Ел аралап, концерт беріп жүргенде талай қызық оқиғаларға душар боласың. Ерте кезде колхоздан колхозға қатынасатын көлігіміз – өгіз арба, түйе, ал ат арба берген күні қазіргі «Волгаға» мінгендей болатынбыз.
Колхоздардың көбінде клуб жоқ, концертті далаға қоямыз. Жайлауда отырған елге барып, киіз үйлердің ортасында екі айырға екі тезекті шаншып, оған автол, не керосин құйып жағамыз да, сол жалынның жарығымен концерт қоямыз. Кейде колхоз орталығындағы керосин шамын жиып алып, сахнаның екі жағына екі-үштен қойып жарық етеміз. Ән салып тұрғанда оның маңайына жиналған көбелек, шыбын-шіркей аузыңа кіріп мазаны алады.
Аузыңа көбелек кіріп кетіп, қақалып жатсаң: «Қарағым, ештеме етпейді, таза көбелек қой, түкіріп тастап айта бер әніңді» – дейді.
Бар ынтасымен тыңдап отырған халықтан неңді аяйсың.
Бір күні мынадай да оқиға болды. Бір колхоздың кеңсесінің алдына көк өгізімізді тоқтаттық. ЬІлғи жастар едік, колхоз бастығы менсіңкіремей, бізді қабылдағысы келмеді. «Енді не істедік» деп тұр едік, орта жастағы еңгезердей бір әйел кіріп келіп:
– Мына балалар қай балалар? – деді.
– Алматыдан келіп едік, апай, мына кісі қабылдамай отыр. Артистер едік, концерт қоямыз, – дедік. – Бұл неге қабылдамайды?! Немене, әкесінің малын төлеуші ме еді?! Колхоз қабылдайды. Колхоз төлейді. Ренжімеңдер, балалар! Қазір біздің үйге барамыз. Ал сен бастық бұларды қабылдайсың, концертін көреміз! Жүріңдер, балалар, қабылдайды, қайда барар дейсің, – деп бізді кеңседен ертіп шықты. Үйіне барсақ, екі бөлмелі екен. – Жоғары шығыңдар, балалар!
Төргі үйде жұдырықтай бір шал отыр.
– Мынау отырған біздің шал болады, – деді апай. – Қане тұр, мал сой, қазан көтер. Қонақтар келгенін көріп отырсың ғой, – деді.
– Ал балалар, жайланып отыра беріңдер, мен намаз оқып алайын, – деп жайнамазды жайып тастап, сәждеге бас қоя бастады.
Аузын жыбырлатып бірдеңелерді айтып жатыр. Бірақ анда-санда намазын бөліп айқай салады: «Әй, қайсың барсың! Самаурын қойдыңдар ма?.. Ахаузыбиләй мінәшәйтан иррохим… Әй, ана шал қойды бауыздады ма, жоқ па?.. Біссмилла иррахман…» осылай намаздың ара-арасында талай сөздер кетіп жатыр. Аузымызды басып, күлкіден жарылып кете жаздап біз отырмыз.
Сөйтіп концертімізді беріп, сол үйге қондық, тамаққа да тойдық, өгізімізге де шөп салынды. Ертеңіне:
– Әй, шал, ана балалардың өгіздерін жегіп аттандыр, – деді апайымыз. Кішкентай шал апамыздың айтқанын екі қылған жоқ. Көңіл жайланып, қоштасып, келесі колхозға жүріп кеттік.