Ұлыма (хикаят)

                                             

Қоңыртөбенің ұшар басына шоқиып отырған күйі түнгі аспанмен тілдескендей ұзақ ұлыды. Сай-сүйекті сырқыратар дауыс сай қуалап, жартас соғып біраз жүрді де Арасанның қалың қорысына сіңіп барып дамылдады. Текшелі мен Шетендінің де жыра-жықпылы бір жаңғырып басылды. Тұяқтының жүрегін суылдатып, қанаттының бөтекесін бүлкілдеткен өткір үн азулының қанын ойнатып кеткен. Түнқатар бөрілер әр тұстан менмұндалап атып-атып шықты. Күндізгі тіршілікті қайдам, ал қара түннің қожайыны біз дегендей жан-жақтан ұлып үн қосты. Жайлауда жекешенің малын бағып отырған Аққасымның төбеттері қораның айналасына талтайып-талтайып тұра қалып, тауға қарап әупілдеп үрді. Қой айдайтын кәндектері қыңсылап киіз үйге тығылды. Тұс-тұстан қасқыр ұлып, ит шәуілдеп жатса да Аққасым тарсылдатып мылтық атқан жоқ. Елегізіп, басын көтерген әйеліне естірте:
– Ұлыма ғой, ит-құсты ұлардай шулатып жүрген, қыдыңдамай жатшы-ей,– деді де көрпесін бір сілкіп, оң жамбасынан солға қарай аунап түсті.
Сол түні қасқырлар таңға ұлыды.

***

1- бөлім. Беймәлім аңшы

Оның азан шақырып қойған атын біз білмейміз, сіз де сұрамаңыз! Бұл өлкеге қайдан келді, басынан не өткерді, неғылған жан? – деген сұраққа ептеп айтар жауабымыз бар. Әуелі көрген адам – Адгонбай. Жамантының сайына көктемде кіргізіп жіберген сыйырын күзде айдап түсуге барғанда жолығыпты. Ауыл иттерін абалатып, кешкі апақ-сапақта жын ұрғандай аттандап жеткен.
–Жамантының ішінен аю адам көрдім, – деген есі ауысқандай алақтап.
–Қолында мылтығы бар, моңғол торының ұшқырлығының арқасында қашып құтылдым,– деп ақкөбік болған атын ойнақтатқан.
Жамантының сайында бұрынырақта аю болған деседі. Алтынбек мерген матайын* атқан соң, қонжығын ерткен қоңыр кірекей* ұшты-күйлі жоғалыпты. Біреулер «Суықтөбені сағалап кетіпті» десе, енді бірі «әлі жүр екен, бәлен көріпті, түгенді қуыпты» деп көпіртетін. Енді міне, Адгонбай аю емес, аю адам көрдім деп отыр. Көркембайдың көктем сайын көтеріліп басылатын қызы тауға қашып, тас құшақтап, тастай суға шомылып жүруші еді ілкіде. Сондай бір сапардан оралмады бейшара. Ауыл болып іздеп, өзен жағасынан дал-дұлы шыққан көйлегін ғана тауып әкелген. «Суға кеттіге» жорылып жаназасы шығарылған. Бәлкім, сол қыз аюмен жолығып… Мүмкін, екеуінен бала туып… «Аю дәу» ертегісін білетіндер «астапыралла» дескен.
– Әй көргенің адам ба, аю ма? – деген ештеңенің мәнісін ұқпаған жұрт.
– Аю, ойбай аю, аю сияқты адам, – деген Адгонбай тағы да екіұшты сөйлеп.
– Аю болса қолында мылтық қайдан жүр оның?
–Әй, қайдам онысын, қаным кеуіп кеткен соң Жүкебектің қайнарына етпеттей құлағам… Атым әлденеден үркіп, сүйрей жөнелді. Тапырақтап барып әзер тоқтап артыма қарасам, тура көк желкемдегі шоқыда үсті-басы алба-жұлба бірдеме отыр. Зәремнің ұшқаны соншалық моңғол торыға қалай қарғып мінгенімді білмеймін.
–Түрі қандай екен өзінің?
–Көзі жаман екен, өңменнен өтердей.
–Мылтығы бар дедің бе?
–Ойбай-ау, атты емес пе артымнан тарсылдатып. Бір оғы тура құлағымның түбінен зуылдап өтті, оқ деген пәле ыстық болады екен ғой, құлағымды күйдіріп жібере жаздады, – деп оң құлағының сырғалығын сипап қойды.
Тап осы кезде жиылған жұрт жамырай күлген. Адгонбайдың аңғалдығын, жанынан қосып сөйлемесе басы ауыратын мақтаншақ, мылжыңдығын білетін ауылдастары басқасы шын болса да құлақтың түбінен өткен оқтың өтірік екенін сезген. Әзілі жарасқан қатарластары бет-ауызын қисаңдатып, қылжаққа айналдырды.
– Опырмай-ә, – деп таңырқады Жотанның Азаматы көпе-көрнеу аңқаусып.
– Адгош, аман қалған екенсің, таңдайыңды көтерейінші, – деп тағы бірі іліп әкетті.
– Бір малды құрбандық қылайық, – деп Адгонбайдың қорасындағы азғантай қозы-лақтың сирағына жабысқандар да табылды. Адгонбайдың өзі күлген жоқ, әлгі қылжақбастардың барлығын бір ауыз сөзбен жақсылап тұрып сықпыртты. Борша-борша болған торының тізгінін қоршауға іле салып, керзі етігін тарп-тарп басып, бұлқан-талқан ашуланып үйіне кіріп кетті.

*Матай- аюдың еркегі
*Кірекей-аюдың ұрғашысы

***

Адгонбай аю көрген күннің ертеңіне бір топ жамантылық атқа қонды. Жолбастаушы адгонда* туған батырдың өзі. Бір-бір мылтықты асынған жігіттерге ауыл ақсақалдарының тапсырмасы оңай емес. Аю болса атып келу керек, адам болса алып келу керек.
– Ел аман, жұрт тынышта кісіге мылтық кезенген мықтының әуселесін көрейік, – деген шалдар шіреніп.
– Мілітсияға тапсырып, түрмеде шірітейік өзін, – деп кемпірлер күпінген.
Сол күні бүкіл ауыл жол тосты. Жамантының аузына қайта-қайта дүрбі салып, қарауыл қарады. Құдайдың күні құбыла тұсқа барып сіңгенше қарулы жасақтан хабар болмады. Үйді-үйде шам жағылып, шал-кемпірлер ақшам намазын оқи бастаған тұста, тау қопарып, тас шауып келгендей ауылға дабырлай кірген барлығы. Атқан аюы, ұстаған адамы да жоқ. Ермектері – Адгонбай. Әрқайсысы келіп бір түйрейді, әр сөз сайын іліп-қағады. Моңғол торының сілікпесі шығып болдырғанына қарағанда сол түйрегіштердің әрбірімен алысам деп жүріп Адгонбай да діңкелеген. Адгонбайдың аю деп жүргені адам екен, адам болғанда да ырыздығын мылтық ұшына байлаған аңшы көрінеді. Ешкімге де оқ атпаған.
– «Амандасайын дегенімде тұра қашты», – депті. «Жын-пері емес, жұмыр басты пенде екенімді сездіру үшін әдейілеп аспанға мылтық аттым. Бірақ Адгонбай қорқақ екен, одан сайын моңғол торысын қамшылады», – деп ұялтыпты. «Қолға түскен тұтқындай сендерге ілесіп барғаным жараспас, ақсақалдарға сыралғысын алып бірер күнде жетермін», – деп мұртын сылапты. «Сыралғы» дегенде жағына пышақ жануға болатын Қыдырбай шалдың жүдеу реңіне қан жүгіріп, көзі жайнап кетті. Аузы бет әлпетінің жартысын алып тұратын Балпанақ жалпақ тілімен дүрдиген ернін бір жалап алды. Селдір сақал Қамысбек те тамағын кенегендей болды. Жамантының жеті-сегіз шалының барлығы да еліктің қуырдағы есіне түскендей тамсанып, қутыңдай қалған. Айтқанындай-ақ, бейтаныс аңшы ертең жоқ, бүрсүгүні түс әлетінде жетті.
Жасы елуді еркін еңсерген еңселі адам екен. Беліне қарын байлап, бойына артық ет дарытпаса да сүйегі ірі, кеуделі. Қалың қабақтың астындағы отты жанары қылт еткенді қағып түсер қырандай, байқампаз. Дөңестеу келген мұрыны, дөңгелек жүзіне айбар беріп тұрғандай. Қарлығаштың қанатындай қап-қара мұрты ұртына жетер тұстан өрге қайырылыпты. Иегі жалаңаш деуге келмейді, бірақ ұйысып та өспеген, сирек шыққан егіндей селдір сақал. Мінгені жатаған келген кертөбел. Жетегінде құла қасқа байтал. Құла қасқаға екі елікті теңдеп салыпты. Жол тосып тұрған жұртқа таяғанда аттан секіріп түсіп, оң қолын төсіне қойып басын иді. Ешкіммен қол алысып амандаспады.
– Ағайын, армысыз! – деген гүрілдеп.
– Бар бол, балам! – деді шалдар балаша жамырап.
–Алдарыңыздан өтуге келдім. Қоныс болар жер іздеген, қоңсы болар ел іздеген адаммын. Рұқсат болса, Жамантының ішін жайласам деймін, қанжығамды майласам деймін. Өзім жалғыз болғанмен олжам көптікі, мынау алғашқы нәсіптеріңіз, – деп бөктергісін қамшымен бір салды. Адгонбайдың «аю адамын» сырттай сынап, үрке қарап тұрған кейбіреулер селк ете қалды. Өзі секілді сөзі де кесек екен. Түйдек-түйдек тіркестер жамантылық жұртты жібіткенмен «ауыл итінің құйрығы қайқы». Ер-азаматтың ешбірі елпілдей қоймады. Олардың ішіндегі күмән-күдік әйелдерінің аузымен сыртқа шықты.
– Түрмеден қашып жүрген қылмыскер болмасын…
– Конокрад шығар, өзінің түсі суық екен…
– Милицияға хабарлап қою керек, тексерсін, – десіп, әр тұстан күңкілдеген. Осы уақытта сексенге таяп қалған Қылышбек шал бір қадам алға шығып, оң қолын көтергені сол еді Жамантының суы да ағысын тоқтатқандай тыныштық орнады.
– Ел іздеп келсең еліміз бар, жер іздеп келсең жеріміз кең. Үйге түс, танысайық, білісейік. Балалар аңшының атын байлап, бөктергісін босатыңдар, – деп өзі қаумалаған көпті қақ жара жол бастады. Епті жігіттердің бірі кертөбелді жетектеп апарып, мама ағашқа қаңтарды. Бірі құла қасқаның үстіндегі екі елікті аударып алып, жалма-жан терісін сыпырып, мүшелеп, жіліктеуге кірісті.
Жаманты Ақтерек қой совхозының бөлімшесі санатындағы шағын елді-мекен. Айналдырған қырық түтін. Жаныстың Айдос, Жандос аталарынан тарайтын бұл қырық үйдің татулығы қырық жіппен байланғандай берік. Қариялары түгіл жастары ұялас күшіктей ұйымшыл. Бүгін де жалғыз атты аңшының қарасы көріне сала бәрі істеп жатқан ісін, ішіп отырған асын тастай сала ентелей жеткен. Ақсақалдардың ықыласын байқаған соң, ешбірі тартынып қалған жоқ. Еркектер жағы білегін түріп, әйелдер алшалғышын іліп іске кіріскен еді. Қылышбектің ауласынан жерошақ қазылып, көршілерден ыдыс-аяқ тасылып, тап бір беташар, сүндет тойдың қарсаңындағыдай қарбалас басталып кетті. Әп-сәтте иісі бүкіл ауылды шарпыған қуырдақ та дайын болды. Сыйғаны үйде, сыймағаны далада отырып, Жамантының жұрты екі қазан қуырдақты таласа-тармаса тауысты. Балалар жілік шағуға кірісіп, асыққа таласып, ересектер тіс шұқу үшін шыбық сындырып, ши іздеп жатқанда кертөбелге мініп, құлақасқасын жетелеген аңшы да тауға қарай желе-жортып бара жатқан.
– Ойбу, жөн сұраспадық қой, – деген Адгонбай айналасына алақ-жұлақ қарап.
– Отала келгендей, келуінен кетуі тез болды ғой, – деп өзгелер қоштады.
– Өздерің емес пе үлкендер отырған дастарханға жоламай, қатын-қалашпен жағаласып қазан-ошақты төңіректеп жүрген. Бар әңгімесін аталарға айтты, қариялардың батасын алды, – деді бағанадан бері шалдарға шәй құйып жүрген келіннің бірі. Сол-ақ екен, беймәлім аңшы туралы әңгіме ауыздан-ауызға көшіп берді. Үлкен дастарханға ет тураған епті жігіттердің айтуынша Дегерестегі Алтынбек мергеннің тәлімін алған шәкірті екен. Тіршілігінде үш мәрте оңқа* тұрғызған Алтынбектің аты аталғанда ауыл шалдары төңкеріліп түсіпті. Өзінің сүйегі Түкетуыс көрінеді, мекені – Алматының шығысындағы Таутүрген.
– Ә, алыс емес екенсің, біз де Бәйдібектің бір баласымыз, – деп ақсақалдар арқадан қағып, пейіл беріпті.
– Жаманты жеті атамыз жайлаған жұрт, бабамыздың сүйегі қалған жер. Оның әрбір аң-құсы мен құм-тасы қымбат. Бірақ таудың тағысын қызғанамыз ба, саят құрып аңшылық жасасаң жаса, тек ит-құс деген тентегін ашындырып алмағын. Олар құтырса кесірі саған емес, бізге тиеді, – депті. Шарт жүгініп алып, қуырдақты қарбыта асаған аңшы қариялардың айтқан ақылын үнсіз тыңдапты. Кетерінде қамшысын бүктей ұстап:
– Сенімдеріңізге селкеу түсірмеспін, – деп серт еткен.
– Әй, аты кім екен өзінің? – деп қазанның түбіне қатқан қаспақты қыртылдатып қырып жатқан кексе қатынның бірі сөзге килікті.
–Атын сұрап қойнына бармақпысың? – деп қылжақпас қайнысының бірі қағыта жөнелгенде екіншісі:
–Ақсақалдарға атын айтқан-айтпағанын білмедім, әйтеуір елікше маңырап, қасқырша ұлимын, – деп мақтанып отырғанын құлағым шалды, – деп аңқау жеңгесін күлкіден арашалап, әңгімені басқа арнаға бұрды.
– Ойпырмай, – деп таңданысқан сол маңда отырған кәрі мен жас.
– Жүгірген аң, ұшқан құстың тілін білетін сұңғыла болды ғой…
– Тегін адам емес. Жапалақтың көзіндей көкпеңбек жанары жалтылдап тұр ғой, шіркіннің…
– Әй, қой. Аңшылар асырып айтатын жұрт, – деп қайдағы бір аңшыға қоғадай жапырылғандарды жақтырмай отырған біреу кері тартты. Осы кезде самаурынның кернейінен шыққан көк түтінді үрлеп, қақалып-шашалып тұрған Адгонбай сөзге араласты.
– Қасқырша ұлиды дейсің бе, Сапка? – деп жаңағы тосын жаңалықты хабарлаған Сабыржан атты тауықтың балапанындай сап-сары балаға сүзіле қарады. – Ендеше, оның аты Ұлыма ғой, Ұлыма болсын… Несіне бас қатырамыз, – деді тауып айттым дегендей қутыңдап. Отырғандардың бірі құптап бас изесе, кейбірі қу тілді жігіттің тапқырлығына күлісті. Енді бірі:
– Әй, Адгош, енді тауға барсаң абайла! Бұл жолы қалқиған құлағыңды емес, тура шақшадай басыңды қарауылға алып, қасқитып жүрмесін, – деп қалжыңдады. Олардың тағы да қылжақтауға бет алғанын байқаған Адгонбай желіккендердің сөзінен қашып, самауырдың оты өшпесе де түтінін бықсытқан күйі көтере-мөтере үйге кіріп кетті.

*Адгон – қыс пен күз айларында айларында мал жаятын жазық аймақтағы жайылым.

*Оңқа тұрғызу – Жетісу мен қырғыз аңшыларында көп қолданылатын сөз. Атқан арқары құламай тікесінен-тік тұрған күйі жан тапсырса, соны оңқа деген. Құралайды көзге атқан мергендер ғана оңқа тұрғызған.

***

Жамантының жұрты Ұлыма атап кеткен бейтаныс аңшы етектегі ауылға екі айда бір соғады. Құлақасқаға артқан борсық, суыр терілері мен елік, арқар мүйізін Саят саудагерге арзанды-қымбатты сатады. Ақысына екі қоржынның басын толтырып азық-түлік алып тауға қайтады. Көп сөйлемейді, анау-мынауға күйіп-піспейтін біртоға. Бірақ бір сөйлесе есіп сөйлейтін шешен, әрі уәдеге берік. Қолы да ашық. Атқан аңын көңілі түскен адамның қанжығасына байлап кете беретін мәрт. Қылышбек секілді ауылдың сөзұстар шалдарына ай аралатып сыбаға жегізеді. Өзгелерді де өкпелеткен кезі жоқ. Оның көңілшектігін біліп алған жұрт, кездесе қалса бала-шағаның қызылсырап жүргенін айтып, құлаққағыс қылады. Үйіне қонаққа шақырып, көже тамыр болуға тырысады. Бүгін де құлақасқасын жетелеп ауылға кіргені сол еді, Жамантының жұрты Саяттың дүкеніне импорт тауар түскендей жан-жақтан ағылды.
– Келінім жүкті еді, – деді күреске шығар балуандай теңселе басатын Ханшай кемпір екі иінінен дем алып тұрып. – Еліктің етіне жерік пе тұқымың өскір, тауға қарап иіс алатын болып жүр…
– Біздің үйдегінің емізулі баласы бар ғой, Ұлыке! Дәметіп қалып, емшегі ісіп жүрмесін, маған да бір жіліктісін қарастыр, – деп ауылдағы судың бастығы Секелек мұрап құлақасқаның біресе ана жағына, біресе мына жағына шығып секеңдеп жүр. Ал, ойын қуған қараборбайлардың екі көзі Ұлыманың брезенттен тіккен тарғыл қоржынында. Әдетте соның ішінде құлжаның төрт-бес сақасы жатады. Қазір де қос басы жетім қозының қарнындай тырсиып тұрған тарғыл қоржынның түбіне тас салып қойғандай томпаяды. «Дәу де болса сол сақалар шығар», – деп балалар да ентелейді.
Ұлыма аңның мүйіз-терісін саудалағанмен, етіне ақы алмайтын. Етке толы тарғыл қоржынды бір ырғап, дүңк еткізіп жерге түсірді. Осы кезде көшенің арғы басынан делеңдеп шауып келе жатқан Адгонбай көрінді. Тұмағының құлақ бауы ағытылып кетіпті, әлдене деп айқайлап келеді.
– Осы жынды-сүрейдің ырымы жаман, айдың-күннің аманында иттерді абалатып шапқылайды да жүреді, – деп Ханшай кемпір жақтырмай тыжырынды.
– Е, Адгоштың аяңдап жүрген кезі бар ма, мұның астына түскен аттың өзі шабыс тілеп тұратындай, – деп Секелек мұрап мұртын шиырды. Сол екі арада Адгонбай да жаяу жүгіріп келгендей, алқына жеткен. Келе тарғыл қоржынға жармасты.
– Ет менікі… Ақысын төлеп қойғанмын, Ұлымаға екі пәшкі пистон бергенмін. Сол үшін түгел аламын, – дейді. Мықшыңдай көтеріп тарғыл қоржынды өзінің ұсқынсыз торысына артып алар ма еді, Ханшай кемпір килікпегенде. Қыдырбай секілді қаңғалақ шалдарды қолтығына қысып жүре беретін адуынды бәйбіше Адгонбайды көк желкеден ұстап бір тартқан. Атына қарай аттап-пұттап бара жатқан орапайсыз жігіт алдыға басқан аяғы артқа кетіп, тәлтіректеп барып күртік қарды кұйрықпен сүзіп құлады. Дар еткен дыбыс шықты.
– «Адгонбайдың желі шығып кетті», – деп ел оның бетіне қарады, ол жалма-жан бұтына үңілді. Көнетоз мақталы сымның ауы тігісінен сөгіліпті. Арғы жағындағы салтақ-салтақ сары дамбалы ғана абыройын жасырып тұр. Балалар тырқылдай жөнелді, Секелек селкілдеп күлді, Ханшай кемпір де «бәтуасыз неме», – деп мырс етті. Тек Ұлыма үндемеді. Адгонбайды қолтығынан көтеріп тұрғызды. Бағанағыдай емес, жуасып қалған.
– Қаладағы жиендеріме жүргелі жатыр едім, – деп әркімге бір жалтақтайды. Тарғыл қоржынға қайта жармасуға дәті шыдамай тұр.
– Еттен өлгендей не көрінді, осы еліктің басымен ұшықтайын ба, тура?! – деп Ханшай кемпір де бір-екі рет тап беріп ықтырған үстіне ықтырғысы келетіндей.
– Апа!– деген осы кезде Ұлыма гүрілдеп. – Бұ жолғысын Адгонбайға арнап әкелгенім рас! Бір ай бұрын келіп, қолқалап кеткен. Келесі олжам сіздердікі болсын.
– Ойбой, не дейді? Сенің таудан түскеніңді тосып жүреміз бе? Оған дейін келінімнің жерігі тарқамақ түгіл, туып алар. Берсең, мінекей. Буаз қатынның ақүрпігі*, – деп қазақы ердің қасына ілінген он алтының ұңғысына бір құлаш ақ кездемені келінге орамал жапқандай тастай салды. Талайды көрген әккі кемпір қара мылтыққа ақ байлау арқылы Ұлыманың да алдын орап, аузын буып тастағанын сезді. Аңшының көнеден жеткен дәстүрден аттап кетпесін біле тұра:
– Берсең бер, бермесең оныңды айт, – деп тағы нығызданды.
– Маған бір жілігі болса жетеді, Ұлыеке! – деп Секелек те қапталдай шапты.
Ойда-жоқта екі оттың ортасында қалған Ұлыма Адгонбайға назар салып еді, алдындағы асынан айырылған өкпешіл баладай бұртиып қалыпты. Онсызда ұзын мойыны солбырайып, иегі кіндігіне түсіп кеткен. «Не болса да, көндім», – деген рай танытады. Ұлыма таласқа түскен тарғыл қоржынды ортаға сүйреп әкеліп, өмірі қолғап киілмеген күс-күс қолын сүңгітіп жіберді. Бірінен соң бірі екі жілікті суырып алып, бірін Ханшайға, екіншісін Секелекке ұстата салды. Адгонбайға осы кезде жан біткен. «Кәделі жіліктер кетіп қалды ма», – дегендей жүгіріп келіп қоржынның екінші басына үңілді. Ұлыма тарғыл қоржынға қайта қол салды. Адгонбай: «ойбай-ау, маған түк қалмады ғой», –деген ренішін айтып үлгермеді, құлжаның екі сақасын суырып шықты. Етке таласқан ересектердің қылығын қызықтап тұрған балаларға қарай атып-атып жіберді де қайта қол сүңгітіп жабайттың* оншақтысын уыстап алып теңдей қылып үлестірді. Содан кейін ғана әлі де қайнауы басылмай тұрған Ханшай кемпірдің қасына барған.
– Тауға біреуді ілестіріп жіберіңіз, бұйырғанын алып қайтар, – деді тап бір Жаманты сайында арқар мен елікті көгендеп байлап, көзден таса қылмай жайып жүргендей сенімді сөйлеп.
–Оған кімді жіберсем?! – деп Ханшай ойланып қалды. Шал болса атқа мініп жүре алмас, бала Ақтеректегі жұмысында… Әй, сен немене қылып секеңдеп жүрсің, – деді кетуге ыңғайланып жатқан Секелекке бұрылып. – Қыстың көзі қырауда қара суды құдай алады дейсің бе, Ұлымаға еріп Ұлысудың* бойына барып қайт.
– Барайын апа, барайын, – деп Секелек елпең ете қалды. – Тек атым арықтау.
– Өй, сенің атың да өзің секілді өмірі көтерем болып жүреді, біздің бөрте жорғаны мін, – деді Ханшай шорт кесіп.
Арада шәй қайнатым уақыт өткенде жетегінде аты бар жалғыз жолаушы ауылдан шығып тауға бет түзеді. Оны шуылдасып шығарып салған жамантылық иттердің беті қайтқан сәтте ауылдың бас жағынан тағы бір салт атты қылаң берді. Есік пен төрдей бөрте жорғаға қаздия мінген қалақтай адам көшенің сыртындағы суағар арықтарды жағалап, ары-бері ойқастап жүрді де алдыңғы жолаушының соңынан ілесті.

*Ақүрпік (акрпык) – Аңшы олжасынан аяғы ауыр әйелдер ауыз тисе, мылтық пен қақпаны қырсығып қалады деген сенім болған. Егер жүкті әйел аңның етіне жерік болып тұрса, аңшы құралына “акрпык,” деп ақ түсті мата байлап, аңшыға кәдесін беріп барып еттен ауыз тиеді.

*Жабайт – еліктің асығы

*Ұлысу – Жаманқұл деген қайнағалары болған соң Жамантылық әйелдер Жаманты өзенін – Ұлы су, ауылды – Жақсы ауыл деп атайды.

***

Секелекті ерткен Ұлыма Жамантының ішіндегі тастан қаланған үйіне қас қарайғанда бір-ақ жеткен. Келе ас қамдауға кірісті. Секелекке қазанға су толтырып, от жағуды тапсырды. Екеуі кешеден қалған қуырдақты жылытып жеп, бір-бір кеседен майлы сорпасын ішті. Одан кейін Ұлыма даладан қаңғырлатып қалайы легенді алып кірген. Ішіне қазандағы қайнаған суды сарқып құйды да үстіне бір құшақ қураған шөпті тастай салды. Өзен бойында өсетін жалбыз, иманжапырақ, көкемарал секілді өсімдіктердің жұпар иісі лезде бұрқ етіп тоқал тамның ішін кернеп кеткен. Артынша екі шелек суық су құйып, араластырды. Қанжылым суға қолын малып отырып, Секелекке жүзін бұрмастан бұйыра сөйледі.
– Шешін!
– Не дейсің?
– Шешін деймін саған!
Секелек қушиған арық қана емес, қоянжүрек қорқақ адам еді. Селкілдеп кетті.
– Ойбай, бұл не мазағың? Не істемексің маған?
– Шешін, шомыламыз!..
– Бірге ме?
– Не, ұяласың ба?
–Жоға…
– Онда шешін де, суға түс!
– Не үшін?
– Аңға иіс алдырмас үшін…
Секелек сонда ғана сылқ етіп отыра кеткен. Келер сәтте қалайы легеннің ішінде басы қылтиып, рахаттанып жатты. Жолсоқты болғандікі ме бусанып жатып, ұйықтап кетіпті. Ертеңіне таң қылаң бере Ұлыма жұлқылап оятқанда әзер көзін ашқан. Қасқыр ішікті жамылып жатыр екен. Бұтындағы дамбалынан басқа түгі жоқ, тыржалаңаш.
– Киімдерім, – деп құнжыңдап іздей бастап еді.
– Қораның ішінде, – деп Ұлыма дүңк етті.
– О не қылғаның?
– Аңға иіс алдырмас үшін…
Секелек басын шайқап таңырқаған күйі далаға шықты. Әлі жұлдыздар сөне қоймапты. Төңірек ақ пен қараны айырғысыз қараңғы. Қораның терезесінен аспалы шам сығараяды. Табалдырықтан аттаған бетте күлімсі иіс қолқаны қапты. Төрде төбе боп терілер үйіліп жатыр. Киімдерін сол үймектің үстінен тапты.
– Мынаның есі дұрыс емес шығар. Аңға иіс алдырмақ түгіл, аңы құрып кетсін, киім-кешекті жидіп-биттеп кеткен тері-терсектің үстіне тастағаны қай сасқаны? Ұшынып қалмасам болды әйтеуір, – деп ызалана күбірлеп жүріп киінді. Оразасын аша сала екеуі атқа қонған. Жамантының сайымен өрлеп тоқтамастан жүрді. Он бір жылғаға жеткенде Ұлыма өзен бойлап кеткен. Бір кезде әлдеқандай мақұлықтың барқыраған даусы шықты. Бір емес бірнеше мәрте қайталанды. Артынша Қоңыртөбе мен Суықтөбенің қол ұстасар тұсынан тура сондай маңыраған үн талып жетті. Секелек анда бір, мұнда бір құлақ түріп жалтақтап тұрғанда өзен бойынан Ұлыманың сұлбасы байқалған. Келе атына қарғып мініп, үн-түнсіз, бөкен желіспен бүлкілдеп кете барған. Секелек салпақтап ерді. Ұлыма сол жүргеннен Қоңыртөбеге асып түсер тұстағы Шолақсайдың желкесіне міне тоқтады. Екі атты қалдырып, ары қарай жаяу тартты. Секелектің киімін шеңгел жыртып, бетін тікенек тіліп, өзінің өкпесі өшіп, діңкелей бастаған кезде Ұлыма жер бауырлай жата қалған. Қалтасынан әлдебір шөптің жапырағын шығарып, екі алақанның арасына салды да аузына тақады. Артынша бағанағы өзен бойынан естіген маңыраған дауыс шықты. Екі-үш мәрте боздаған соң тыныстап, тың тыңдады. Бір кезде алдыңғы жақтан тастың домалаған үні естілді, жерге тақұл-тұқыл тиген тұяқ тықыры жетті. Ұлыма мылтығын оңтайлап ұстап, жерге кіріп кетердей болып жабысып жатыр. Бір кезде тарс еткен он алтының дыбысы шықты. Селк ете түскен Секелек ұшып тұрып жан-жағына қараған. Қарсы алдындағы қорыстан төмен қарай домалап келе жатқан жарау елікті көрді. Жон арқасы қып қызыл екен…

***

2-бөлім. Алтынбек мерген

Ұлыманың ұлы бабалары Таутүргенің етегін қыстау, өрін жайлау қылған екен. Бірақ өзінің балалық шағы Алматының батыс қапталындағы Үшқоңыр, Суықтөбе, Қоңыртөбе тауларында өтті. Үш жасында әкеден айрылды. Бүркітіне қамшы көтерген ауыл белсендісін сабаймын деп сотталып кетіпті. Содан хабарсыз. Ал шешесі бір жылдан соң домалатпай дертінен қайтыс болған. Ата-анадан бірдей айрылған бұл бейбақты әркімнің босағасында жүрген жерінен Алтынбек мерген бауырына басты. Әке мен шешенің кескін-келбеті есінде жоқ, тек мерген атасының айтуы бойынша біледі.
– Домалатпайдың емі жоқ, – деп талай қазақ босқа қырылыпты, бүгінгі соқырішек екен ғой, – деп күйіне еске алатын анасы туралы сөз болғанда. Ал, әкесі жайлы сөйлегенде әңгімесі таусылған емес. Мергеннің сөз сорабына қарағанда мұның әкесі жеті атасынан бері қолына қыран қондырған құсбегі. Екеуі аң қағып жүріп Алматының үстіндегі Кімасар* шатқалында танысыпты. Бірі қарайғанды қалт жібермейтін мерген, екіншісі салған құсым қасқырға түссін деп серт берген саятшы. Кездескен сәттен ұғынысып, тіл табысады. Екі апта бойы үзеңгі қағыстырып қатар жүреді. Талғар маңындағы Салт атты сайда* ақіреттік дос болайық деп айрылысады.
– Е, балам-ау, Қапсағайдай қазақты өмірімде кездестірмедім, – деді мерген атасы бірде әңгімені әріден қозғап. Алты жасқа толып, жабағының жалына жармаса бастаған жылы алғаш рет аңшылыққа алып шыққан. Жол-жөнекей әкесі туралы естелік айтумен болды.
– Осы жұрт алакөбеңде кетіп, ымырт үйіріле үйіне жетіп, аңшылық құрдық, саятшылық жасадық, – деп жүр ғой… Біздікі басқаша еді. Қапсағай екеуміз бас қосқанда күндеп, апталап емес, айлап дала кеземіз. Аңның қызығына түсіп, көбіне елден ұзаймыз. Батысқа сапар шексек, өзіміздің Қордайды кесіп өтіп, Шу өзенінен ат суғарамыз. Ал, шығысты бетке алсақ сонау Нарынқолды жайлаған албандардың сары қымызын сарқып ішіп, сыбағамызды кертіп жеп қайтамыз. Шарынның бойы, Торайғыр тауы, Асы, Қарасаз жайлауы мен Қарадаланың жазығы талай ит жүгіртіп, құс салған жеріміз. Қапсағай мен Алтынбек келе жатыр дегенде, қатындар қуырдақ қуырамыз деп қазанын қамдап, еркектер пышағын қайрай бастайтын. Қай жерден олжа түсірдік, сол маңдағы ауылға қонақ боламыз. Қанжығадағы елік пен арқар, түлкі-қасқыр сол босағада қалатын. «Атқанның аңын, жатқан байланар» – деген сол балам! «Батырдан олжа, аңшыдан сыралғы» даланың жазылмаған заңы еді ғой, – деп Алтынбек мерген өткен күндерді еске алғандай аз-кем үнсіз қалды. Астындағы торы жорғаны сипай қамшылап әңгімесін қайта жалғаған.
– Жарықтық, Қапсағай десе Қапсағай еді, киіз үйдің есігіне тікесінен сыймайтын, бір қырындап кіретін. Талай бүркітшіні көрдім, қолына құс қондырғанда қары талмас үшін астынан балдақ тірейді. Ал Қапсағай былқ етпестен отыра беретін қарулы еді. Денесі секілді пейілі де кең, мәрт болатын. «Біреуге бірдеңе берсем, пейішке кіріп бара жатқандай рахаттанамын», – дейтін. Еее, жарықтық, өзі аңсаған пейіште жаны шалқып жүрген шығар!
Алтынбек мерген іштей күбірлеп, бата жасады. Буырыл сақалы алқымын жапқан қарттың артына жарбия мінгескен бұл да «әумин» деп күбірлеп, кішкентай алақанымен бетін сипады.
Ұлыманың алғашқы аңшылық сапары сәтті басталған. Торы жорғаға мінгескен шал мен бала Қасқабұлақтан өте сала төрт жерге қақпан құрған. Алғашқы үшеуін Алтынбек мерген өзі құрып, соңғы қақпанды бұған берген. Мықшыңдап біраз әуреленді, атасының жәрдемімен қандыауызды арандай ашып, қармен жасырып, жемтік тастады. Сол түні дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты, шым-шытырық түс көрді. Түсінде біресе еңгезердей қарасұр кісі теңселе басып қасына келеді. Маңдайынан иіскеп, арқасынан қағып, үн-түнсіз келген жағына қайта кетеді. Енді бірде бүгінгі құрған қақпанын көреді. Қақпанның қазығы бостау болып, қасқыр сүйретіп кеткен екен. Соңынан жалғыз өзі қуғын салды. Бұл жете бере жон арқасын ақ шалған арлан – адам басты бөріге айналып шыға келді. Ал, бұл керісінше қасқырдың кейпіне еніп кетіпті. Екеуі тән мен қоса жанын да алмастырып алғандай… Ай жарығына азуын шағылыстырып ұлып жатыр. Осы кезде әлдеқайдан мылтық асынған әскер шығып, атқылай бастады.
– Атпаңдар! Мен адаммын! – деп айқайлағысы келді. Бірақ ырылдағаннан басқа үн шығара алмай қиналды. Өзінің адам екенін, әлде қасқыр екенін айыра алмаған күйі, қақпан сүйреткен кісі кейіпті арланмен қосылып тауды бөктерлеп қашты. Қуғыншылардан қара үзіп, алыстай бергенде құлақ түбінен шаңқ еткен дыбыс шықты. Аң үркітетін қаңғырлақтың үніне ұқсас оқыс дауыстан оянып кеткен. Атасы екен дәрет алайын деп пештің үстіндегі шелек, шәугімді салдырлатып жүрген.
Қасқабұлаққа күн шықпай жеткен. Алдымен атасы құрған үш қақпанды тексерді, екеуі бос, біреуіне қарсақ түсіпті. Жүні жетілмепті деп ағытып жіберді. Бұл, өзінің қақпанын көруге асықты. Жол жорғасынан жаңылмай келе жатқан атты атасымен қосыла тебінген. Қақпан жасырылған сайға тақағанда тіпті дегбірі кетті.
– Қақпаның таудың қызылын қауыпты, балам! – деп атасы қуана айқайлағанда аттан қалай секіріп түскенін білмейді. Атасы да ұшып-қонып жүр. Жас жігіттей ылдым-жылдым. Түлкіні сойылмен тұмсыққа екі ұрып өлтірді де, терісін бүлдірмей сыпырып алып, торы жорғаның оң жақ қанжығасына салаңдатып байлады. Ауылға қайтар жолда торы жорға тізгін сүзіп мінгескен екеудің көңілін одан сайын көтерген. Еңіске тайпалтып келе жатқанда өріске мал айдаған қойшылар ұшырасқан. Сырғақтап, қиғаштай тартқанмен аңшыны таныған олар анадайдан шапқылап келіп амандасты.
– Таңғы нәсіп тәңірден, – деген, олжаңызға ортақсайық, ата!– деп ыржалақтай күлген секпіл бет сары жігіт.
– Тәйт! Көргенсіз, – деп ашу шақырды осы кезде егделеу келген мұртты кісі.
– Аңшының қанжығасына көз салғанды қай атаңнан көріп едің? Құмартып бара жатсаң үйіне барып, ырымын беріп ал!
Секпіл бет не бүлдіргенін білмей, аңтарылып қалғанда мұртты кісі атын тебініп атасына қатарласты.
– Алтеке, жас бала ғой, қанжығаға байланып қойған аңды қолқалауға болмайтынын біледі дейсіз бе, осы желөкпелер, – деді дауысын бәсеңдетіп.
– Әй, оқасы жоқ, Тауасар!
– Көңіліңізге алмаңыз!
– Жөн білетін өздерің аман болсаңдар, жастар үйренеді ғой дәстүр-салтты, – деп атасы зілсіз күрсінді. – Тағыны тазының жеткен, қақпанға түскен, құстың ілген жерінен ғана қолқалауды осы күні жастар түгілі үлкендер ескере бермейді. Мұндайға етіміз өліп, құлақ көндігіп барады. Бара-бара ит жүгіртіп, құс салу өнері де ұмытылмаса неғылсын, – деп сау басына сақина тілеп алған сары жігітке бұрылған.
– Баламның алғашқы олжасы еді, батыреке! Әйтпесе бір тышқанның терісіне басқаны қайдам, Алтынбек тарылмас.
Осы кезде мұртты кісі ат артында жарбиып отырған мұның басынан мейірлене сипап, құтты болсын айтқан. Ұялғаннан секпіл беті қошқылданып кеткен сары жігіт те қосамжарласа келіп, жалпақтап, атасынан кешірім сұрады.
– Айыптымын, ақсақал! Бір марқаның басын мүжіп кетіңіз, – деп шаужайына оратылды.
– Дәм тартқан күні барармыз, батыр! Бүгін баламның олжасын өз үйіме түсіруім керек, – деп атасы қайырылмады. Бара сала шикіл теріні илеуге салды. Кейіннен осы теріден бұған шақтап түлкітұмақ тіктірген.

*Салт атты сай – Алматы облысы, Талғар ауданындағы жердің аты. Бертінде орыс тіліне икемделіп Солдатсай аталып кеткен.

*Кімасар – Алматы тауындағы жер атауы. Бертінде орыс тіліне икемделіп Комиссар шатқалы, Комисаровка аталып кеткен.

***

Алтынбек қарттың қолы іскер, көкірегі кеніш, аузы ділмар еді. Әңгімені келістіріп айтады. Көрсін-білсін дегендей барлық жұмысты түсіндіре жүріп тындырады. Соның арқасында мұның да сөзге зейіні ерте ашылып, іске бейімі тез байқалды. Қасқырша ұлу мен елікше маңырауға жеті жасынан машықтанды. Қақпан құрудың қыр-сырын, із кесудің тәсілдерін игеру қиынға соқпады. Есесіне мылтықпен жатырқап барып табысты. Бастапқыда қолы қалтырап атқан оғы далаға кетіп жүрді, күндер өте жүрегін тоқтатуға, тыныс алуға, нысананы дәл көздеуге дағдыланды. Алғашқы атқан аңы тауешкі еді. Шығыстан шапақ шашқан күнге маңдайын сүйгізіп, қасқайып тұрған жерінен жалп еткізген. Он алтының кәртіші* тура тар қолтықтан тиіпті. Баланың бірінші талабына мерген атасы қуанғанмен, көңіл толмастығын да сездірген.
– Обал жасадың, – деді ешкінің терісін сылып жатып. – Төсі мен бір жақ қабырғаның жартысын талқандап жіберіпсің, бұл жері жеуге жарамсыз болып қалды. Нағыз мерген қасқыр, түлкіні терісін бүлдірмей, елік, арқарды етін зақымдамай атады. Осындай ептілікті игеру керек.
– Сонда қай жерден ату керек?
– Оғыңды екі қабырғаның арасынан өткіз! Ешбір сүйегін зақымдамай, өкпеге барып қадалатын болсын. Оңқа тұрғызамын десең, жүректі көзде!
– Оңқа деген не?
– Оны уақытында көресің…
Көп ұзамай оңқасынан тұрған арқарды да көрді. Бұл жолғы сапарға атасы күні бұрын дайындалды. Ертеңмен көлеңкеге жайғасып алып, мылтықты шұқылаған. Ұңғысын қалыпқа салып, түзулігін тексерді, әбден тазалап сүртті. Түс ауа арнаның бойынан саз батпақ алдырып, мал суғаратын науаға толтырды. Қора жақта қаттаулы тұратын қамыстарды жебенің ұзындығындай қылып қырқып әлгі батпаққа тікесінен шаншыды. Одан кейін екеулеп қорғасын балқытуға кіріскен. Қорғасын бабына келгенде шағын ожаумен іліп алып, әлгі қамыстардың көмейіне сыздықтата құйған. Балқытылған қорғасын түгел құйылып біткенде бір істі тындырғандай жайғасып отырып, мүйіз шақшасын өкшеге тықылдатып ұрған.
– Қамыстарды біртіндеп арши бер, балам! – деді алақандағы жасыл түйіршіктерді бидайша сапырып. Насыбайды баппен ататын. Ерінге қыстырып алып, балпылдап сөйлеп, түкірігін төңірекке шашып отыру ғадетінде жоқ. Насыбай атқан кезде істеп отырған жұмысын ғана емес тілін де тияды. Таң атқалы көт баспаған қарт насыбайдың рахатын сезінгісі келгендей көзін жұмып, үнсіз қалған шақта тапсырмасын бұлжытпай орындаған. Бірі жіңішке, екіншісі жуан, енді бірі орташа қалыңдықтағы отыз шақты қорғасын таяқшасы пайда болды. Жіңішке-жуанын іріктеп, бөлек-бөлек сұрыптап жатқанда қасына атасы келді. Насыбай атқан соң кәдімгідей тыңайып қалған секілді. Ширақ қозғалып қорғасын шыбықтарын төске салып майдалап турады да қол диірменге салып шиыршықтады. Диірмен тасы бірер мәрте айналған соң-ақ бағанағы сопайған түйіршіктер, қой құмалағындай домаланып шыға келді. Ірілері – кәртіш, майдалары – бытыра оғы. Оқтың жайы бір ыңғайланған соң арнайы қалыпқа кигізіп жез жонды. Атыла-атыла бүйірі шығып, майысып, қисайған оқтың жезі дұрысталғаннан соң порох салып, үстіне бестен-алтыдан, жеті-сегізден бытыралар тастады. Оншақты жезге бармақ басындай жалғыз оқтан түсті. Киіз бен қағаздан дөңгелете ойылған тығындарды нығарлап, барлығына пистон тығып, ең соңында оқшантайға тізгенде қас қарайған.
Ертеңіне түске дейін торы жорғаны төңіректеумен болды. Ер-тоқымның асай-мүсейі мен айыл-тартпаларын түгендеп, ас-суды қамдады. Әдеттегідей сапар моншаға түсіп, жуынып-шайынды. Қасқыр-түлкінің иленген терілерімен бірге қоймада илектеліп жататын, әбден аң иісі сіңген қара-сұр түсті киімдерін бір-бір сілкіп киді. Кешкілік ел-жұрт мал қоралап жатқанда екеуі атқа қонған. Қасқабұлақты бойлай көтеріліп, Әжібай сазына қонарға жетті. Аттарын сол маңға арқандап, серке шоқыға өрмелеп шығып жер бағдарлады.
– Бірер сағат көз шырымын алайық, ары қарай жаяу тартамыз, – деген күбірлеп. Екеуі ер тоқымын жастанып қисая кеткен. Ұйықтады ма, ұйықтамады білмейді. Атасының жөткірінген даусынан оянып кетті. Өзі шекпенін шешіп, ықшам киініп алыпты. Оқшантайын беліне орап, он алтысына жалғыз оқты патронды салып жатыр екен.
– Кеттік, – деді біреу естіп қоятындай сыбырлап. Тауды қапталдап өрге салды. Қанша жүргені белгісіз, бір уақытта жалаңаш жотаға кездесті. Беткейінде тайдың маңдайына түскен қасқадай болып сопақша қорым жатыр. Көк тастары ай жүзіне шағылыса жарқырайды.
– Қорымды кесіп жүруге болмайды, – деді атасы ақырын ғана. – Тас домалатып, сезік тудырып алармыз, бас жағынан айналып өтелік.
Қорымның арғы басы қап-қара болып қарауытып тұрған. Жақындағанда анық байқалды, тау денесіне сұғына орналасқан қатпары қалың алып жартас екен. Басындағы топталып өскен аршасы бұйрабас қатынның шашындай дудырап тұр. Жартастың етегі де қалың қорыс. Атасы еппен басып жартасқа өрмеледі, тайып кетпес пе екем деп тайсақтап тұрды да соңынан ілескен. Екеуі жартастың ортан беліне дейін шыққанда таң қылаң берген. Ендігі жүріс қауіпті. Екі аңшы сол жерден ыңғайлы орын сайлап, бірер сағатты төңірекке дүрбі салумен өткерді. Ешқайда қозғалған жоқ. Екеуінің төрт көзі қарсы алдыда қарауытып жатқан қалың қорыста. Төрт-бес сауысқан сол маңдағы қарақатты төңіректеп жүргеніне қарағанда, әккі мергеннің діттеп келген арқар, елігі осында жатыр. Күн көтеріле таңғы ұйқы буынын алып маужырай бастаған, атасы түрткенде басын елегізи көтерді. Аңдыған аңы бой көрсетіпті. Жүз қадамдай жерде бес құлжа алаңсыз жайылып жүр. Мүйізі екі оралған керқұла құлжа ең егдесі, үйір басы секілді. Кербезденіп ара-тұра тың тыңдайды. Өздерін төңіректеп жүрген сауысқаннан өзге бұл маңда тіршілік иесі жоғына сенімді болса да өте сақ қимылдайды. Атасы: «қанды басың бері тарт», – деп күбір ете қалды. Соны естіп қойғандай құлжалар бірер желіп еңістен өрге көтерілді. Кербез құлжа күншығысқа қарап, басын кегжите бергенде әлдене «шаңқ» ете қалды. Сауысқандар дүрк көтеріліп ұшты. Құлжалар алды-артына қарамай зытып берген. Тек кербез құлжа орнында тапжылмастан тұр. Не болғанын түсінбей, состиып қарап қалыпты. Атасы дедектеп жүгіріп барып, тамағынан орып жібергенде ғана есін жиған. Оңқа деген осы екенін бала түйсігі айтқызбай-ақ ұқты. Жалғыз оқ тура жүрекке барып қадалыпты. Қозы құмалағындай қорғасын тиген сәтте жұдырықтай жүрек соғысын тоқтатқан, жануар да тұрған орнында қатып қалған.
–Бұл менің үшінші оңқам, – деді атасы құлжаның терісін іреп жатып. – Бәлкім, соңғым болар… Көз бұлдырап, қол қалтырайтын болып жүр. Жүрек те соңғы кезде ырыққа көнбей, атқақтап кететінді шығарыпты, – деп алқына сөйледі. Құлжаны сойып, мүшелеп біткенше оңқа тұрғызудың әдіс-айласын айтумен болды.

***

Алтынбек мергенге еріп аңшылық қылған оншақты жыл – Ұлыма үшін ұлы мектеп. Бағзыдан жалғасқан аңшылық өнердің шетін көріп қалды, бірақ суатынан еркін сіміре алмағандай түлкіқұрсақ сезінеді өзін. Қарт мергеннің қасиеті бойына толық дари қойған жоқ. Оңқа тұрғызбаққа қанша талап қылды, бірақ қолынан келмеді. Қасқайып тұрған арқарды алыстан да, жақыннан да жүректен көздеп атып көрді. Бірі оңқа тұрған емес, барлығы омақаса құлайтын.
Он үш жасқа толып, алғашқы мүшелін өткерген жылы мерген атасы көз ауруына шалдықты. Алматыға неше барып емдеткенмен, шипа болмады.
– Әй, сол аңның киесі ғой менің көзімді алған, – деп отыратын. – Асыра сілтеп жіберген кезіміз болмады емес, болды. Қырғыздар оңқа тұрғызған күні мылтығын баласына аманаттайды, оңқаны аңшылықтың ұшар биігі санайды. Осымен тоқтамасам Ғайып-ереннің қарғысына қаламын, аңның киесі ұрады деп сенеді. Ал, мен бақандай үш рет оңқа тұрғыздым, сонда да қанағат қылмадым. Енді, міне, Жасаған ием, жанарымды алып, жазалап отыр, – деп өткен іске өкінгендей күңіренетін.
Көзден қалса да Алтынбек мерген сөзден қалмады. Қыс болса күншуақта, жаздыкүні көлеңкеде отырып алып небір хикаяларды ағытады. Тұйғындай ширақ денесін, ұшар құстай қомдап алып, «Қыз жібек», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Көрғұлы» дастандары, «Сүлеймен пайғамбар» қиссасын айтқанда таңды-таңға ұратын. Аңшылыққа келіп тұратын орыс достары сыйға тартқан баяны бар, көңілінің хошы келгенде:
– Әй, татардың қызы! – деп айқай салады. Әйелінің ныспысы Ноғай еді, көңілденген күні атын атамай «Ноқыш», «Татар қызы» дейтін. Қазан-ошақ жақтан жауап қатқан кемпіріне «кәрмонымды жеткіз», – деп әмір етеді. Үнемі төргі үйде ілулі тұратын аспабын ұстап, баян шалатын. Мінезі жайлы еді. Тұрмыстың тауқіметіне күйгелектенген жан емес. Өзі екі соғысты өткерген адам. Әуелгіде отыз сегізінші жылғы финдермен болған шайқасқа аттанғанда небәрі он алты жаста екен. Ауыл болысы құжатқа жасын ұлғайтып жазып, өз баласының орнына тізімдеп, ауызбастырыққа бір құлынды бие атаған.
– Бір биеге сатылып соғысып келген келесаудан не сұрайсың, – деп шарпысып қалған күндері кемпірі түйреп отыратын. Одан кейінгі немістермен болған қырғынға да бір кісідей атсалысқан. Бірақ қаншама жыл қасында жүрді, соғыс туралы жақ ашқан емес, көбіне аңшылық жайлы сөйлеуге құмбыл. Әсіресе, аңның киесі тақырыбына келгенде ешкімге қара көрсетпеуші еді. Ол айтқан нақыл сөздер Ұлыманың әлі күнге жадынан өшкен емес:
– Қорадағы малдың иесі болса, даладағы аңның киесі бар.
– Жолыққан аңға оқ жаудырған аңшы емес, қасапшы.
– Атар аңды таңдап ат! Аналығына тиме, тұқымын құртасың, арығына жолама, етін рәсуа қыласың!
– Аңшылық бұрын кәсіп болған, қазір өнер. Аңшының олжасы – халықтың қазынасы.
– Аңның терісі мен мүйізіне бола қызыл қасап жасама. Сарытышқан ұстасаң да о дүниеде сұрауы болады.
Ұлыма осы уақытқа дейін мерген атасындай ертекшіні көрген емес. «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні келтеде» – деп тақпақтамай-ақ тыңдаушыны ұйытып сөйлейтін. «Сұрмерген», «Баламерген», «Қарамерген» деп кете беретін мергендер туралы ертектерді түйдектетіп соққанда, бұған ертек емес қарт аңшының өз басынан өткерген оқиғалары секілді көрінетін. Ара-тұра өзі куә болған қызықты оқиғаларды да еш қоспасыз баяндайды. Әсіресе жын-шайтандармен кездескені туралы әңгімелегенде Ұлыма үрпиіп, үнсіз тыңдаушы еді. Себебі, мергенмен бірге түзде түнеген сәттерде өзіне беймәлім, тылсым тіршілік иелерін сырттай көргені бар.
Әлі есінде Қопаның бойында адамға шапқан үйірлі қасқыр пайда болды дегенді естіп, атасы екеуі қарашаның қара суығына қарамастан екі атпен еңіске түскен. Күні бойы із кесіп, итқұстың жүрер жолын шамалады. Ымырт үйіріле Қопаның қамысын орып әкеліп, күрке жасады. От жағып, ас қамдады. Бір кезде өзеннің арғы бетінен жылтыраған алау пайда болған.
– Ата, ана жақта біреулер жүр, – деп бұл орнынан атып тұрды. Бірақ атасы саспады.
– Ә, атаңа нәлет, келдіңдер ме? – деп айғай салған. Сол-ақ екен, әлгі оттың басы айқай-ұйқай, азан-қазан болып кетті. Сықылықтаған әйел күлкісі, қарқылдаған еркек даусы естілді. Отты айнала жүгірген адам сұлбалары анық байқалған. Атасы қосауызын оқтап солай қаратып басып-басып қалды.
– Шайтанның ойнағы ғой, балам. Маған келуге дәті шыдамайды, малғұндардың, тек сырттай төңіректейді де жүреді осылай. Қорықпа! Олар қорыққан адамды ғана қақпақылға алады, – деген. Өзі асықпай барып дәрет алып келді. Құбылаға қарап, құптан намазын оқыды. Атасы қалай намазға тұрды, әлгі шайтандар да зым-зия жоғалды. От сөнген, от басындағы ойнақ та тиылған. Сол түні елегізіп ұйықтай алмай шықты. Кейіннен жапан дүзде жалғыз жортқан жылдары перінің көші мен жын-шайтанның ойнағын талай рет көрген, ешбірінде Қопаның бойындағыдай қорықпады. Атасы үйреткен дұғаларды дауыстап оқып, өздеріне тап беретін. Тіпті бірде олардың жаққан отын көрейінші деп, атын борбайлап тура солай қарай құйғыта шапқан. Бірақ жеткізбеді, сағым қуғандай бұл жақындаған сайын олар ұзай берді. Бір жерге арандап қалармын деп, тізгін тежеген.

***

3-бөлім. Аңның киесі

Ұлыманың Жаманты сайын жайлағанына үш жылдан асқан. Бұл уақытта Жамантының біраз көкпаршысы қамшысын мылтыққа айырбастады. Бір серкеге бола дарақыланып күні бойы аттың сілікпесін шығарып шапқылағанша, бір күн тау кезіп олжа түсіргенім артық дескен. Әсіресе, жастар үйірсек. Үйлеріндегі он алты мен миликачка, көне бесатарларын көтеріп, Ұлыманың тастан соққан тоқал тамында апталап жатады. Бірақ көбінікі ет пен терінің арасындағы желік. Оларды кеудеден итермесе де Ұлыма іш тартып, аңшылық туралы ақтарылып сөйлеспейді. Әйтеуір, тау кезіп, тарсылдатып, аңды атпаса да үркітіп жүргендеріне мәз. Ондайды Алтынбек қарт: «дәңкеуде» дейтін. Ал кезіккен аңды үйірімен қыруға құмбыл жігіттерге «мешкей» деп ат қойған. Ұлыма «дәңкеуде» мен «мешкейдің» талайын көрді. Мерген атасы дүние салғалы жайлаған Есік пен Түргеннің тауын тастап Қоңыртөбені паналауына да осындай ашкөздік ықпал еткен.
Азамат болып атажұртқа барғалы екі адамға көңілі ауып, бар білерін үйретті. Бірер айда қасқырша ұлып, елікше маңырауды меңгергендер екі жылда мұнымен мергендік таластыратын болды. Қос қабырғаның арасынан оқ өткізіп, өкпесін тесуге дағдыланып алған Тебеген құрдасы мен Аңғарбекті мергендікке баулығанмен, қанағат пен мәрттікті сіңіре алмапты. Соны ойласа, өзегін өрт шалады. Екеуі де аңшылыққа құмартып келіп еді, артынан құнығып кеткенін білмей қалды.
Барлығын құртқан бәтуасыз дүниенің бәдік патшасы атанған, көрген адамның көзін арбап, көкірегін соқыр қылар көк қағаз. Еңгезердей көлікке мініп, екі иінінен дем алған талай дәу: «аңға алып шық», – деп қолқалай келетін. Бір рет ертіп барамын деп басы бәлеге қалғаны бар. Әлгілердің мылтығы аңға емес, соғысқа арнап жасалғандай, атқан аңның еті мен терісінен сау тамтық қалдырмайды. Оларға да аңның қызығы қажет емес, тауға шығып қылжақтау ғана керек секілді. Араққа тойып алып, «елікше маңырашы, қасқырша ұлышы»,– деп құдды Цирктың сайқымазақ клоунын көріп отырғандай қайта-қайта мазалап, қажытып жіберген. Содан кейін қанша мәрте ақшасын қылтыңдатып қызықтырғанмен, байшыкештердің ешбірін жолатпады. Тек екі шәкірті әлсіздік танытып, әлгілерді иектетіп алды. «Аңшылықтың қадірін түсірмеңдер» – деп қанша мәрте айтты, алайда ақшаның дәмін татып қалған пақырлар илікпеді. Әрі-беріден соң, «есің барда, еліңді тап, қаңғыған жетім», – деп өзіне дүрсе қоя берген.
Өздерін Алатаудың қожайыны сезінген олар, дандайсығаны соншалық соңыра тапсырыспен жұмыс істейтін болды. Тебеген құрдасы бәйбішелері еліктің етіне әуес алматылық бай-бағландармен сыбайласты. Олар қоңырау шалады, бәлен бас елік, түген тұяқ арқар керек деп, бұл тауға шығып байқұс жануарларды оққа байлап, қанын сорғалатқан күйі көлігіне салып алып шабады. Даланың аңын қорасындағы малын сатқандай, әрбір басын бәленбай мыңға бағалап, саудалап қайтады. Есігінің алдында тышқақ лағы жоқ еді, бір жылда қорасы малға толып, кеудесін жел кернеп, ісініп шыға келді. Бірақ соңы қайырлы болмады.
Екі тауешкіні ертеңмен Алматыдағы достарына алып кеткен Тебеген сол сапардан оралмады. Кешкілік «автокөлігі аударылыпты»,– деген суық хабар жетті. Қарсы бетке шығып, автобустың астына кіріп кетіпті. Құдайдың құдыретімен көліктің жылдамдығын реттейтін құрылғының сабы (скорость) Тебеген марқұмның қос қабырғасының арасынан кіріп, өкпесін жарып жіберген. Осыны естігенде Ұлыманың жүрегі зырқ ете қалды. Жарты жылға дейін аңға шықпай үйінде жатып алды. Қазір де аңды қарауылға алып, қабырғасын санай бастаған кезде ара-тұра Тебегеннің өлімі есіне түсіп кетсе, қолына діріл жүгіріп, діттеген жеріне тигізе алмай қалады.
Аңғарбек те жер басып жүр дегені болмаса, адами рахаты түгесілген, тері сүйреткен тірі тұлып. Тебеген елік пен арқар саудасын меншіктеп алғалы, ол суыр, борсық аулауға кіріскен. Терісін тау қылып үйді, іш майын шелектеп сатты. Көзкөргендер Аңғарбек мылтық кезенгенде суырлар «ата көрме» деп жалынғандай қос аяғын қайшылап, сұңқылдап жылайды деседі. Ақыры Аңғарбек те жақсы болмады, аңның киесіне ұрынды. Соңғы үш жылда қылтанақ дертіне ұшырап, суырға ұқсап шіңкілдеді де қалды. Көмейінен тамақ өтпейді. Төсінің үстін тесіп қалташа жасап қойған, әйелі шайнап-шайнап сол жерден асқазанына қорек салады. Көңілін сұрай барғанда, тілдесуге де шамасы келмей қолын ербеңдетіп, басын шайқай берген.
Осының бәріне Ұлыма өзін кінәлі санайды. Бабалар аманаттап кеткен бекзат өнердің берекесін кетірдім деп күңіренгенде түн баласы көзі ілінбей дөңбекшіп шығады. Құдай қосқан қосағын азамат болған ұлдың қолына қалдырып, қос атын жетектеп Алматының арғы басынан балалық шағы өткен бергі басына қоныс аударуының да бір себебі осы.

***

Ұлыма жыл сайын ерте көктемде жер шолатын. Суықтөбенің шығыс қапталын бір аралап шыққан соң Қоңыртөбені асып, Ақтасты, Желсаз, Жамбас жайлаулары, қазақ пен қырғыз қоңсы отыратын Ойжайлау, Сусамырға дейін барып, аңның мөлшерін бағдарлайды. Мұндай сапарға әдетте жалғыз шығатын, биыл ғана өзіне шәкірт қылуға икемдеп жүрген Ержанатты ертті. Әкесі ерте қайтқан, ауылдағы жесір әйелдің кенже баласы басқалардай емес, салмақты. Кітап оқығанды жақсы көреді екен. Кітаптың не екенін білмей өскен Ұлыманы, кей кездері кітап сөзімен сөйлеп, сүріндіріп кететіні бар. Өткенде Таутүргендегі екі шәкіртінің қайғылы тағдырын айтып бергенде, ойланып отырып қалған. Қайтер екен деп, суық жанарымен сынай қараған бұған жүзін бұрмастан әл-Фараби сөзінен мысал келтірді. «Адамға білімнен бұрын тәрбиені үйрет», – депті ғалым. Ұлыма өзінің көкейіндегіні бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ақылды адамның айтып кеткенін естігенде аузы аңқиып, балаша таңырқаған. Содан кейін Ержанатпен оңашаланғанда, «ал, кітабың не дейді?» – деп әңгіме сұрайтын. Ержанаттың арқасында сауат ашып, өлең мен данышпандардан қалған біраз сөзді жаттап алды. Бұл жолғы сапарда да аңшылық тақырыбы түйінделе сала, Ержанат кітаптан оқығандарын ортаға салумен болды. Екеуі бір апта бойы аттың белін суытпастан жүрді, бір апта бойы әңгіме шертті.
Осы сапарда рухани жақындасқан ұстаз бен шәкірт Жамантының ішіндегі тас қораға қызыл іңірде жеткенде есігінің алдында танауынан демі, сауырынан буы бұрқырап үш ат байлаулы тұрған. Кертөбелдің шылбырын Ержанатқа ұстата салып, үйге кірді. Нағашысының үйіне келген жиендей төрде үш адам шалжиып жатыр. Біреуі – Адгонбай, қалған екеуді тани алмады. Жағалай амандасып бола бергенде, полиция киімін киген қонақ сөз бастады. Аспалы шамның жарығы сығырайып түссе де көрініп тұр, өзінің беті нарттай қызыл екен. Бетін шартабақтай қылып алып сөзшең көрінеді. Алыстан орағытып келіп, қасындағы кісіні таныстырды. Ол таныстырған сәтте, қоразданып көкірек керген тікен шаш, қысық көз, тарамыс адам аудандық ішкі істер бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы болып шықты. Ұлыма Алтынбек атасынан қалған әдет бойынша екеуіне «Қызылбет», «Тікенбас» деп ат қойып алды іштей. Қызылбеттің айтуынша, Тікенбас бұрын Астанада дөй қызмет атқарған. Ауданның жұмысын жетілдіру үшін орталықтан арнайы жіберілген білікті маман.
– Әбекең әуесқой аңшы, – деді Қызылбет оның лауазымын таныстырып болған соң. – Әсіресе, арлан қасқырға құмар.
Бұл сөзді естігенде Ұлыма кірпі шашты сұр кісіге сынай қараған, әңгіме басқа біреу жайлы болып жатқандай міз бағар емес. Құдалыққа келген бас құдадай ештеңені жақтырмай, кіржиіп отыр. Ол кіржиіп, сазарған сайын Қызылбет жалпақтап, жаны қалмай барады. Сөзіне қарағанда Қопаның бойына қасқыр атуға кеше шығыпты, бірақ ештеңе таппай құр сандалыпты. Сол жақта бір қойшының аузынан қасқырша ұлитын аңшы бар дегенді естіп, Жамантыға арнайы іздеп келген беті екен.
Қасқыр атамыз дегендеріне Ұлыма мырс етіп күліп жібергенін білмей қалды. Артынша ерсі қылығын жуып-шайып, қазір қасқырдың уақыты еместігін ептеп түсіндіргенсіді. Бірақ айтқанын орындататын тентек баладай қонақтары қояр емес, ақыры болмаған соң Қызылбет мұны оңашалап алып шықты.
– Әбекеңе қасқырды бір көрсет, сонша жерден келген еңбегіміз зая кетпесін, – деп өктем сөйлеген.
– Қазір қасқырдың туатын кезі. Абайсызда құртқасын атып, бөлтіріктерінің обалына қаламыз. Арланы кезіккен күннің өзінде жабағы жүні енді түлей бастады, тон тігу тұрмақ, есік көзіне төсеніш жасауға келмейді, – деп Ұлыма да қасарысты.
Қызылбет доқ көрсетуге көшті.
– Сонша бәлсінетіндей кімсің өзі? Айдалада не қылып жүрген адамсың? Сен, бәлкім, қашқын қылмыскер шығарсың? Құжатың қайда? Аңшылық жасауға рұхсатың бар ма? Әйда, жүр! Ауданға барып тексереміз, – деген көзін ежірейтіп.
– Барсақ, барайық, – деген Ұлыма саспастан. Амалы құрыған Қызылбет енді жалынды.
– Ағатай-ау, бір рет көрсетші қасқырдың қарасын. Атсақ аттық, атпасақ кетеміз ертең кешке. Адамбыз ғой, бір рет өтініш жасағанда, шалқайып қалатындарың не? Мылтықтарды есепке алып жатырмыз, маған да бір ісің түсер. Мені танисың ғой, осындағы төрт ауылдың участкелік инспекторымын, – деп лыпылдады. – Қызметімнен алып тастайды, көмектесші, ағатай! Шиеттей бала-шағам бар, –деп жыламсырады. Басқа сөздеріне буыны босамаса да, бала дегенде Ұлыма қолқ ете қалған.
– Жарайды! – деді жәй ғана.

***

Шетенді мен Сарықойынның аралығында құлама жар болатын, сол жардың күншығыс қабағы ежелден итқұстың мекені. Ұлыма ары-бері өткенде талай мәрте бөлтіріктердің ойнап жүргенін көрген, бірақ арландардың апанына барып, тынышын алған емес. Маңайдағы қойшылар итқұс қалыңдап кетті, үркітіп берші деп қолқалағанда ғана даланың қайсар мінезді хайуанына қуғын салатын. Бүгін шақырусыз келген қос қонағын тура сонда бастап барды. Қызылбет пен Адгонбайды құлама жардың қарсы бетіндегі Шетендінің қырқасына өрлетіп жіберді. Олар сол жерден апанның аузын дүрбімен бақылап, бөрілердің қарасы байқалса хабар беруі шарт. Өздері қалың жыныстан шыққан қасқыр соқпақтың қос қапталына жайғасты.
Күн төбеден ауып, екінтіге таяғанда Қызылбет тұмағын бұлғап, белгі берді. Шамасы итқұстар кешкі жорыққа шыққан сыңайлы. Ұлыма қосауызын ыңғайлап, жерге сұғына етпеттей жатты. Көп ұзамай бұты-қолы сидиған, бір қар басқан жас бөрілерін ертіп, алқымы кере қарыс көкшулан көрінді. Бірдеңеден сезік алғандай бүлкіл желіспен бұлар жатқан жерден қиыстай тартты. Ұлыманың қосауызы жетер жер емес, Тікенбастың қолындағы соңғы шыққан аңшы мылтығы деп әлгінде Қызылбет қайта-қайта мақтаған. Қарауылға дұрыстап алса бір жетсе соның оғы жетер. Ұлыма бауырымен жылжып, Тікенбасқа жақындады. Ол бұған назар аударар емес, қасқырды көздеп, қатып қалыпты. Бұл жете бере тыңқ еткен дыбыс шықты. Жас бөрінің біреуі домалап түсіп, қайта түрегелді. Өзгелері тым-тырақай қашып, тобылғы, шеңгелдің ішіне кіріп бой тасалаған.
Ұлыма әлгінде көзден тасалау жерге қаңтарып қойған атына қарай жүгірді. Жаралы қасқырды жіберуге болмайды. Кертөбеліне қарғып мініп, белеске құйғытып шықты. Алдыңғы аяқтан мертіккен көкбөрі алысқа ұзамапты. Секеңдеп, зордың күшімен сүрініп-қабынып қашып бара жатқан қасқырды кертөбел аттатпай қуып жетті. Атылып айбат шеккен кезде құлақтың түбінен тартып жіберген. Аузынан қан аралас жынын шашқан күйі жас бөрі тыпырлап жатып жан тапсырды. Бұл кезде барқырай айқайлап Адгонбай жеткен. Артынша Қызылбет пен Тікенбас келген едіреңдеп. Қызылбет жалма-жан терісін іреуге көшкенде, Тікенбас қасқырдың шатына қол жүгірткен. Қалтасындағы бәкісін жарқ еткізіп, әлі жаны толық шығып болмаған жас арланның еркектің мүшесін кесіп алды. Аңтарылып қарап қалған Ұлымаға зер салмастан, екі енектің біреуін беторамалына орап қалтасына салды да біреуін қақ ортасынан бөліп, қылғытып жұта салды. Мына көрініске Ұлыманың жүрегі шыдамай, сырт айналып кеткен, артынан біреу түрткендей болды. Тікенбас екен, қолындағы солдаттардың қалайы құтысын (фляшка) ұсынып тұр.
– Ішесің бе?
– Бұл не?
– Таза спирт, тартып жібер, денсаулыққа пайдалы.
Ішімдіктің иісінен-ақ жүрегі лоблып шыға келетін, мұрнын тыржитып жақтырмағанын сездірді де, қайта-қайта басын шұлғып, ауыздығын алуды тілеп тұрған Кертөбеліне қарай жүрді. Артқы жағынан қасқыр атқыш екеудің әлгі спиртті «құлқ-құлқ» жұтқан, «жырқ-жырқ» күлген дауыстары шығып жатты.
Ұлыма қасқырдың өті, бауыры секілді кейбір мүшелері емдік мақсатта қолданылатынын, азу тісін кейбіреулер баланың мойнына ырымдап тағатынын бұрыннан білетін. Бірақ енегін жеген адамды көрмек түгіл естімепті. Қайтар жолда қаға берісте Қызылбеттен мұның мәнісін сұраған. Жауап берместен бұрын шиқылдап тұрып тұншыға күлген ол алдымен «мынауың, мынандай болады» деп білегін білеулеген. Сосын спирттің уыты бойына тарап, ат үстінде теңселіп бара жатқан бастығына естіртпей, «енді ағамыз жеңгемізге жеткенше жан таптырмайды», – деп сыбырлады. Тағы бір орайлы сәтте бастығының балалы бола алмай жүргенін де айтып үлгерді. «Құдай қолдап, жас жеңгеміз бір шақалақты шыр еткізсе екеуміз екі мәшине мінеміз», – деп алақанын ысқылаған.

***

Арада жыл өткен. Ұзынсарының кезі болатын. Үнемі сергек ұйықтайтын Ұлыма дүрсілдеген ат дүбірінен оянып кетті. Таң атпастан шапқылап жүрген бұл кім деп ойлап үлгермеді, екі беті алабұртып Ержанат кіріп келді. Ол амандасып үлгермей жатып, Ұлыма сұрақ қойған.
– Ел аман ба, бұл не дүрлігіс?
– Аманшылық, – деген Ержанат жадырай күліп. – Тек, сізге бір хабар айтайын деп…
– Ол не хабар?
–Қызылбеттер келе жатыр. Әлгінде сары уазигі Адгонбайдың есігінің алдына тоқтады. Енді келсе қашып кетемін деп отырушы едіңіз ғой, сол есіме түсіп, қасқа дөненіме міне шаптым.
– Жарайсың, – деген Ұлыма, Ержанатқа разылық кейіп танытып. – «Жұмыртқа жегіштерге» ұсталмай тұрғанда жиналайық, – деп қалжыңдаған. Сол күні қыр басына шығып, Қызылбеттер қайтып кеткенше үйіне жоламай жүріп алды. Бірақ артынан осы әрекетіне өкінді.
Ұлыманы жолықтыра алмаған соң әлгі екеуі Адгонбайды алдыға салып ана жолы қасқыр атқан Шетенді сайына барады. Ары-бері аңдып, ересек қасқыр кездестіре алмаған соң Адгонбайды апанға түсіреді. Жемтік іздеп кеткен шешелерін күтіп жатқан бес бөлтірік бар екен. Бесеуін желкесінен ұстап сүйреп шыққан Адгонбайдың арқасынан қағып, саусағына көк қағазды қыстырған соң Тікенбас бөлтіріктердің шатына қол жүгіртіп шығады. Үшеуі еркек екен. Сирақтан ұстап жерге бір-бір соғып өлтіреді де бұтындағы безін суырып алып, сол жерде жұтады. Ұрғашыларының тірсегін қиып, апан аузына қалдырып, Жаманты қайдасың деп тартып отырады. Бұл сұмдық оқиғаны Адгонбайдың өзі ауыл жұртына кино көргендей әсірелеп әңгімелеп берген. Сол күні Қылышбек қария Адгонбайды алдырып, ақиқатын сұрапты. Аузы көпіріп болған жайтты баяндап бола бергенде, Қылышбектің «тәйт, тексіз неме» – деген даусы шаңқ ете қалады. Адгонбайдың тақыр басынан қан бұрқ ете түседі. Бағанадан бері қамшысын білеулей ұстап, әзер шыдап отырған екен, ашулы қарт қақ шекеден тартыпты.
– Әкетіңдер сүмелекті, – деген сақалы дір-дір етіп.
Ауыл адамдары ойбайлаған Адгонбайды қолтықтап үйіне жеткізген.
– Қызылбетке айтып соттатам, сен қақпасты, – деп ол кіжінген. Сол күні алақандай ауылдың адамдары қақ жарылған. Бірі Адгонбайды жақтап, бірі Қылышбекті қоштаған. Ал, ертеңіне ауылға алакөбеңнен Сарықойынның аузындағы сарайды жайлаған Құлсымақтың Кәсесі аттандап жеткен. Үйірлі қасқыр қорасына кіріп, жиырма қойын бауыздап кетіпті. Ол атына мініп Ақтерекке аттана сала, Текшелінің ішіндегі Нәшірбек келген алқынып, тапа-тал түсте қойына қасқыр шауыпты. Бесеуін тамақтапты, оншақтысын бөліп әкеткен.
Сол оқиғадан кейін-ақ Жамантының айналасындағы малшылардан маза кетті. Ақыры Қылышбек Ұлымаға Ержанатты шаптырған. Бұл жолы да ертеңмен алқын-жұлқын жеткен Ержанат, апыл-ғұпыл болған жайтты баяндап шықты. Қылышбектің қатуланып отырғанын, ауылдағы кейбіреулер әлгілерді иектетіп жүрген Ұлыма деп, бар кінәні осыған аударғысы келіп жүргенін айтты. Бесатары мен он алтысын қатар ілген Ұлыма дереу атқа қонды. Жамантыға жете бере, Кертөбелдің басын Шетендіге бұрып, бағытын өзгертті. Ержанат та ләм деместен соңынан салпақтап жүре берді. Екеуі баласын алдырып ашынған қаншық пен арланның ізін кесіп екі күн шапқылады. Тек үшінші күні қарасын шалып, жолын торыды. Төртінші күн дегенде ғана жортуылдан қайтып келе жатқан бетінде бір-бір оқпен сұлатты. Екі қасқырды өңгеріп әкеліп Қылышбек қарияның үйіне түсіргенде Жамантының жұрты да жан-жақтан жиыла қалған.
– Итқұсты ашындырып алма деп едім, – деген Қылышбек өрт сөндіргендей түтігіп кеткен Ұлыманың жүзіне барлай қарап.
–- Кінәлімін, қария! Бірақ менің кінәм әлгі нақұрыстарға ермей қалғанымда болып тұр. Қасында болсам, мұндай қанды қасап жасатпас едім.
– Жөн сөз, бұл байқұстың не жағызы бар. Бәрін бүлдірген әлгі жалпақ бет милиция ғой, – деп өзгелер де қоштай кетті.
–Қасқырдың енегін жегені несі? Сұмдық-ай, астапыралла! – десіп дабырласқан. Болған жайтты ойша сараптап, саралап қойған Қылышбек те көпшілікті көп толқытпады.
– Үйге жүріңдер! Бүгін күн жұма емес пе, – деді біреу қол бұлғап тұрғандай Қоңыртөбенің басына ойлана қарап.
– Құран оқылық…
Жамантының жұрты қопарыла жылжып шоқша сақалды шалдың соңынан ерген.

***

Күз бен қыс ат алмастыратын қарашаның соңғы күндері болатын. Кешкі апақ-сапақта Ұлыманың үйіне екі аттылы адам сау ете қалды. Қызылбет пен Тікенбас. Көктемдегі қанды оқиғадан кейін Жамантыға жоламай кетіп еді, Бесмойнақ жақтан жасырынып түскен көрінеді. Қолқалап қоймаған соң Ұлыма «тамақтанып алып, түн жарымда аттанайық» деген. Ержанатты оңаша шақырып алып, әлденені шегелеп тапсырды да, ауылға қайтарды.
Төңірек толық түнгі ұйқыға кеткен сәтте атқа қонған үшеу Балажанның бастауына жеткенше суыт жүрді. Сол жерге аз-маз кідірген соң Ұлыма шоқы тастың үстіне шығып қасқырша ұлыды. Балажанның бас жағынан жауап қатқан итқұстың үні шықты. Ұлыма тағы ұлыды. Анау да қайталады. Жемтік көрген құзғындай Қызылбет пен Тікенбастың көзі жайнаң қақты. Бұл атына мініп үлгергенше екеуі бірдеңеден құр қалатындай тапырақтап шаба жөнелген. Түнделетіп жүріп қасқыр белгі берген тұсқа барып тізгін тартқан. Сол жерде тұрып тағы ұлыды. Бұл жолы әлгі дауыс Текшелі жақтан шықты. Бұлар сар желдіріп отырып Текшеліге шыққанда таң атты. Жерге жарық түскеннен із кесіп, дауыс салып көрді. Ешқандай жауап болмады. Не де болса қас қарайғанды күтейік деп, сол жерде аттарын тұсап, кешке дейін жатты. Қараңғы түсе Ұлыма тағы да ұлыған. Кешегі қасқыр дауысы Шетендінің сайынан шықты. Үшеуі далбалақтап солай қарай шапқанмен, ештеңе таба алмаған. Осылайша екі күн бойы Ұлыманың қасында салпақтап жүріп Қызылбет пен Тікенбас құр қол қайтқан. Олар кете салып, миығынан күліп Ержанат жетті.
– Екі күн бойы ұлимын деп тамағым қарлығып қалды ғой, тегі…
– Бұларды осылай діңкелету керек, – деген Ұлыма, шәкіртіне сүйсіне қарап.
Бұл сәтсіздіктен Қызылбет ештеңені парықтамаса да Тікенбас сезік алған. Қайтар жолда, Бесмойнаққа асып түсер тұстағы Қызылжардың үстіне шығып, Ұлыманың үйіне дүрбі салумен болды. Бағанағы өздері жүрген сүрлеумен кешке қарай бір емес, екі аттылы қайтып келе жатқанын көргенде, тас шайнап отырғандай тісін шықырлатты. Қызылбетке ләм деместен құлама жардан сырғанап түсіп, атының тізгінінен ұстаған күйі мелшиіп аз-маз отырды да қарғып мініп, ылдилай шапқан. Серігінің артынан далбалақтап қуған Қызылбет Ұлыманың үйіне жеткенше ештеңенің мәнісін түсінбеді. Ызақор бастығы Ұлыма мен Ержанатты қосақтап далаға алып шығып келе жатқанда да түк ұқпаған күйі мәңірейіп тұра берген. Қапелімде басқан көрінеді, екеуі де қарусыз. Кеуделеріне карабинді тақап тұрып Тікенбас орысшалап боқтады.
– Ұлы! – деді ақырып.
– Бүгін бір қасқыр таппасам, сендерді атамын. Ұлы, иттің баласы!
Ұлыма қасарысып, міз бағар емес. Атсаң ат дегендей мелшиіп тұр. Ержанаттың есі шығып кеткен. Тілі күрмеліп жалтақ-жалтақ қарайды. Тікенбас енді соған шүйлікті.
– Кешелі бері бізді салпақтатқан, сен күшік қой. Қане, қасқырша ұлымасаң итше қыңсылатып атып тастаймын. Ұлы деймін саған!
Ержанат жоғары көтеріліп тұрған қос қолын аузына қарай апарды. Қолын ерніне тақай беріп үн шығарған.
– Ау…ұууу… уууу…
Ұлыма ешқашан үйінің қасында тұрып ұлымайтын. Іштей тіксініп қалды. Ержанат қайта ұлыды. Бұрын қалай байқамаған, көмейі күмбірлеп, қасқырдың дауысын айнытпай салады екен. Бір кезде Жамантының бас жағындағы Арасан бұлағының тұсынан қасқыр үні шықты. Елең етіп, құлағын түре қалған Тікенбас:
–Тағы да ұлы! – деп зірк етті. Ержанат қайта ұлыды. Әлгі қасқыр жауап қатты. Осы кезде мылтықтың ұшымен талдырмаш баланы бір нұқыған Тікенбас:
– Мін, атыңа!– деді.
– Киініп алайын, – дегеніне қараған жоқ, дедектеткен күйі алдына салып Арасанға қарай айдай жөнелген. Олардың сұлбасы қараңғылыққа сіңісімен Ұлыма да үйіне жүгірді. Қолына ілінген он алтысын оқтай сала атқа қонды.
«Арасанның аңын атпақ түгіл ағашын сындырушы болма», – деп Алтынбек мерген аманаттап кеткен. Әулие қонған жердің қасиетті ақ бас жыланы мен ақ бурасы, көкжал бөрісі туралы мерген атасының аузынан талай аңыз-әңгіме естіген. «Ақ бура мен ақбас жыланды көрмедім, ал көкжалы үнемі төңіректеп жүреді мені», – дейтін жарықтық. «Талай мәрте жолымды кесіп өтті, ол көзіме шалынған кезде бір бәледен аман қаламын» деп отыратын. «Тіпті, кермандармен кескілесіп жатқан соғыста, сол бөрі мені айналсоқтап шықпайтын» деуші еді. Бұл да Арасан әулиеге қоныс болған өлкенің киесін сыйлап, олай қарай жорық жасамайтын. Ана жолы шипалы бұлақтардың төменгі қапталындағы қырқадан бір тарланды көргені бар. Өзі басқа қасқырлардай емес қарақошқыл. Кеуделі екен. Жон арқасында жалғыз жолақ байқалған. Іштей мерген атасына көрінген, өзінің бала күнінде түсіне кіретін бөрі осы шығар деп топшылаған.
Ұлыма атына қамшы баса түсті. Тікенбастар жүрген жол айналма, ал бұл түскен соқпақ төтесінен тартылған. Бірақ төте болғанмен, ойы-қыры, бұлтарыс-бұралаңы көп, ат көсіліп шаба алмайтын ыңғайсыз сүрлеу. Бір кезде қасқыр ұлыды, Ержанат болу керек. Артынша таудың бас жағынан көкбөрі үн қатты. Ұлыма кертөбелді сауырға бір салып, үйге қарай бағыттап жіберді де жаяу жүгірді. Тау беткейіне қиғаштай тартылған жалғыз аяқ жолмен зымырап келеді. Ай сүттей жарық. Межелі жерге жеткен секілді. Етекке көз жүгіртіп еді, ештеңені бағдарлай алмады.
Жоғары қарағанда қылтиғанды қалт жібермес жанары жазбай таныды, тарлан бөрі серке шоқының үстінде шоқиып отыр. Мылтық атып үркітіп жіберейін деді де өзін-өзі тежеді. Әлгі Тікенбас ештеңеден тайынбайтын дойыр көрінген, ашумен байқұс баланы жазым қылып жүрер деп қауіптенді. Бұқпантайлап жоғары өрлеп бара жатып көзі шалып қалды, шоқпар тастың арғы қабағында жарғанатша жабысып біреу қарауытады, Тікенбас болу керек. Ержанатты төменде ұлытып қойып, қарауылға Қызылбетті қалдырып, жалғыз тартқан секілді.
Бір түп тобылғының түбіне бұқпантайлап жата кетті. Іштей Тікенбастың ойын оқуға тырысты. Қазір бауырымен жорғалап, ана бір шоқиманың шығыс жағына шығуы керек. Сол тұстан қасқыр иіс ала алмайды, жел қарсы беттен болып тұр. Атуға да ыңғайлы жер. Болжағаны дәл келді, Тікенбас тура межелеген тұсқа барып жасырынды. Енді сәл-пәл тыныстайды. Жүрегінің дүрсілі басылып, қан айналым бәсеңсіген сәтте шүріппені басуы тиіс.
Ұлыма енді уақыттан жаңылыспау үшін он алтысын оңтайлап қойып, өз жүрек соғысын санап, Тікенбастың ойын оқуға тырысты. Әлден уақытта таудың тымық ауасында «шаңқ» еткен дыбыс қосарланып шыққан. Тікенбас шүріппені басты ма, баспады ма білмейді, оң иығына біреу біз сұғып алғандай шоршып түскен. Одан кейінгісі бұлыңғыр. Қансырап жатқан жерінен тауып алған Қызылбет оны аудандық ауруханаға қалай жеткізді, қарамағындағы қызметкерлер қанша литр қан тапсырды, ешбірін білмейді. Арасандағы оқиғадан кейін апта өткенде жансақтау бөлімінде есін жиған. Қой құмалағындай жалғыз түйір қорғасын оң қолының қарын жалап өтіп, төс сүйегіне қадалған. Әйтеуір сарайы бүтін. Тікенбастың тілге келгендегі алғашқы айтқан сөзі:
–«Ұлыманы ұстаңдар!» болыпты.

***

Тікенбастың жендеттері Ұлыманы ұстай алмапты деседі жұрт. Халықтың сөзіне сенер болсақ, Тікенбасты атқан Ұлыма емес, тарлан қасқырдың киесі екен. Сол оқиғадан кейін Ұлыманы да көрген ешкім жоқ. Біреулер қырғыз асыпты десе, енді бірі атажұрты Таутүргеннің қорыстарын сағалап жүр деп айтады. Әйтеуір, Ұлыма бұл аймақпен қоштасар түні Қоңыртөбенің басындағы шоқпар тасқа шығып, ұзақ ұлыпты.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

5 / 5. Дауыс саны: 1

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған