Домбыра
Жетіген
АҚҚАЛА
Қайта келген өмірге…
Аққаламыз бұрынғы,
Көзі қара көмірден,
Қызыл сәбіз мұрыны,
Түймелері темірден,
Әппақ қардан тұғыры.
Тесік шелек тұмағы,
Мойнында ала орама,
Інім ұқпай сұрады:
Тоны қайда? Тоңа ма?
Жоқ екен ғой құлағы,
Үйге кірсе бола ма?
Мекені оның далада,
Дос боламыз тек қыста,
Көңілі әппақ, бағала,
Ғұмыры да ең қысқа.
Көктемге бір барайық,
Қолың қайда, кел, ұста!
КӨКТЕМ
Ұланға
Даналықтың бастауы,
Қайнар көзі, бұлағы,
Балалардың оқитын
Ең сүйікті «Ұланы».
Бар ғажайып, бар сыры
Қызықтырар талайды,
Үлкен-кіші «Ұланды» –
Досымыз деп санайды.
Оқырманы құрметті –
Бүлдіршін мен балдырған.
Қаламгерлер алғашқы
Қолтаңбасын қалдырған.
Балалықтың бақытты
Таусылмасын жыр-әні,
Жарқырай бер, жасай бер,
Қазағымның «Ұланы».
Бәйшешек
Көктем нақыштары
Көк шығып қырларға
Қыс тастап бөрігін,
Балалар қыздырды
Ойынның көрігін.
Қозы-лақ жамырап,
Секіріп ойнайды.
Хормен ән салғандай
Көкке әуен бойлайды.
Бау-бақша жап-жасыл,
Өріктер гүлдеді,
Ақ мақта тәрізді
Алма ағаш бүрледі.
Қып-қызыл қызғалдақ
Көмкерді даланы.
Жусанның иісі
Тазартты ауаны.
Көк түс пен жасылға
Ағаштар боялды.
Құстардың үнімен
Қуанып ояндым.
Табиғат тамашасы
Дархан дала суретін
Асқар таудың биігін,
Шалқар көлдің толқынын
Көріп бәрін сүйіндім.
Бұйра-бұйра бұлттар мен,
Қалың нөсер жаңбырдың,
Шын достығын көремін,
Табиғаты таң қылды.
Аспан жақта екен ғой,
Ақша бұлттар қаласы,
Әппақ мақта екен ғой,
Сұлулығын қарашы.
Ұсақ-ұсақ моншақтар,
Өрнек құрап таққандай,
Жарқырайды жұлдыздар
Түнде шамдар жаққандай.
Жартыкеш ай қиылып,
Дөңгеленіп толады,
Кейде тауға еркелеп,
Иығына қонады.
Тау
Тау дегенің алып па
Ақ қар жапқан шыңдарын,
Тау жайында атамның,
Аңыздарын тыңдадым.
Құм жиналып тас болар,
Тас жиналып тау болар,
Балаң ойым түсінбей,
Кейде соңы дау болар.
Түсінгенім
Тау деген,
Жаратқанның зор сыйы,
Атам айтқан аңыздар,
Даналықтың мол сыйы.
Гүлбақыт ҚАСЕН, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жетісу облысы әкімі аппараты, облыс әкімінің бас инспекторы
Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!
1 / 5. Дауыс саны: 1