Жаңа махаббат

Кейіпкерлер:
Жомарт
Жамал
Алина
Қосымша кейіпкерлер:
Асхат
Сания
1 – көрініс
Сахнада үлкен экранда уат сап желісіне келіп жатқан хаттар.
Жомарт. Кешегі «Махаббатым» деген сөзіңді әйелім оқып қойды.
Алина. Не?? Сен ше, сен не дедің?
Жомарт. Ол саған әлі хабарласқан жоқ па? Нөмеріңді алған.
Алина. Есің дұрсы па? Неге бересің? Хабарласса не деймін??
Жомарт. Білмеймін, өзің біл. Ақылдысың ғой!
Алина. Қызық, сонда мені не істесең оны істе деп әйеліңе талатып қойып отыра бермекпісің?
Жомарт. Өзімнің де жағдайым мәз емес, оның қазір ештеңе түсінгісі келмейді. Бөтен номер хабарласса алма.
Алина. Үнсіздік.
Алинаның телефоны дыңылдап жатыр. Қараса, бөтен номер. Алмай қарап тұр. Он гудоктан соң үзік – үзік дыбыстар келді.
Жамал.  Тұтқаны неге алмайсың? Неге жауап бермейсің?
Алина. Үнсіздік.
Жамал. Жомарт екеуіңнің араларыңда не бар?
Алина. Үнсіздік.
Жамал. Алмағаныңа қарағанда арың таза емес қой ә?!
Алина. Үнсіздік.
Жамал. Оның отбасы, бала-шағасы бар. Біреудің отбасын ойрандатып бақытты бола алмайсың!
Алина. Үнсіздік.
Бойын ашу мен ыза қысқан Алина сахнаның о шеті мен бұ шетіне ерсілі-қарсылы жүр. Телефон дамылсыз дыңылдап жатыр. Не болса, о болсын деп, ашумен алып қалса Жомарт.
Алина. Иә.
Жомарт. Қайдасың?
Алина. Жұмыста.
Жомарт. Түсте келемін.
Алина. Көргім келмейді.
Жомарт. Кездесуіміз керек.
Алина. Бүгін келмеші, өтінем!
Жомарт. Күт.
Өзі жұмыста, ойы басқа жақта отырып әйтеуір түске де жетті.
Жомарт. Төменде тұрмын.
Алина. Қазір.
Алина жұмыстан шықты. Жомарт жалғыз емес, әйелімен келіп тұр. Алина оларды көріп, не жүрерін, не тоқтарын білмей дағдарып қалады.
Жамал. Сәлем.
Алина. Сәлеметсіз.
Жамал. Таныстырмайсың ба бізді? (онсыз да не істерін білмей тұрған Жомартқа қарап)
Жомарт. М-мынау, менің әйелім.
Жамал. Саспасаңшы! Ал, мынау менің күйеуім. Атын білесің!
Жомарт. Мынау Алина.
Жамал. Алина деген алтының осы екен ғой!
Алина. Жомарт, мені мұнда неге шақырдың?
Жомарт. Көріп тұрсың ғой, мәжбүр болдым.
Жамал. Сен трубканы алмаған соң, өзіміз келдік көруге. Мына хатты жазған сен бе?
Жамал телефондағы соңғы хатты Алинаның көз алдына тосты.
Алина. Иә, қалжыңдап.., ой шатасып жазған шығармын.
Жамал. Сенетін кішкентай балаға ұқсаймын ба?
Алина. Сену сенбеуді өзіңіз шешесіз.
Жамал. Менің не шешетінімді сен шешпей-ақ қой! Жігіт құрып қалғандай, неге менің күйеуім а?
Алина. Енді, жігіттің құрып қалғаны рас. Бәрі үйленіп кеткен…
Жомарт. Болды, көрдің ғой, жүр үйге.
Жамал. Жібер, ұстама мені. Қанша болды мені алдап жүргендеріңе?
Алина. Бір жылдай боп қалды.
Жамал. Бііір жыл? Бәсее, күйеуімнің нан күйсеп теріс қарап ұйықтап қалып жүргені жиілеп кетіп еді соңғы бір жылда.
Алина. Рас па?? Ой, кешіріңіз…
Жамал. Осы жерде, тап осы жерде екеумізідің біреуін таңдайсың, екеуміздің ортамызда осылай жүремін десең қателесесің!
Алина. Иә, дұрыс айтады, беруімізді таңда!
Жамал. Таңдамас бұрын балаларыңды ойла! Олар менімен қалады!
Алина. Мх, баланы мен тауып бере алмайтындай?!
Жомарт. Болды, қойыңдаршы! Маған екеуің де керексіңдер!
Екеуі. Нееее???
Жомарт. Жооқ, қалжың ғой, ойбай, өле алмай жүр дейсіңдер ме…
Алина. Былай келісейік,  аптада жеті күн бар. Төрт күн менің қасымда, үш күн әйеліңнің жанында бол.
Жамал. Ақылдысын ай, өзінің!
Алина. Енді сонша жыл босқа оқыды ғой дейсіз бе?! Бакалавр, магистратура, докторантура бітірдім, ағылшын білем!
Жамал. Оның барлығын мен бір оқпен баяғыда атып қойғам.. Басты қатырғанша, уақытында соның барлығы бар бір күйеуге тию керек еді. Оқығаның кімге керек болды ал? Ақырында, біреудің күйеуіне жармасып жүрсің.
Алина. Мен емес, жармасып жүрген күйеуіңіздің өзі.
Жомарт. Алина!
Жамал. Міне қызық? Сонда сен маған өтірік соқтың ба? Кәрі, отырып қалған қыз, жабысып қоймаған соң жаным ашыды. Еркекпін ғой дегенің қайда?
Алина. Ааа, кәрі қыз?? Отырып қалған?? Жаным ашыды??? Мен бе кәрі қыз? Ой, оңбаған! Небәрі отыз бестегі қызды кәрі қыз деп. Күніне отыз рет хат жазатын кім? Жауап бермесем тереземнің түбіне келіп күзететін кім? Жұмыстан шыққанда жолымды гүлмен тосатын кім? Сүйемін, күйемін деп өлердегі сөзін айтатын кім? Хаттарды әйеліңе көрсетейін бе осы?
Жамал. Не?? Сүйемін? Екеуміздің тұрып жатқанымызға жиырма жыл болды. Сүйемін дегенді сөзді естіген емеспін. Үш баламыз бар. Гүлді үш-ақ рет берген. Онда да бала тапқанда роддомға әкелген. Онда да медбикелерден ұялғанынан!
Жамалдың көзі қарауытып талып қалды. Жомарт қолындағы бөтелкедегі суды бүркіп жатыр.
Алина. Ештеңе етпейді. Өтірік талып жатыр. Әйелдерді білмеуші ме едің? Жаны ашып барады ғой өзінің.
Жомарт. Енді қалың мал төлеп алған әйелім ғой. Әрине, жаным ашиды. Екі сиыр сатып, соның ақшасына алғам кезінде.
Алина. Қалың малың жеткен қалыңдық болғаны көрініп тұр.
Жомарт. Алина, қойшы енді. Ананың бәрін айтпасаң болмайтын ба еді?
Алина. Сен, шынымен мені кәрі қыз, отырып қалған дедің бе сонда?
Жомарт. Жоқ, енді ұсталып қалғанда қалай ақталарымды білмеген соң айта салдым ғой!
Алина. Мен сені, мен сені олай деп ойламаған едім, Жомарт. Еркектің бәрі осындай өтірікші ме? Неден қорқасыңдар? Қорықсаңдар басқалардың басын неге қатырасыңдар? Өтірік айтудан шаршамайсыңдар ма? Әйеліңе барасың алдайсың, маған келесің алдайсың. Бүкіл өміріңнің өтірікпен өтіп жатқанын білесің бе? Өтірігіңе белшеңнен баттың ал! Не таптың? Неге бәрің сондайсыңдар? Әлде маған ғана осындай еркектер кездесе бере ме?
Жомарт. Кім әйеліне шындықты айтып күнде миының шыжғырылғанын қалайды дейсің? Тоқта! Сен маған ғана осындай еркектер кездесе береді дедің бе? Еркектерің көп болған ғой сонда?
Жомарт жерде талып жатқан әйелін ұмытып Алинаға қарай жүреді.
Алина. Мм жоқ, шалыс естідің. Менің тек сені сүйетінімді білесің ғой. Ой неге ақталып жатырмын өзі… Сен өзіңді біл, өзіңе қарап ал!
Жомарт. Жоқ, сен олай сұрақтан жалтарма. Жаңа маған сондай еркектер кездесе береді дедің. Бастаған екенсің айт енді, бүкпе! Қанша еркек алдап кетті сені? Қанша еркектен көңілің қалды?
Осы уақытта Жамал есін жиды. Жан – жағына қарап, екеуін көріп бәрі есіне түсті.
Жамал. Сүйемін, күйемін дейді екен… Жұмыс істеп, бізді асырап жатыр ғой деп өмір бақи кірін жудым, тамағын пісірдім, баласын таптым, бабын жасадым. Өзімді ұмыттым. Тірлікке жұтылдым. Үйінің отынан кіріп күлінен шықтым. Күні – түні оның аман жүруін тіледім. Бірақ сүйіктім, алтыным деген сөздерді неге естімедім, а! Оның біреуін де істемей, тіпті етегі қанап бала таппаған тақатұяққа өлердегі сөзін айтады екен. Ал, ол болса  менің күйеуімді «Махаббатым» дейді екен. Мен осы сөзді айтып көрдім бе?! Айтуға не кедергі? Кінәм қайсы?
Алина. Соны айтам. Барып тұрған ақымақтық! Оқу керек еді, жұмыс істеп, оң солыңды танып, ойнап-күліп, жүріп-тұрып, өмірді көріп сосын барып тию керек еді. Бірдеңеден құр қалатындай жиырма жасыңызда тиіп алған өзіңіз. Енді, әрине, жиырма жыл бойы бір бәлішті жей берсең, жей берсең жалығасың ғой! Күйеуіңізді айтам. Оның үстіне ол бәліштің не тұзы, не ішіндегі салмасы өзгермесе!
Жомарт. Алина, қойшы енді!, Жамал.. мен сені тастап жатқам жоқ қой.
Алина. Мхм. Тастап жатқам жоқ, Жамал!!!
Алинаға бастығы телефон шалды.
Алина. Аа, иә, Мерген Мырзахметұлы, міне, келе жатырмын.
Ал, мен кеттім! Тосынсыйың керемет болды, Махаббатым! Сізбен де ойламаған жерден танысқаныма қуаныштымын. Енді жасыратын ештеңеміз жоқ! Бір-бірімізді көрдік, тілдестік. Бұдан былай, жасырынбақ ойнамайтын шығармыз иә! Әйтпесе жасырынудан мен де шаршадым!
Алина жүгіре басып жұмысына кетті. Сахнада Жомарт пен Жамал қалды. Жамал Жомартқа көтер деп ишара білдіріп қолын созды. Айтар уәжі қалмай салы суға салынып тұрған Жомарт қуанғанынан қалбалақтап барып Жамалға тұруға көмектесті.
Жамал. Киіміңді жина да кет. Алинаңа барасың ба, басқаға барасың ба, бұдан былай шаруам жоқ.
Жомарт. Қойшы, ашуыңды басшы.. мен бәрін түсіндірем.
Жамал. Сен бәрін түсіндірдің. Сен сенімнің не екенін білмедің.
Жомарт.  Сенім – ол абстрактылы нәрсе.
Жамал. Не дейді? Астрактылы нәрсе?
Жомарт. Абстрактылы, яғни көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды. Сондықтан оған қатты мән берудің қажеті жоқ!
Жамал. Мен білмейтін сөздерді айтып басымды олай қатырма. Маған енді жақындаушы да болма. Еех, баяғыда менің артымнан қандай жігіттер жүгіріп еді?! Бірінен – бірі өткен! Ешқайсысын менсенбей, осы саған тиіп едім. Енді болса отырысым мынау! Орта жасқа келгенде ойынға алданған баладай!
Жомарт. Не, өкініп отырсың ба сонда?
Жамал. Жоқ, қуанып отырмын! Өмірімді осылай қызық қылғаның үшін алғысым шексіз!
Жомарт. Қойшы енді қыңыр сөйлемей! Сен сонда бұрын артыңнан жүгірген жігіттеріңді әлі ұмытпағансың ба?
Жамал. Туу! Мен бас десем, бұл құлақ деп.
Жомарт. Негізі, мен сол оң босағада отырып қалған қазақтың қарагөз қыздарына қамқорлық көрсетіп, ұлтымның санын көбейтуге үлес қосқым келген! Сендер әйелдер тар ойлайсыңдар! Түсінбейсіңдер!
Жамал. Бәлі!!! (тоқтамай күледі) Қазақтың барлық жігіті қос-қостан қатын алып үлес қоспаған сен ғана қалыпсың ғой!
Жомарт. Енді дұрыс қой! Қазақтың санын көбейтетін басқа жол бар ма?
Жамал. Киіміңді жинап кет те, маған десең он әйел алып, қазақты көбейте бер! Ал, мені жайыма қой!
Жамал ашуланып кетіп қалады. Жомарт Жамалдың артынан Жамал, Жамал деп айқайлап жүгіреді.
2 – көрініс.
Алина. (Ішіп алған, қолында бір бөтелке шарап. Сахнаға теңселіп шығады.)
Сүйем, күйем, жаным, күнім деген сөздердің маған керегі не а? Менің жанымда болмаған соң, түнде аяғымды жылытпаған соң а? Оған не? Отбасы бар, бала-шағасы өсіп жатыр. Ұпайы түгел! Демалыс күндері хабарлассаң есітетінің «Телефон байланыс аясынан тыс жерде»! Түнде шақырсаң өлсе де келмейді. Келсе де, қайта-қайта сағатына қарап, мазасы қашып кеткенше асығады. Көшеде бірге қол ұстасып жүруге болмайды, біреу көріп қояды! Кешке хабарласып үйіңе қалай жеттің деп те сұрай алмайсың! Сағынсаң шақыра алмайсың! Көлеңкесін күтіііп жүресің! Қыз үшін бұдан асқан қорлық бар ма, айтыңдаршы! Ал, ол ше? Ол өзіне ыңғайлы уақытта келеді, ләззатқа батады, батырад да…әрине, сосын түк болмағандай үсті-басын қағып тұрады да кетеді. Рахат! Мен ше? Қазір отыз бесте ғана болсам бақандай бес жылдан соң.. аааа қырыққа келеді екем! Масқара! Уақыт қандай қатал! Қызға келгенде уақыт неге сонша сараң а? Неге табиғат әділетсіз? Еркек отызға келсе орда бұзады, қырыққа келсе қамал алады, елуге келсе ел ағасы болады екен, ал алпыс ха ха ха алпыс олар үшін тал түс! Сенесіңдер ме! Ал, әйел отыздан асса бітті! Шаруасы бітті деген сөз. Ол не қу тізесін құшақтап жалғыз қалады, не болмаса осындай қорлыққа өмір бақи төзеді! Бітті! (Бөтелкедегі шарапты қылқылдатады).
Менде бәрі бар, үй, көлік, ақша, мансап! Бірақ.. бірақ бір нәрсе жоқ. Бір-ақ нәрсе! Құдай менен бір нәрсені (шынашағын көрсетіп) бармақтай бақты аяды ғой, мына бармақтай ғана…
Музыка басталады. Алина күйіктен қара терге түсіп билейді. Қасына бір жігіт жақындап билейді.
3 – көрініс.
Жомарт пен Жамалдың үйі. Екеуі сөйлеспейді.
Жомарт. Осылай сөйлеспей жүре береміз бе?
Жамал. Үнсіздік.
Жомарт. Жарайды, мені тіпті көргің келмесе кетейін.
Жамал. Қайда?
Жомарт. Білмеймін. Саған бәрібір емес пе?
Жамал. Бәрібір.
Жомарт киімін жинастырып жатады.
Жамал. Алинаңа баратын шығарсың?
Жомарт. Үнсіздік
Жамал. Кете бер! Қайтып келме бірақ!
Жомарт. Барып жұмысыңды жасай берсеңші, қайда кететініммен не шаруаң бар? Саған бәрібір ғой!
Жамал. Біліп едім. Әрине, басқа қайда барушы едің? Үйде отыр десе ақымақ басым өмір бақи үйде отыра беріппін. Жұмысты қайтесің? Менің табысым да жетеді! Бала-шағаға ие бол! Тыңдадым. Ал, не болды!?
Жомарт. Бастамашы
Жамал бұрыштағы орындыққа отыра қалып жылайды.
Жомарт. Бұл үйде мені кешіретін адам жоқ сияқты. Осынша жыл күн демей, түн демей жұмыс істедім, бір өзім үшін емес, осы сендер үшін, сендер аш қалмасын, сендер киімсіз қалмасын деп!
Жамал. Қойшы, біз үшін дейді ғой. Өзіңді де ұмытпапсың. Қалай жұмыс істеп жүргенің белгілі болды.
Жомарт. Кімде болмайды ондай айтшы? Кім өмір бақи бір әйелдің бетіне қарап өтеді? Көрсетші маған сондай еркекті? Аяғымды бір рет қия басқанымды кешіре алмайтын неткен кекшіл әйелсің?
Жамал. Мен кекшіл болсам, сен көпшіл екенсің! Саған жалғыз әйел жетпейді.
Жомарт. Сөз қума!
Жамал. Болды, кетсең көп сөйлемей кетші!
Жомарт. Жақсы, мені іздеме.
Жомарт есікті тарс жауып кетіп қалады. Жамал сығылып ұзақ жылайды.
4 – көрініс.
Алина жігітпен билеп, аяғында ол әрең тұрған Алинаны көлігіне отырғызып үйіне алып келеді.
Алина. Міне, мына жерге тоқтаңыз. Керемет кеш болды иә?! Тух бұлай көңіл көтеріп билемегелі көп болып еді.
Асхат. Сіз қатты шаршаған сияқтысыз. Пәтерге өзіңіз көтеріле аласыз ба, әлде көмек керек пе?
Алина. Жоқ, мен өзім… мен бәәәрін өзім жасап үйренгенмін.
Асхат. Бара алатыныңызға сенімдісіз бе?
Алина. Әрине. Күмәніңіз болмасын.
Алина көліктен түсіп шыға бергенде теңселіп барып құлап қала жаздайды. Осы кезде Асхат Алинаның жанына жүгіріп барып оны көтеріп подъездге кіргізеді. Сосын пәтеріне дейін көтеріледі.
Асхат. Күйеуіңіз көрсе сізге ренжитін шығар, мен осы жерден кете берейін.
Алина. Күйеуіңіз дейсіз бе? ха ха ха
Асхат. Иә, отбасыңыз бар шығар?
Алина. Отбасым болса осылай жалғыз өзім ішіп, өлгенше билеймін бе? Күйеуіме сорпа қайнатып, балаларыма ботқа пісіріп үйде отырмаймын ба?
Асхат. Кешіріңіз, мен сіздей әйелдің…
Алина. Жоқ, не үшін кешірім сұрайсыз? Менің жасымдағы қыздардың барлығының басында бала-шағалары, күйеуі бар. Ал, менің жүрісім мынау. Уақыт поезды кетіп қалды. Зымырап кетті де қалды..
Асхат. Ештеңе етпес, поезд болмаса алда ұшақтар бар.
Екеуі күледі.
Асхат. Осындай қыздың жалғызбын деуіне сену қиын. Өзіңіз шығар ешкімді менсенбеген!
Алина. Мен қатты шаршап тұрмын. Қалған әңгімені үйге кіріп жалғастырайықшы.
Асхат. Ыңғайсыз емес пе?
Алина. Ыңғайсыз емес. Жүріңіз.
Екеуі ішке кіреді.
Асхат. Үйіңіз әдемі екен.
Алина. Рахмет! Жалғыздығыма кейде осы үйімді кіналап аламын.
Асхат. Неге?
Алина. Үй аламын деп жүріп жалғыз қалған сияқтымын кейде. Сіздің отбасыңыз бар шығар?
Асхат. Мен жақында бойдақ болып қалдым.
Алина. Қалай сонда?
Асхат. Солай. Тұз-дәміміз жараспады.
Алина. Балаларыңыз бар ма?
Асхат. Бар. Бір балам бар.
Алина. Қазір ажырасулар көп. Қазақстан ажырасу бойынша алдыңғы қатарда екен. Себебін сұрасаң болмашы нәрсе!
Асхат. Біз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Басында бәрі жақсы болды. Кейін келе екеуміздің екі түрлі екенімізге көзіміз жетті. Ол мені көп ақша таппайсың қайрай берді. Ол үшін өмірдің мәні сол болды. Мені, менің шығармашылық жұмысымды түсінбеді. Алып бара жатқан мәселе болмаса да ары қарай бірге отырып шәй іше алмайтын деңгейге жеттік. Жалғанда өзіңді түсінбейтін адаммен тұрудан асқан азап жоқ екен. Оның жалғыз шығар жолы – екіге айырылысу болды.
Алина. Болмашы нәрсе емей не енді? Бала ше?
Асхат. Балаға алимент төлеп, ақшалай көмектесіп тұрамын.
Алина. Мен шәй қояйын. Асханаға кіре беріңіз.
Асхат. Жақсы.
Есік шырылдайды. Алина есікті ашса Жомарт тұр.
Жомарт. Сәлем.
Алина. Сені кім шақырды?
Жомарт. Рұқсат па?
Алина үндемей есікті ашып кіргізеді.
Жомарт. Бір күн қона тұрайыншы, қарсы болмасаң.
Алина. Қатының қуып жіберді ме?
Жомарт. Өзім кеттім. Сен менің келгенімді қаламай тұрсың ба?
Жомарт сөйлеп кіріп келе жатқанда арғы жақтан Асхат шығады. Жомарт сасып қалады.
Жомарт. Түсінбедім.
Асхат. Саламатсыз.
Жомарт. Қонағым бар деп айтпадың ғой!
Алина. Келетініңді ескертсең айтар едім ғой.
Екеуі қол алысып амандасады.
Алина. Ал, отырыңыздар, шәй ішейік!
Жомарт. Таныстырмадың ғой бізді.
Алина. Менің су жаңа танысым!
Жомарт. Қызық екен. Сонда қалай, сен менен бөлек мына….
Асхат. Жоқ, біз қазір танысып отырмыз.
Жомарт. Сіздің әңгімеге кіріспегеніңіз абзал! Мен сұрақты Алинаға қойып отырмын.
Асхат. Сіздің сұрағыңыз мына мен жайында болып тұр. Өзі отырған адамның көзінше оның сыртынан сөйлеу нағыз әдепсіздіктің, мәдениетсіздіктің белгісі.
Жомарт. Не, мынауың кім өзі? Маған ақыл үйреретін?
Жомарт орындықтан тұрып адырайған көзін қадап Асхаттың жанына барады.
Алина. Жігіттер қойыңдар! Ашуларыңды басыңдар!
Жомарт. Сенен сұрап тұрмын! Мынауың кім? Қайдан келген академик?! Аузыңнан ішімдіктің иісі аңқып тұр. Мен сәл болмап едім, не істеп жүрсің?
Алинаға ашулы көзбен қарайды.
Алина. Сен кімсің мені тергейтіндей? Күйеуім бе? Күйеуім емессің!
Жомарт. Болашақ күйеуіңмін!
Алина. Күлкімді келтірмеші! Менің күйеуім болу үшін сенің басың бос болу керек.
Жомарт. Сұрағыма жауап бер!
Асхат. Әйел адамға дауыс көтерме!
Жомарт. Маған бұйрық беретін сен кім едің?
Жомарт Асхаттың жағасынан ұстап қабырғаға тақайды.
Алина. А, а,а, қоймасаңдар қазір милиция шақырамын.
Асхат Жомарттың ішіне тізесімен бір тебеді. Жомарт екі бүктетіліп қалады. Алина жүгіріп барып Жомартты тұрғызады да Асхатқа қарап:
Алина. Сіздің кеткеніңіз жөн. Өтінем. Бәріне рақмет, бірақ қазір кеткеніңіз жөн!
Жомарт. Сенімен әлі кездесермін!
Асхат үндемей шығып кетеді.
Жомарт. (Алинаның қолын қағып жібереді) Кім мынауың?
Алина. Бейтаныс біреу!
Жомарт. Бейтаныс біреу сенің үйіңде не істеп жүр?
Алина. Сен ренжіткен сүйіктіңді жалғызсыратпау үшін жүр.
Жомарт. Көшедегі кез келген көк аттыны үйіңе кіргізе бересің бе сонда?
Алина. Менің үйім, менің шаруам! Ұқтың ба? Сен неге келдің, адасып?
Жомарт. Мен үйден кеттім. Бүгіннен бастап басым бос!
Алина. Точнее, қуылдың.
Жомарт. Сенен басқа менің ешкімім жоқ, Алина..
Алина. Иә, сен ешкімге керек болмағанда ғана іздейсің ғой мені.
Жомарт. Маған ешкім сенбейді.
Алина. Не, өмір бақи сеніп келген әйелің де сенбейтін болды ма?
Жомарт. Енді сенгісі келмейді.
Алина. Қиын болған екен. Енді қайтесің?
Жомарт. Үйленейікші.
Алина. (айқайлап күледі.) Әйеліңнен рұқсат алдың ба?
Жомарт. Оның рұқсаты қажет емес. Мен бәрін түсіндім. Менің ол үйде көк тиын құным жоқ, мені құрметтемейді. Маған сен керексің, Алина.
Алина. Рас па? Айырылысып кеттіңдер ме?
Жомарт. Рас. Біржолата кеттім.
Алина. Өтірік айтпайсың ғой?!
Жомарт. Шын сөзім.
Алина. Махаббатым!
Алина Жомарттың мойнына асыла кетеді.
5 – көрініс.
Жамал құрбысы Саниямен сөйлесіп отырады.
Жамал. Кешірейін десем бірдеңе жібермейді, түсінесің бе? Бір төсекте жатпақ түгілі көргім келмейді, көңілім суып қалған.
Сания. Балаларың үшін кешіруің керек, құрбым. Ат айналып қазығын табады дейді. Қайда кетер дейсің? Айналып-айналып бала-шағасы үшін қайтып келеді.
Жамал. Вот, маған бала-шаға үшін келгені керек емес. Мені әйел ретінде бағаласа екен деймін.
Сания. Онда өзіңді қолға ал, дамы, өзгер! Өзің өзгермейінше ештеңе өзгермейді!
Жамал. Не істеуім керек, айтшы?
Сания. Алдымен, сұлулық салонына бар.
Жамал. Қойшы, босқа ақша жаратам ба, кім үшін?
Сания. Міне, өзін жақсы көрмейтін әйелдің сөзі.. еще мені ешкім жақсы көрмейді дейді. Конечно, өзіңнен аяп отырсаң сені кім жақсы көреді?
Жамал. Сұлулық салонына кеткен ақшаға одан да балаларыма бірдеңе алып бермеймін бе?
Сания. Қымбаттым! Балаларыңның әкесі бар, бірдеңе алып беретін. Ал сен әйелсің!
Жамал. Уф, білмеймін, мен өзгермесем керек ешқашан.
Сания. Демек, өмірің де өзгермейді деген сөз!
Жамал. Ал, бардым ал, бәленбай ақшаға бояп, сылап берді. Не өзгереді?
Сания. Опять ей ақша жалко! Өзгеріс осыдан басталады ғой енді. Сосын, саған жұмыс іздейміз!
Жамал. Не?? Мені кім алады жұмысқа? Қолымнан ештеңе келмейді. Оқу бітіргелі жұмыс істеп көрді ғой дейсің бе? Жасым болса қырыққа келді.
Сания. Онда пенсияға дейін отыр осылай, өзгергім келмейді деп.
Жамал. Ал, қайда барып, не істеймін.
Сания. Сен есепші мамандығы бойынша оқыдың ғой, демек курсқа жазылып, бәрін есіңе түсіресің, сосын мен сені танысыма айтып жұмысқа алғызам.
Жамал. Рас па? Мен тіпті не айтарымды да білмей тұрмын, құрбым. Біртүрлі қорқамын.
Сания. Қорықпа, ештеңені ойлама. Жұмысыңды істейсің, бала-шағаңды өсіресің, өзіңе көңіл бөлесің, айналаң толықтай өзгермесе маған кел! Анау Жомартың да иттей болып келетінінен күмәнің болмасын. Есіңде болсын, өзің өзгермесең өмірің ешқашан өзгермейді!
Екеуі бір-бірін қысып құшақтайды.
6 – көрініс.
Алинаның телефоны шырылдайды.
Алина. Иә!
Асхат. Мен ғой, қалыңыз қалай!
Алина. Жақсы. Мен сізге номерімді бермеген сияқты едім?
Асхат. Іздеген адам тауып алады. Бүгін боссыз ба? Серуендеп қайтуға қалай қарайсыз?
Алина. Өткендегі ыңғайсыз жағдай үшін кешірім сұраймын.
Асхат. Ештеңе емес, қайта сіздердің араларыңызға мен кірісіп кетіп, ыңғайсыз болды.
Алина. Жо жоқ, сіз мені қорғағыңыз келді.
Асхат. Мен сізді көргім келіп тұр. Қазір боссыз ба?
Алина. Жоқ, айып етпеңіз, бүгін бос емеспін.
Асхат. Ертең ше?
Алина. Кешіріңіз, бүгін де, ертең де бос емеспін. Жалпы, мен бос емеспін.
Асхат. Демек, өткендегі жігіт сіздің…
Алина. Дәл таптыңыз.
Асхат. Бірақ, танысқанда басым бос деген едіңіз.
Алина. Ол кезде бос болатын, енді бос емеспін.
Асхат. Мм, түсінікті. Мазаңызды алсам кешіріңіз.
Алина трубканы қоя салады. Артынша Жомартқа хабарласады.
Алина. Жомарт, мен жұмыстан қайтып барамын. Қаласаң бүгін де қал.
Жомарт. Жоқ, бүгін менің қаладағы пәтерім бос, сонда боламын. Сенікінде жүргенім ыңғайсыз болады.
Алина. Мен жалғыз қорқам ғой.
Жомарт. Жарайды, күт!
Алинаның бақыттан басы айналып, музыка қосып, дастархан жайып тамақ жасай бастайды. Біраз уақыттан соң телефон шырылдайды.
Алина. Алло!
Жомарт. Кешір, балам ауырып қалыпты. Мен балаларыма баруым керек. Хабардамын.
Алина. Әрине..
Алина жалғыз өзі отырып тамақ жеп бастағанда, көзіне жас тығылып дастархандағы заттарды шашып тастайды. Ашумен Асхатқа звондайды.
Асхат. Алло!
Алина. Бұл мен ғой
Асхат. Сіз?
Алина. Қазір кездесе аламыз ба?
Асхат. Қайда келейін?
Алина. Білмеймін.
Асхат. Мен қазір келемін, келгенде шешейік.
Алина. Келістік.
Асхат көлігімен келеді.
Асхат. Қайда бұйырасыз, сұлу ханым?
Алина. Маған бәрібір.
Асхат. Мен тамағы дәмді тамаша жерді білемін, қаласаңыз..
Алина. Кеттік.
Екеуі стол басында танысады, күледі. (Фонда музыка ойнап тұр). Асхат көңілді кештен кейін Алинаны шығарып салып тұрғанда күтпеген жерден тағы да Жомарт келіп қалады.
Жомарт. Мм. Тағы да сол картина. Мені күткенің осы екен ғой!
Алина. Өмір бақи көлеңкеңді күтеді деп ойласаң қателесесің.. Сен бүгін келмейтін адам едің ғой!
Жомарт. Себебін түсіндірдім емес пе?
Асхат. Ештеңе түсінбейтін қандай адамсың?
Жомарт. Сен тағы қыстырылысып тұрсың ба?
Асхат. Қыстырылысып жүрген сен сияқтысың.
Жомарт. Қайсымыздың қыстырылысып жүргенімізді Алина шешсін! Ал, өзің айтшы, жаным, қайсымыз артықпыз?
Алина. (Алина Асхаттың қолынан ұстайды)
Жомарт. Соңғы шешімің ба?
Алина. Иә.
Жомарт ашуланып сахнадан шығып кетеді.
7 – көрініс.
Жомарт Жамал тұрып жатқан үйіне келеді. Есікті өз кілтімен ашайын десе кілті тура түспейді. Есікті ары-бері тартқылайды.
Жамал. Кім екен?
Жомарт. Аш
Жамал есікті ашады.
Жомарт. Есіктің кілтін ауыстырып тастағаннан саумысың?
Жамал. Сен бұл үйден кеткен адам едің ғой! Сені бұл үйдің есігі неге толғандырып тұр?
Жомарт. Мұнда менің бала-шағам бар. Кез келген уақытта келуге хақым бар!
Жамал. Қателесесің! Сен бұл үйден кеткен адамсың! Кетерде бала-шағаңды неге ойламадың?
Жомарт. Мен бала-шағамнан кеткен жоқпын, мына сенен кеттім!
Жамал. Бала-шағаңды бұдан былай менің рұқсатыммен көресің!
Жомарт. Екеуміздің келіспеушілігімізге оларды араластырма!
Жамал. Ал, сен менің өміріме осылай рұқсатсыз келуді қой!
Жомарт. Сенің өміріңе не болыпты?
Жамал. Әзірге ештеңе болған жоқ, бірақ болады.
Жомарт. Немене, үш баламен сені тағы біреу алады деп ойлайсың ба?
Жамал. Неге алмасын? Менің біреуден бір жерім кем бе?
Жомарт. Сенің миыңа құрбыларың төңкеріс жасапты ғой!
Жамал. Иә, мен сенімен ұйықтап жүрген екенмін. Енді ояндым! Көзім ашылды!
Жомарт. Жақсы болған екен. Енді білгенімді істеймін десеңші!
Жамал. Сен мұнда не істеп жүрсің? Отбасың қайда?
Жомарт. Менің отбасым осы жерде.
Жамал. Ойбай, отбасы есіне түсіпті ғой!
Жомарт. Сөзді көбейтпе, шалынбайтын тұяқ, қателеспейтін жақ жоқ. Шатастым, шалыс бастым. Қатемді түсіндім. Сендерден артық, сендерден қымбат менің ешкімім жоқ.
Жамал. Кеш. Мен..
Жомарт. Мен бәрін түсінемін. Жаның жараланып, жараң қансырап тұр. Мені де түсінші, уақытша сезімге бой ұрып, адастым. Маған бір мүмкіндік берші.
Жамал. Білмеймін.
Жомарт. Жұмысқа тұрғансың ба?
Жамал. Иә, бірақ мен енді жұмысты тастамаймын, үйде отырмаймын.
Жомарт. Әрине, мен де сонша жыл отбасы ошақ қасына байлап қойдым. Оным дұрыс болған жоқ. Бұдан былай бәрі жақсы болады. Біз осы жолдан өту керек болдық. Маған сенші, енді бәрі басқаша болады.
Жамал. Мен.. енді өзгеріп… жұмысқа тұрып…
Жомарт. Бәрі, бәрі жақсы болады. Тек маған сенші..
 Осы кезде телефонға хат келеді. Жамал жүгіріп барып телефонына жармасады. Жүгіргеніне қарап Жомарт күмәнданады. Жамалдың қолынан телефонды жұлып алады. Біреуден «Сәлем, сүйіктім» деген сөзді оқиды.
Жомарт. Бұл кім?
Жамал. Мені балаларыммен қоса сүйетін адам.
Жомарт. Түсінбедім.
Жамал. Түсінбейтін несі бар?
Жомарт. Сен біреуді тапқаннан саумысың ?
Жамал. Немене, сенен басқа адам бақытты болуға лайық емес пе?
Жомарт. Иә, бірақ, сен әйелсің ғой, сен.. сен мына шаңырақтың шықаршысысың, балалардың үстіне сен қалай бөтен адамды…
Жамал. Балалар өседі, кетеді. Маған жаныма жалау болатын серік керек. Ал саған мен енді сенбеймін! Әдейі емес, жүрегім сенбеймін. Отбасын бір рет тастап кеткен адамның, екінші рет тастамайтынына кім кепіл?
Жомарт. Сенім дейді, қайта мына сендерге, әйелдерге сенуге болмайды екен. Бірде олай, бірде былай құбыласыңдар.
Жамал. Басқалармен мені салыстырмай-ақ қой. Мен сен жасаған жаңалықтың салдарынан ғана өзгердім. Өзімнен-өзім өзгерген жоқпын.
Жомарт. Енді сонда сен сүйіктіңді осы менің шаңырағыма әкеп, осында тұрмақшысыңдар ма?
Жамал. Қойшы, Жомарт. Ондай әңгіме айту әлі ерте.
Жомарт. Ол сені алады деп ойлайсың ба? Басыңды айналдырып – айналдырып тастап кетеді.
Жамал. Тастай берсін! Сен де тастадың ғой!
Жомарт. Мен тастаған жоқпын. Адастым.
Жамал. Мен де адасып көрейін. Өмір ғой!
Жомарт. Ол кім? Қайдан таптың? Сол баяғы жанашыр құрбыларың шығар тауып берген!
Жамал. Өзі тапты.
Жомарт. Ооо, өзі тапты. Іздеп жүріп, үйге келіп өзі тапты де!
Жамал. Сен оған басыңды қатырмай-ақ қой.
Жомарт. Қатырам ба, жоқ па өзім білем.
Жамал. Алинамен келіспедің бе? Неге мен есіңе түсе қалдым?
Жомарт. Онымен бәрі бітті.
Жамал. Мәссаған! Біткені қалай?
Жомарт. Тұрмыс құрғалы жатыр.
Жамал. Кіммен?
Жомарт. Біреумен.
Жамал. Қалай сонда? Сен ше?
Жомарт. Мен.. мен сені сүйеді екенмін.
Жамал. (дауыстап күледі) Саған дауа жоқ Жомарт. Мені бұрынғыдай бәріне сене береді деп ойлайсың ба? Мені өзің есейттің, көп нәрсеге көзімді аштың. Бір құдыққа екі рет кіруге….
Жомарт. Болады. Ол біреудің айтқан сандырағы
Жамал. Болса болар, бірақ менің екінші рет кіргім келмейді. Сенім өлген. Тырыспай-ақ қой. Бекер.
Жомарт. Сүйсең кешірер едің.
Жомарт шығып бара жатады.
Жамал. Тоқта.
Жомарт кілт тоқтайды да Жамалдың жанына жайлап жақындайды.
Жамал. Сүйсең кешірер едің дейсің бе?! Мүмкін, әлі де сүйетін шығармын, қайдан білесің?!
Жомарт. Иә, айтпасаң мен қайдан білемін?!
Жамал. Тек…. тек, жаңа айттым ғой, сенім өлген.
Жомарт. Сенімді қайтаруға уақыт керек, Жамалжан. Кім адаспайды, айтшы?! Иә, еркек «есек» десең де өз еркің, біз бірдеңені мына маңдайымызға тарс етіп тимегенше түсінбейтін халықпыз. Алдымен жасаймыз, сосын барып ойланамыз, артынан өкінеміз. Бойымдағы қызу қан, жігіттік жігер, жастық желік мені осы әрекетке итермелегені рас. Қыз баласына қызықпайтын кім бар?  Ол әр ер азаматтың әлсіз жері. Әсілі, азаматтың адалдығы тек сонымен өлшенбесе керек?!
Жамал. Жалпы, алдау-арбау, өтірік, қулық араласқан жерде шын махаббат болуы мүмкін бе, Жомарт?! Кейінгі кезде жайың жарасып, біртүрлі көңілді жүргеніңді сезсем де, ол ненің қуанышы? – деген сұраққа жауап іздеп көрмеппін. Бәлкім, көрсоқыр болғаныма өзім де кінәлі шағырмын. Бақыр басыңды төрге шығарып, бақытыңның баянды болуына барымды салып жүргенімді қурай құрлы көрмей қураттың емес пе?
Жомарт. Жаның жараланып қалды, білем. Басқа артықшылықтарыңды айтпағанда, осы уақытқа дейін отымызды өшірмей келе жатқаныңның жайы бір бөлек. Менің алаңдамай түзде жүруім де сен сақтап отырған тыныштықтың арқасы. Оны бағаламау – ақымақтық, азаматтығыма сын. Аяғымды шалыс басқанымды мойындаймын, оның азабын да арқалауға дайынмын. Талай жыл тамшылап жинаған абыройымның сенің, мына балалардың алдында бір сәтте сел болып аққаны өзіме де оңай тиіп отырған жоқ. Бұдан былай өмірімізді «бақыт» бағытына бұрып, оны бағалауға барымды саламын. Соншама жылдық махаббатымыздың жемісі – балалардың бақ болып жайқалғанын өзіңмен бірге көргім келеді. Махаббат – қызғанышқа емес, өмірге қызмет етуі керек қой. Жамал, сеніміңе селкеу түсірсем оны серілік деп түсін, бірақ сезімімнен түңіле көрме.
Жомарт Жамалдың қолынан ұстап өлең оқиды.
Жомарт.
Сені ешкім де өмірде алмастыра алмайды,
Барым менен жоғымды жалғастыра алмайды.
Шартарапқа шарқ ұрған, жас баладай талпынған,
Тағдырымның тағдырын дәл бастыра алмайды.
Сен бөлексің, ерексің.
Жалғыз маған керексің,
Ерініңнің лебі, іздеп келіп мені өпсін.
Жаз, көктемде жамалын жаңбыр жуған, шық шайған.
Жеті муза жердегі – желбір жекен желексің!
      (И. Сапарбай)
Музыка ойнайды, екеуі вальс билейді, перде жабылады.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған