Қайтем

Сезімді қайтем сергелдең күйге түсірген,
Өзіңді қайтем шықпайтын түндер түсімнен,
Кездерді қайтем сырымды жұрттан жасырған,
Өзімді қайтем тынатын дәйім ішімнен.

Ақ қарды қайтем жасай алмасам ақ қала,
Көктемді қайтем күтпейтін ешкім бақта да.
Жазыңды қайтем жадыратпаса жанымды,
Күзіңді қайтем сағынышымды сақтаған.

Арманды қайтем асудан әлі аспаған,
Жолдарды қайтем жолаушы болып баспаған.
Көңілді қайтем мезгілдей болып құбылған,
Қиялды қайтем қиырға мені бастаған.

Бақытты қайтем бар болсадағы сезбеген,
Сезімді қайтем жылылық күткен өзгеден.
Жүректі қайтем мейірімі жоқ ешкімге,
Төзімді қайтем қиындықтарға төзбеген.

P/S:
Санамда сауал жауабын іздеп барады,
Алдыға қарай тартады бізді жол әні.
Бақыт дегенің әр минут екен бағалы,
Бұл маған бүгін өмірдің берген жауабы.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған