Жанарымда – бүтін ғалам, жүрегімде – жарты әлем,
Өлеңіммен егіз – өмір, сөзбен биік мәртебем.
Өлеңшөбі құмарлыққа сүңгітеді шайырды:
табиғатта да толғатады…
қара тас та мәрт ерен.
Топырағыңды сүйдім сенің, Қоңырөлең, көктемде,
қара жерге Тәңір ақ қар, құсқанатын төккенде.
Буынды алып жұпар иіс ынтық еткен өзіңе,
Ақын қыздың бұл бақытын,
О, Жаратқан, көп көрме.
Қоңырөлең, бас сал мені, көңілдегі жайды ұқта,
тасқа біткен көк өскіннің сырын ұқпау лайық па?..
Ой – қорғасын, балқытады бұлт жасырған мұң-шерді –
Отырамын көзді жұмып
ләззатымнан айықпай…
Көзімді ашсам, бар ғаламат ғайып болып кетердей,
талықсимын дір-дір еткен кірпігімді көтермей,
ол Көктем мен бұл Көктемнің арасында Өмір бар…
таңдайдайымда – сезім дәмі
бал татымас бекерге…
Осы бір сәт тербетеді бүлдіршіндей жер төсін,
аспан-жерде: жібек шалғын, Күн шымылдық-пердесі.
Өлеңшөпке елітемін, мен өлердей ғашықпын –
ал, Өлеңім – күміс қанат…
бірге ұшайық, кел, қосыл.
Қоңырөлең…
жасыруБағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
5 / 5. Дауыс саны: 1