Нем бар еді адам болып

Нем бар еді адам болып,
Нем бар еді ақын боп?..
Енді міне қаламда – қан,
Қамауда – жан,
Басымда – от.
Мен жаралған топырақ – Рух,
Мені туған анам – Ар,
Құлау түгіл сүрінуге,
жылауға да хақым жоқ.

Мені өлтірер – Махаббатым,
Мен айықпас дерт – Өлең.
Тыныштық жоқ,
Тұрады ылғи төңкеріліп Жер, Төбем.
Өкінбеймін өткеніме,
Кеткендерді ұстаман,
Түңілмеймін – өлсем өлем,
Жансам жанам, өртенем!

Тіршіліктің бүлкілі – Өмір,
Түні – тыныс,
Күні – дем,
Ақыры – ажал.
Мейлі, мейлі,
Үміттінің бірі – Мен!
Сірә, қазір “ұйықтап” кетсем –
Адам болып оянам,
Білем тағы, күйіп кетсем –
Ақын болып тірілем…

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған