- Кімсің? – дейсің,
- Ең әуелі адаммын,
Мен де сендей топырақтан жаралдым.
Ақиқаттың ауыр жүгін арқама,
Арта алмасам таға көрме, маған мін.
Жанарымнан жұмбағымды көрші ұғып,
Табанымнан өтсін ызғар жер суып.
Жалындасын,
салынбасын алайда,
Менмендікке мендегі адамгершілік.
Тұрды қанша дұшпан жылап, дос күліп,
Маңдайымды алған сәтте тасқа ұрып,
Бәрін, бәрін өткеніме қалдырдым,
Бүгін менде арман басқа, басқа үміт?!
Қалмасы үшін қара алдында, ақ сынып,
Кетпесі үшін сор алдында, бақ суып.
Адамдықты,
адалдықты жоғалтпай,
Жасау керек екен көпке жақсылық.
- Кімсің? – дейсің,
- Кім болайын, ақынмын,
Жалтаққа емес жалпақ жұртқа жақынмын.
Өртке ораған өтірік пен шындықтың,
Арасында ғұмыр кешіп жатырмын!
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
5 / 5. Дауыс саны: 1