқашан бітеліп қалған шығар деп ойлады. Қайықтың алдын аршып, солай қарай асығыс беттеді. Біріншісіне тақап барды. Қолы жеткен жерді қолмен, қолы жетпегенін ескегімен түрткілеп көзін аршыды. Екіншісіне жетті, одан кейін үшінші, төртінші, бесінші, он біріншіге дейін жалдап барып қайтты. Қайтарында келген ізімен жүріп өтті. Тағы да бітеліп қалған, тағы да тазалады. Бағана жаураған секілді еді, енді ыстықтай бастады.
Аспанда ай туыпты. Айдалада сумен алысқан жалғызға болысайын дегендей ол жарықтық албырап, алтын тегенедей жарқырайды. Бағанағы бұлттарды қойға тиген қасқырдай тырқыратып жел қуып тастапты, үйірінен адасқан қаңғыбас шоғырлар айдың жүзін жасыра алмады. Айнала толық көрініп тұр. Темір судан басын көтеріп жан-жағына қарап еді, судың бетінде түйдектелген қар мен мұздар жылт-жылт етіп, құртша жыбырлайды екен. Алдыға қарай ентелеп келе жатқан қалың жаудың қолына ұқсатты.
Суағарлар қайтадан бітеліп қалған екен, тағы да аршыды. Осылайша ары-бері қанша жүргені белгісіз, әбден сілікпесі шығып шаршады. Үсті де малмандай су болды, қайығын жағаға тақап, бірнеше рет төңкеріп суын төкті. Таңға жуық алтыншы суағардың аузына көлденеңнен түскен бөренені алып жатқанда, қайығы аударылып кетті. Сол кезде сол жақ аяғы шым ете түскендей болған, сіңірі тартылып қалған екен. Тастай су тереңге қарай тартып барады. Қос қолын ербеңдетіп, көл бетіне шықты, жағаға барып аяғын жазып алмаса болмайды. Бағанағы бөрене енді өзіне сүйеу болатындай. Бір қолымен құшақтап, екінші қолымен малтып ілгерілей берген, толқынмен қозғалған сеңнің бірі көкжелкеден келіп түйіп өтті. Ұрып қана қоймай толқынмен күш алып алдыға қарай кимелеп, ығыстырып барады. Жалт беруге мұршасын келтірмеді. Суағардың құдығына аққан сумен бірге құлдилай құлағанын біледі. Одан кейінгісі өңінен көрі, түсі секілді.
Әлдеқандай күш көтеріп ала жөнелген. Құлағынан гүрілдеген дыбыс кетер емес, қарақошқыл түнектен көз алдындағы ештеме көрінбейді. Кенет сол түнектің етегі түріліп, жап-жарық сәуле пайда болды. Көзі қарлығып, әрең ашты жанарын. Жан-жағына қарап еді, үш қадамдай жерде әкесі тұр екен. Бұрынғыдай сары күпәйкесін жағасын көтеріп киіп алыпты. Бағана бұл күпәйкені мен киіп шыққан едім ғой деп Темір үстін сипалап еді, жалаңаш екен. Әкесі ұлының ойын оқып тұрғандай жымиып күлді. Бірақ тіл қатпастан бұрылып жүре берді. Күркіреудің жағасында топталып өскен долана болушы еді, соның қасына тақап барды. Арғы жағы жарлауыт, өзен арнасы… Әкесі тоқтаған жоқ, арғы бетке өтпекші.
– Әке!.. Әке!.. – деп ышқына айқай салды. Әкесі бұрылып бір қарады да қайта алға адымдады.
– Әке, Күркіреу тасып жатыр, абайлаңыз! – деп бұл тағы айқайлады. Бірақ әкесі қарайламады, өзенге күмп беріп түсіп кетті, келер сәтте арғы жағалаудан қол бұлғап тұрғанын көрді. Енді байқады, атасы да сол маңда отыр екен. Қасында өзінің асына сойылған Көкбайрақ аты жайылып жүр. Екеуі шүйіркелесіп біраз тұрды да мінгесіп кете барды. Темір орнынан тұрайын деп еді қозғала алмады, айқайлайын десе үні шығар емес, тұншығып барады.

***

Күркіреудің суы көтерілгенін ести сала атқа қонған ауданның төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері бөгеттің басына таңғы сағат сегіздерде жеткен еді. Төңкерілген қайықты көріп, күзетшіні суға баттыға жорыған құтқарушылар көлдің асты-үстін түгел сүзді. Соңыра арнаны бойлай іздеу салған. Темірді бөгеттен бір шақырым жердегі топталып өскен долананың жанынан тауып алды. Асауша тулаған Күркіреу қай құдіретпен екені белгісіз, жағаға лақтырып тастап кете барған. Темір екі тәуліктен соң ғана есін жиды. Аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр екен. Айнала толған дәрігерлер, барлығы мұны айналшықтап шыр-пыр болып жүр. Маңдайынан сипайды, бетіне күлімсіреп қарайды.
– Бөгет аман ба? – деген тілге келген кезде. Дәрігерлер аузын жыбырлатып, бас изескен. Әлдекімдерге телефонмен қоңырау шалып жатыр. Әдеміше келген бір мейірбике құлағына тақап келіп, сыбырлады.
– Сүйінші!.. Сүйінші!.. Ұл… ұл, – дегенін ғана естіді. Қайтадан талықсып кетіпті. Қанша жатқаны белгісіз, көзін бір ашқанда көргені шешесі мен бауырлары отыр екен. Артқы жақта келіншегі құндақтаулы сәбиді көтерген күйі түрегеп тұр. Сөйтсе… Ауруханаға әйелі екеуін қатар жеткізген. Тап сол күні толғағы қысқан келіншегі шекесі торсықтай ұл туыпты. Атын әжесі Тасқын деп қойған. Ал арнаға құлағанда Темірдің сегізкөзі тасқа ұрылып, жұлынына зақым келген.
– Аяғыңнан тұрып кетуің неғайбыл, – деген дәрігерлер. Ағайын-туғандары ауданнан қайыр болмаған соң, Алматыға алып барды. Астанада ашылған жаңа медициналық орталық мамандарына көрсетті. Емші, тәуіптерді тобымен шақыртты. Бірінен қайыр болсайшы… Қазір Президент іс басқармасына қарасты ауруханада жатқанына айдан асты. Күтім жақсы, тек дертінің дауасы табылмай тұр. Көңіл пәс. Күннен-күнге белден төмен қарай семіп барады. Өзі де алпамсадай нар жігіт еді, қушиып азып кетті. Бәрінен де бала-шағасын ойлайды. Өзім жетпеген жетістікке ұл-қыздарымды жеткізсем, оқытып, ел қатарына қоссам деген арманы бар еді. Күні-түні жаратқанға жалбарынады.
Палаталас жігіт оянған секілді. Балдағын таянып тұрды.
– Аға, қалыңыз қалай? Мереке құтты болсын!
– Мереке? Неғылған мереке?
– 7-мамыр ғой бүгін. Отан қорғаушылар күні.
– Ә, рахмет, Мұрат! Қалай демалдың? Бүгін де түнімен сөйлеп шықтым ба?!
– Әлдекімді іздегендей болдыңыз. Бірақ күндегіден тыныш ұйықтадыңыз. Байқауымша оңалып келесіз.
– Бақытты бол, айналайын!
–Аға, теледидар көрейік.
Жауап күтпестен, секеңдеп барып теледидарды қосты. Артынша Темірдің басын көтеріп, арқасына жастық тіреп, отыруға ыңғайлады. Күндегі әдеті. Өзі жас та болса сұңғыла, елгезек. Телеарналардың эфирлік кестесін жатқа біледі. Жаңалықтарды жібермей көреді, мағыналы бағдарламаларды тамашалайды. Кітап оқиды.
Таңғы жаңалықтар басталған екен. Көзілдірік таққан сымбатты жігіт соңғы ақпараттарды судыратып оқи бастады. Сириядағы соғыс өрті өршіп барады… НАТО әскері ауған жерін тастап шықпақ… Өзіміздің елде «Патриоттар форумы» өтіпті… Жер-жерде ардагерлерге құрмет көрсетіліп жатыр… Хабар соңында Ақордада болған мерекелік жиынды көрсетті. Президент әскерилер мен құқық қорғау саласының бірнеше қызметкеріне жоғарғы шен тапсырып, біразына мемлекеттік наградалар беріпті. Журналист өртеніп жатқан үйден екі баланы алып шыққан полиция инспекторымен сұхбаттасқан екен. Екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған жігіт ерлігінің ескерілгеніне алғыс айтты.
– Аға! – деген осы тұста Мұрат.
– Әу…
– Cіз де ерлік жасадыңыз емес пе?! Неге сізді ұсынбады осындай атаққа?
– Мен ерлік жасадым ба?! – деді Темір күмілжіп. Қапелімде аузына басқа сөз түспеді.
– Сіз болмағанда бөгет жарылып, етектегі ел суға кетер еді. Сіз өз өміріңізді құрбандыққа шалдыңыз емес пе?! Сіз бірді емес, жиырма мыңдық тұрғыны бар қаланы құтқарып қалдыңыз ғой. Осыны неге білмейді, мыналар?! Ерлік неге ескерілмейді біздің қоғамда?!
Төсекке таңылғалы бері Темір талай түнді ұйқысыз өткеріп, небір ойдың шырмауына шатылып, қиялымен біраз қырды шарласа да мұны ойламапты. Мұратты үнсіз тыңдады.
– Сол күні басыңызды қатерге тікпегенде осыншалықты азапқа түспес едіңіз. Айтыңызшы, аға, рас па осы?! Рас па?..
Мұраттың көзі боталап кетіпті. Тап қазір балдағын тастап жүгіріп кететіндей қызынып тұр.
– Бала-шағаның қасында ойнап-күліп отырар едіңіз ғой, аға! Рас па осы?!.
– Рас айтады-ау, – деді ішінен Темір. Сол күні жан сауғалағанда қара жердің үстінде қаздаңдай басып жүрер едім-ау, шынымен де… Бала-шағаның қылығын қызықтап күлер едім-ау, әйелімің баптап берген асын ішіп, еркелете сүйер едім-ау… Бірақ… Бірақ әкенің аманаты қайда қалады? Азаматтық парыз, халықтың көз жасы?..
– Жоқ, – деді Темір жұлып алғандай. Дауысы қатты шыққаны соншалық Мұрат селк ете қалды.
– Өмір бақи мүгедек болып өтсем де сол күнгі әрекетіме өкінбеймін. Разымын тағдырыма…
– Сіз, сіз… Сіз, нағыз батырсыз, аға! Бейбіт күннің батырысыз!
Мұраттың дауысы жарықшақтана шықты, жанарындағы жасты көрсетпейін дегендей ақсаңдай басып келіп Темірді құшақтай алған. Балаң жігіттен тазалық пен жылылықты қатар сезген Темірдің де тұла-бойы балқып, көз алды тұманданып кетті. Санасы Күркіреудің суындай аласапыран. Осы кезде түндегідей табаны тағы шымырлады. Бұл жолы дуылдатып әкетіп бара жатқан соң қабырғаға орнатылған қоңырауды басып дәрігерді шақыртқан.
Бір жылдан бері жансызданған аяққа жаңадан қан жүгіріп, башпайлары жыбырлай бастағанын Темір сол сәтте білген жоқ.

 

                                                   

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған