Менің жеңешем

Оянып кеттім. Күбір-сыбырдан. Әкем мен шешем сөйлесіп отыр. Құлағымды түрсем, мен жайында, менің тағдырым жайында сөз етісіп отыр екен. Ұйқым шайдай ашылды. Әкем даусын қырнап қойып сөйлеп отыр.
– Баласыз емеспіз. Ғайнияны берейік. Баласындай көріп кетер. Ол да бір құрсаққа зар болып жүрген бақытсыз жан да.
Шешем мұрнын тартып, пырсылдай бастап еді, әкем:
– Доғар,-деп күңк етті. –Басқа балаңды жеткізіп ал. Қатігездеу, дөрекі дауыс. Жүрегім атқақтап, тас төбеме бір-ақ шықты. Мені бала қылып біреуге бермекші! Кімге екенін ішім сезетіндей. Мен білсем, кіші інісіне. Он жыл өтсе де баласы жоқ. Әйелі құрсақ көтермеген. Ішім әлем-жәлем. Ішегімнен бастау алған бір түйін көтеріліп, тамағыма келіп тірелді. Көзіме шып-шып жас үйірілді. Әншейінде ойбайға басатын басым, дыбысымды шығаруға әкемнен жасқанып, жастыққа қойып кеттім. Іштей әкеме деген қарсылығымды оқша бораттым. «Көзі қиып, қалайша біреуге бермекші екен. Жақсы көрмейді де. Неге мені? Менен басқа балалары ше? Сонда мені олардан кем көргені ме? Олай болса несіне өмірге әкелді?»
Ертең көзім жәудіреп, басқа үйде отыратынымды елестеттім. Өз әке-шешем бола тұра жетім баланың күйін кешетінімді ойлап қамықтым. Ішімнен бір ыстық жалын бас көтеріп, өне бойыма жайылды. Жүрегімнің басы ауырғандай болды. Қисық біткен үйімнің қабырғалары бұрынғыдан да ыстық көрінді. Бұл сезімнің қимастық сезімі екенін білдім. Осы сәт шешем еңкейіп келіп, бетімнен сүйді. Өтірік ұйықтағандай, көзімді жұма қойдым. Қайран, менің шешем-ай. Білемін, қимайды. Бірақ амалсыз. Осы сәт жаңағы түйін жібіп сала берді де, көзімнен моншақ болып төгілді. Алғаш рет тығылып, көз жасымды ешкімге көрсетпей жыладым.
Бір-ақ күнде тағдырым өңін теріс айналдырып, өзгеріп шыға келді. Әкемнің шығарған үкімімен мен ертесі інісінің төл баласы болдым. Өмірім қалай тез өзгерсе, өзім де солай өзгеріп сала бердім. Бұрынғы Ғайния жоқ. Тұйық… Момақан күйге түстім. Жаңа әкем мен шешем мені айналып, толғанды. Өздерінше. Бірақ маған бәрі жасанды сияқты көрінді.
– Тамағыңды іше ғой. Ұйықтай ғой, – деген жеңешемнің даусы іштен құмығып шығады.
Көп уақыт өтпей-ақ үйімді сағына бастадым. Әсіресе шешемді. Күлімдеген жүзі көз алдыма келген сайын көзім боталап, жылағым келеді. Жүрегім сағынышқа толды. Бір күні шашымды тарап отырған жеңешеме ақырын ғана:
– Жеңеше, мен үйге қайтайыншы. Мені апарып тастаңызшы. Бөпеңіз жоқ болса, кейін үлкейгенде бөпе әкеп беремін,-деп алдай бастадым. Жеңешем жауап қатпады. Үнсіз қалғанға жасып қалдым. Әлде жылап қорқытсам ба екен деп, жылауға оңтайлана беріп, бір кезде оқыс шыққан дауыстан селк еттім.
– Ешқайда да бармайсың. Ұмыт. Ендігі шешең мен болам. Екінші рет «жеңеше» деген сөзіңді естімейтін болайын. Ұқтың ба?
Жеңешем көгеріп-сазарып кетті. Алғашында не болғанын түсінбедім. Қорыққаннан жылап жібердім. Жеңешем болса, ашудан селкілдеп кетті. Түріне қарап, менен одан сайын ес кетті. Қашуға дайындалдым. Әйтпесе мына түрімен өлтіріп қояр деп қорықтым. Бұл көргенім түк емес екен. Жеңешем бір кезде шындап жынданайын деді.
– Қасқырдың баласын қанша асырасаң да, тауға қарап ұлиды деген рас екен ғой. Қара өзін. Жылы жұмсағымды қанша аузына тоссам да «шешем» деп өзеуреуін. Ұмытасың. Ұмыттырам. Ұқтың ба?
Бір кезде қолымнан дедектетіп, сүйреп ала жөнелді. Әкелді де бөлмеме кіргізіп, есігін тарс жапты. Мұндай қорлықты көрмеген басым, жасып қалдым. Төсегіме барып, етпетінен құлаған күйі жылап жатып қалдым. Осының бәріне әкемді кінәладым. Өзімді ешкімге керексіз сезіндім. Бір кезде ағатайым есікті ашып:
– Ғанеке,-деді ақырын ғана. Даусында жылылық бар. Қасымда күлімсіреп қарап тұр. Мойнына асыла кеттім. Көрген барлық қорлығым сыртқа атылып, жылауымды одан сайын үдете түстім. Ағатайым үнсіз бауырына қысып, құшырлана сүйді.
– Ғанеке, ақылың бар ғой. Жыламашы. Сен кетсең мен не істеймін? Мұңайып төмен қарады. Еңкейгенде зор денесі кішірейіп кеткендей болды. Қайтсін, бұл да мен сияқты бақытсыз адам ғой. Бәріне кінәлі жеңешем. Егер ол бөпе тапқанда мен бүйтіп жүрмес едім, ағатайым бұлай мұңаймас еді деп ойладым. Кішкентай жүрегімде аяныш сезімі пайда болды. Қайғысын жеңілдеткім келіп, мойнынан құшақтай алдым.
Оң солымды танып, ақылым кіре бастаған бес жастағы кезім. (Бұл оқиғадан кейін тіптен есейіп кеткендеймін) Жылай бергеннен пайда жоғын біліп, ақырындап үйренісе бастадым. Анда-санда жеңешеме қолғабысымды тигізіп қоямын. Оның да маған дегенде мейірімінің шамалы екенін білемін. Әйтеуір бір үйде үш адам, іштей бықсып-жанып, өмір кешіп жаттық. Бірақ, шешеме деген сағынышым үдей түспесе, басылмады. Маған енді ол үйдің табалдырығын аттау жоқ екенін түсінгендей болдым. Қолымнан келгені түнімен құдайдан жалбарынып, жеңешеме бала беруін тіледім. Шешем жатар алдында күбірлеп, «Е, Алла, балаларымды аман ете көр» деуші еді. Мен де құдайдан жалбарынып сұрасам, бала береді деп ойладым. Жатарда, көз ілмес бұрын күбірлеймін: «Е,Алла, ағатайыма бала бере көрші»
Осы тілегім қабыл болды ма, он жыл бала көтермеген жеңешемнің аяғы ауырлады ғой. Сөйтіп, төрт айдан кейін мен өз үйіме қайта оралдым. Қайтып келгеніме шешем қуанып жүр. Бәрінен бұрын менің қуанышымда шек болмады. «Құдай ата, сіздің бар болғаныңыз қандай жақсы…» деймін іштей…

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

4.3 / 5. Дауыс саны: 31

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған