«Өмір» галереясы (әңгіме)

Шын өмірге аттанбас бұрын маған «Өмір» атты галереяны тамашалау нәсіп болды. Бұл галереяға қалай, не себепті келгенімді анық білмеймін. Тіпті, ойламаппын да… Онсызда осы бір «Өмір» галереясының қыр-сырын түсінген жан кем де кем шығар. Уақыт өте келе мен осы бір галереяның бүткіл болмыс-бітімін, негізін ұғуға талпындым. Көзімді ашқалы көргенім осы – сарай ішіндегі көрме. Бұның ар жағындағы әлемді қанша ұмтылсам да еш біліп-көрген емеспін. Көне кітаптарда бұл көрменің ар жағында шегі мен шеті жоқ мәңгі әлем бар деседі. Даңғарадай терезеден аспан әлемін көріп таң қаламын. Ар жағындағы жұлдыздар да жаныңның түкпірінде тығылып жатқан, ешқашан ойлап, түйсініп көрмеген, бірақ өзіңе тән сезім қылдарын қытықтайды. Жұлдыздар – тұңғиық, терең, арманым секілді.
Галерея ішінде екі есік қана бар. Бірі – жақында, мен келген есік. Екіншісі – мына ұзын сонар дәліздің соңында көрінеді. Қабырғаларға ілінген өмір галереясының сан түрлі салтанатты сұлу сүгіреттеріне тәнті боп, көз алмай қарап тұрамын. Қараған сайын терең ойға, ерекше әсерге бөленемін. Әрбір сүгірет осы галерея хақында өзінше бір хат-хабар жолдап, мәнін ұғынуға ишарат көрсететіндей.  Мына бір қабырғадағы картинада күн нұры бояған сарғыш жапырақтар – кекілін жел тербеген шаруа құсап жайқалады. Мына бір рамкадағы табиғат кереметтері көзге анық шағылысады. Ал ана бір суреттерде болса – төрт мезгіл кезек-кезек бейнеленген. Әрқайсысының қасынан өте берсең әр мезгілге сай бір ыстықтап, бір тоңасың. Амал жоқ қыстың қыс бейнеленген сурет қасынан өте бере үстіме күртке жамылып өтем. Ал жаз қасынан жылжығанда – пысынап артық киімдерімді шешіп тастадым. Сарқырап аққан өзені бар сурет тұсынан өткенімде танауыма табиғаттың тылсым жұпары келгендей болды. Ал анау нәзік билеп тұрған гүлдерге қарап тынысым кеңейіп, көзім тояттанды. Мына көрменің бітпес суреттеріне қараған сайын таңқала түстім. Тағы бір сурет ішіндегі суретте теледидар бар болатын. Сонда құлқын сәріден шаңқай түске дейін әлгі көк жәшіктен неше түрлі фантастикалық киноларды көремін. Қарап отырсам нағыз фантастика – мына жаратылған сүгіреттер екен ғой: аспан мен жер, тау мен көл, алма-кезек киім ауыстырған мезгіл. Өмірдің өне бойы тұнған – фэнтези. Бұның бәрі қалай жіпсіз байланыста, қалай мінсіз жаратылған деген ойға қалды менің кіді көңілім. Осынау пейзаж суреттермен қатар портрет суреттер де көптеп кездеседі. Кей портреттер маған ілесіп отырады. Әлде мен оларға ілесіп отырам ба, анығын білмедім. Ал кейбір кісі бейнеленген сүгіреттер бірер сәтке кездеседі де ғайып болады.
 Менімен бірге ілесіп келе жатқан әжемнің жанды суреті бірде сары автобусқа отырған. Шамасы базарға бара жатсақ керек. Автобуста біздің жүзі таныс ауыл тұрғындарымен қатар бөтен кісілер де табылады. Мен сурет ішіне еніп кетпесем де сол портрет қасында, қабырға тұсындағы орындықта отырдым. Бірақ олармен бірге едім. Құдды бір жақтаудағы суретке тән ішінен қарап отырған жан секілдімін. Немесе  өзімді театр тамашалаған көрермен іспетті елестетем. Суреттегі әжеме ілескен боп базарға барамыз, үйге керек-жарақ аламыз. Үйге келген соң тағы бір портрет алдымнан шыға қалды. Қарасам жиектемеден қарап тұрған қара торы келген, дембелше денелі, маңдайы өлең жолдындай әжімді, еріні жіңішке, мұрыны пұшық, тақия киген қария алдымыздан шықты. Атам екен.
–Базарды көшіріп келгеннен саусыңдар ма? – деп әжемдегі дорбаны қисалаңдап келіп, көтеріп алды. Атам басындағы тақия – тәж құсап жұмыр басынан еш түскен емес. Тәж құсаған күн мен ай да галереядағы көрменің сәнін келтіріп аспашам боп ілініп тұр. Мен жүрген көрменің ұзын-сонар дәлізі жап-жарық, нұрға шомылған. Қай жағыңа қарасаң да анық көрінеді. Тек болашақ қана сағымдай бұлдырап тұратыны болмаса. Ал өткен шаққа қарасам күз кейпіне енгендей сарғыш тартып, ұзап барады. Сондағы өзіме таныс кейбір суреттерді сағындым ба, көргім келіп бір-екі рет артқа адым жасап көріп едім, көзге көрінбес әйнекке соғылып кері шегіндім. Сонда барып түсіндім: маған кері шегінуге болмайды әрі өткенге орала алмайды екем. Бірақ уақыт өте келе өткен шақтағы сан мың суреттен дәріс алуға, ғажап естеліктерді тұмардай тағып, қазынадай көкірегіңде сақтауға болатынын түсіндім.
–Шәй қойыңдар! – деді әжем, – қаным кеуіп, қаталап кеттім… Мен кімге айтып отырмын. Сәулеш, Ерке, Мира, – деп немерелерінің суреттерін атап шықты. Сонда қарама қарсы қабырғадан үш қарындасым шыға қап, әжелерін бір-бір сүйіп алды да бірі дастархан жайып, бірі шай қоюға кірісті. Кейін көзіме тағы бір портрет жылы ұшырады. Ол менің досым – Сырым. Ол екеуіміз басқа кісі портреттерінен жасырын, қора бейнеленген суреттің ар жағындағы ағаш маңында талай темекі шеккенбіз. Сырым небір футболисттердің, көліктердің, қалалардың карта, афишаларын жинап жүруге құмар. Көршім болған соң бірге көп уақыт өткіземіз. Үй шаруаларына жәрдемдесеміз: Біздің үйдің малын жайғап болған соң, оның қорасындағы тезекті аударамыз. Екеуміз уақыт өте келе бір үйдің балаларындай бауыр боп кеттік. Мектепке бармай тұрып, анау галереяның бас жағындағы суреттерде бейнеленген өткен шақта сандаған естеліктеріміз бар. Иә, сонда Сырым екеуіміз бір күнде сүндетке отырып, тиын-тебенге қарық болғанымыз есімде. Бәтима әженің портреті шеткері  қабырға тұсынан келіп ап, «балмұзда-а-а-қ» деп әндетіп есік алдынан өткенде сүндеттен жиған ақшамызды сыңғырлатып күтіп алатынбыз. Сол Сырым екеуміз содан бері темекі шегуді жөнді жарытпадық, балмұздақты бірге жеуді де қойдық. Мен бесіншіні қалаға оқуға кеттім. Ол ауылда қалды. Қаладан жаңа достардың портретін кезіктірдім. Анда-санда ғана ойлап тұратыным болмаса, кездеспедік. Кейін бірнеше жылдан соң, соңыма зер салсам сурет көрмесінен бөгде бір кісі Сырымның портретін қабырғадан алып жатқанын аңғарып қалдым. Мен белгілі межеге шейін жүгіріп барып әлгі көрме қызметкеріне:
–Бұл портретті не үшін алып жатсыз? Жолықпағанымызға көп жылдың жүзі болғаны рас. Көріспегендер өткенде қалып қоятын, бірақ суреттерін шешіп алмаушы еді ғой, – дедім дауысым дірілдеп, бір бәленің болғанын аңғарғандай. Егде жастағы көрме қызметкері маған ойлы көзімен назар аударды да:
–Балақай, суреттер сонау бір есіктен кіріп мына көрменің біршама уақ сәні болады. Өз міндетін атқарған соң, анау дәліз соңындағы есіктен шығуға мәжбүр. Бұның орнын басқа суреттер басады, – деді бейқам халде Сырымның жансыз суретін қабырғадан түсіріп алып. Сан ойға жауап таппай мен орынымда тұрдым да қойдым. Сол сәтте көрме іші қарауытып, шамы да өлмеусіреп кеткен-ді. Қабырғадағы табиғат суреттерінде төпелеп жаңбыр құйып жатты. Маған рамкадан басын шығарып бірі қолшатыр ұсынды. Анам еді. Сонда анамнан Сырымды көлік қағып кетті дегенді естіп үстіме жай түскендей болды. Кейін де  уақыт өте келе қабырғаның тұс-тұсынан ескі портреттер алынып, жаңалары ілініп жатты.  Есейген сайын сұрағым да көбейе түсті. Бала күнімдегідей ананы-мынаны ата-әжемнен, анамнан мылжыңдап сұрай беруді қойдым. Олар білмесе ашық айтатын, немесе біліп тұрып, айтуға қорқатын тақырыптары да болатын. Мысалға, ана-а-а-у дәліз соңындағы есік немесе сол есіктің ар жағындағы өмір. Бірде, атамның портретіне қарап тұрып, шалқамнан жатып:
–Ата, дәліз соңындағы есіктің ар жағында не бар, – дедім тосын сауал тастап. Атам  теледидардан ресейдің криминалды сериалын көріп жатып, түрегелді де, сурет жиектемесінен басын шығарып бір қарады да жүзі бозарып кетті.
–Тәйт, – деп дүрсе қойды. – Бұндай сұрақты екінші қойма. Сен әлі баласың, – деді зілді дауыспен. Ал уақыт өте келе барлығымыз портрет, суреттер  сол есікке қарай жақындап бара жатқанымызды амалсыз мойындаймыз. Тіпті сол есікке бір адым жақындасақ болды «туған күн» деп атап өтеміз. Маған неше түрлі суреттер кездесті. Әсіресе, қоғамдық көлікте жүргенде өмірімде бір-ақ рет кездесіп ешқашан кездеспеген портреттер де табылды.
Бірде қала шетіндегі көл бейнеленген суретке қармағымның бауын лақтырып, балық аулап отырғам. Картина ішінен құжынаған шыбын-шіркейлер бет-ауызымды жыбырлатып мазамды қашыра бастады. Денемді шаққан масада есеп жоқ. Сонда қасыма ағам Жарқынның портреті келіп, бір уақ көлікте тынығып отыра тұруымды өтінді. Қарсыласпадым.
–Айттым саған, қалың күздік киімдеріңді киіп ал деп, маса шағады дедім, жоқ, үлкеннің тілін алмайсыңдар ғой, – деп мұрын астынан ұрсып жатты. Ағамды қояр да қоймай балыққа алып келген де мен едім. Оған қала өмірінен шаршағанымды, бір уақ балық аулап, бой сергітіп, ой тынықтырып қайтайық деген ұсыныс тастадым. Ағам балық десе ішкен асын жерге қоятын адам. Онсызда қасына серік болатын жан таппай жүрсе керек, бірден келісті. Осы көлге әкелген жолмен тіке тағы үш шақырым жүрсең, әкемнің мазарына тап келесің. Зияраттап қайтсам ба деп ойладым. «Ақыры, келген екенбіз, қайтарда құран оқып қайтсақ», – деп ағама ұсыныс айттым. Ол бірер сәт терең ойға көміліп қалды. Білмеймін, бір демалыстағы көңіл күйін бұзып алдым ба, әлде әкемнің өмірін еске түсіріп қалды ма, үнсіз отырып-отырып басын изеді. Ыңғайсыз боп қалған жоқ па деп іштей қуыстанғаным және бар. Рас, әкемнің мазарына бала күнімде бір рет келгеннен бері еш келген емеспін. Ағам ескі Аudi-ін оталдырып үш шақырымдық жолға демде-ақ жетіп бардық. Жапан түзде бізден басқа кісі қарасы көрінбейді. Үнсіз мүлгіген қабірстан. Өлілердің көрмесі. Ал аспанда жалғыз сұңқар қалықтап барады. Әкемнің қабірі суретіне қарап тұрып дәліз соңындағы есікке тағы бір көз тастадым… Қабірдің айналасы түгел шөп-шалаңға толы. Шөпті жұлып, мазар тастың көзін ашқан болдым. Ағам бір уыс топырақты қабірге сеуіп ернін әнтек жыбырлатты. Дұға оқығаны болар. Өмірде әкенің не екенін сезбеген қара басым, бұл жолы мазар басында тұрып, ол қасымда тұрғандай күйде болдым:  Сонда оның да бір кездері мына жұмыр жерді басқанын; Ай мен Күнге қарап толғанғанын; арзан әзілге күлгенін; дүкеннен нан сатып алғанын; көгершіндерге көз салып тұрғанын; қарындашты ұштағанын; жалғыз қалғанда елегізігенін; өзіне соңсоң әлемге үңілгенін; Құдайды іздегенін т.с.с. қам-қарекетін толғап, бір сәтке ой жүгірттім. Иә, ол осы өмір атты көрменің бір картинасы болған-ды. Ол да біз секілді кезінде бір қабір басында отырған болар, енді оның мазарына келіп отырған біздің басымызға да бір күні жас ұрпақ фатиха оқиды-ау деген ойда болдым. Мен де бір уыс топырақты төмпешікке тастап, бетімді сипадым. Ортада өмір мен өлім атты перде тұрғаны болмаса әкем екеуміздің арамыз онша алыс емес. Сол перденің бір шетін ысырып ойша әкем әлеміне зер салып тұрғам. Тосын дауыстан селк еттім.
–Болдың ба? Кеттік! – деді ағам көлігін оталдырып. Басқа мазартастарға да көз жүгірттім. Өлілер үнсіз жатып-ақ тірілерге хат-хабар жолдап тұрғандай. Оны тек жүрекпен және түйсікпен ғана оқи аласың. Мен анық оқи алдым ба білмеймін. Бірақ, олар бізге: «Өмірдің қадірін білгін, біздің қасымызға келерде өкінбестей келіңдер» деп тұрғандай. «Мұнда бай да, қара да, тақуа мен сотқар да – бәрі жатыр. Өлім – теңдік, – дедім өзді-өзіме. – Әке айбатын көргем жоқ, оның орнын – тау басты. Әке махаббатын сезгем жоқ, орнын – жаймашуақ басты. Әке қамқорлығын білгем жоқ, бұны – мезгіл ауыстырды. Әке достығы не? Оны – ағаштар айырбастады. Әке орнын – өмір басты. Менің әкем – өмір», – дедім сонда қабырғадағы мазар суретіне қарап тұрып. Қайтарда қабырғадағы ағам суреті картинадан қолын шығарып маған бірнеше балық берді.
–Мен ештеме ұстамадым ғой, – дегеніме қарамастан:
–Осылай-осылай үйренесің, батыр, – деді.
Өмір көрмесі – кейде алакөлеңке, кейде жарық. Бұның нендей сыры бар, мүмкін мына табиғатқа қатысы бар шығар, деп қабырғадағы маусымдар суретіне зер салдым. Жоқ, оған емес, мына менің жанымның мезгіліне қатысы бар, көзге көрінбес нәзік байланыс білінеді. Мен әлемге, өмірге қалай, қандай көзқараспен қарасам көрме іші де сондай бейнеге, кейіпке ене қалады. Тұнжырасам – қарауытып, сағынсам – сарғыш тартып, шаттансам – жайнап шыға келеді. Мына рамкадағы адамзат сүгіреті де өз картиналарынан өмірге зер салып тұрған-ды: Бірінікі ашық түсті болса, тағы бірінікі – бұлыңғыр. Мен білетін, білмейтін адамдар жан-жақтан жамырап кез келген оқиғаға өз рамкаларынан бастарын шығарып алып, бір-бірімен дауласады да жатады. Жұдырық түйіп, шамданып, бейпіл сөйлеп һам дауыс көтеретіні тағы бар. Сондағы дау – «Саясат» картинасы болатын. Ол картина шимай-шатпақ жұмбаққа толы, бояуы да мың құбылған. Бірі мұның, қызыл түсі қою десе, екінші бірі «жоқ, қара түсі қанық» деп дауласатын. Жанжал үшін картинадағы адамдарға кез келген тақырып арқау бола алатын.
Биік қабырғаның жоғарғы жағындағы картиналарда әр ұлт бір-бірімен соғысып жатыр. Қос қабырғадағы қарама-қарсы сүгіреттегі ұлыстар бір-біріне оқ атып, шайқасудан шаршамайды. Тағы бір жерде бір-бірінің картиналарын өртке ораса, енді бірі басқаның картианасынан қазына, жер, мұнай, алтын тонап өз картинасына қарай таси түседі. Картиналардағы байлықтар картиналарға қарай көшуі тоқтаған жоқ. Басқа бір картиналарда адамдар аштан бұратылып жатса, келесі бірінде тоқтықтан тұруға ерінетін. Мен төменде осынау миллиондаған, миллиардтаған суреттерге назар салып тұрып, өзімнің сондай қауқарсыз екенімді амал жоқ мойындадым. Себебі, мына, «Өмір» галереясындағы болып жатқан зұлымдықтарға тоқтау бола алмас, қиналғандарға көмек қолын соза алмас шарасыздығыма ашуым келді. Бәрін көріп, біліп тұрып түк істей алмау – қол-аяғы байлаулы тұтқын болғаннан кем емес. Сол үшін мен тезірек атақты, ертерек бай болғым келді. Мына құрдымға кетуге бейім сүгіреттерге пайдам тигенін қатты қаладым. «Өмір» галереясын жайлаған қараңғылыққа шуақ боп, жарық бергім келді… Нұрға бояғым келді…
Ал әлгі көрме қызметкері күндіз-түні қабырғадан құлап түскен, қараң болған картиналарды дәліз соңындағы есікке үздіксіз апаруға бақұл еді. Мен мына галереяның мән-маңызын ұғам деп шарқ ұрдым. «Бұл сүгіреттердің суретшісі кім» деген үн жанымда жаңғырады. «Бұл суреттерді салуда нендей мән бар» деймін терең ойға батып. Бұл сұрақтарға жауапты кітапханалардан, университет пен діндерден, адамдар мен табиғаттан іздедім. Бұл аралықта өз бойымдағы мың түрлі сезім мен сана бояуларын ұға алмай басымды тасқа да, тауға да ұрғаным бар. Ызғар мен түнек астында жалғыздан жалғыз тоңып отырдым да қойдым. Салым суға кеткен еді. Сонда таныс бір картинадан жып-жылы, аялы алақан шықты да үстіме жамылғы жапты. Анам еді… Анамның сүгіретіне қарап тұрып мен оның өмір жолы оңай болмағанына, күрес пен тартыстың арасында өткеніне көзім жеткендей. Басыма түскен кез келген сәтсіздікке оны кінәлауға бейім болатынмын. Оған қаншалық жақын жүрсем, соншалық алыс едім. Оны түсінуге еш тырыспадым. Өзімді одан ақылды санайтынмын. Менде анам жайында, «советтік жүйенің адамы, көп нәрседен бейхабар» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ, үлкен өмірге аттанған соң неше түрлі жайттарға тап болып, ақыры шайқаса алмай күшім түгесіліп, салым суға кеткенде дер кезінде менің қасымнан табылатын жалғыз сүгірет – ана портреті болды. Мүмкін ол мына өмір галереясының мән-маңызын түсінбеген болар, басқа да суреттерге бас қатырмаған шығар, күндіз түні нәпақа деп жұмыстан қолы босамады, түптеп келгенде мұның  барлығы – мені өмірдегі қауіп қатерден қорғау болатын. Мені қаумалап, үйден шығармай, әр қадамымды қадағалап өсіргені – жоғалтып алудан қорыққаны да. Ал мен бұлқан-талқан боп тұншығатынымды айтып, бостандыққа ұмтылуға тырыстым. Бала күннен еркіндікке құмар қара басым теңізде шайқалған кемелер, мұхит ортасындағы жалғыз арал, мың сан шырағы жымыңдаған алып шаһар бейнеленген суреттерге қарап отырып өзімді құдықта қалған Жүсіптей елестететінмін. Біз сол үшін түсінісе алмадық. Бірақ, ер жетіп, қанатым қатайған соң, шөлден келген жолаушының бұлақка ұмтылғаны құсап тәуелсіздікке ұмтылдым. Бала күнімде бірнеше мәрте аттан жығылып, ағаштан құлап періште қаққаны бар. Сол секілді өмірде де жығылып қалсам дер кезінде мені демеп қалатын жан анам еді.
–Қайран балам-ау, – деді анам картина ар жағынан қолын созып маған шәй ұсынып. Оқуға кетіп, бір жылдан соң оралған бетім еді. Жүдеп кеткеніме, біраз салмақ тастағаныма жабырқап қалды.  –Іш, тоя тамақ жеп ал. Қарының ашып жүрген жоқ па?
Ыстық шәйді үрлеп бір ұрттадым да:
–Жоқ, қам жемеңіз, – дедім оның жанары астындағы әжім бояуына көз тастап, – бәрі жақсы.
–Қайда жүрсең де аман жүр, құлыным!
Бір күні галереядағы картиналар арасынан айна көріп қалдым. Айнаға қарағаным мұң екен, өзімді де жиектеме ішіндегі бір сүгірет екенімді байқадым. «Мен де сүгіретпін, демек бәрімізді салған суретші кім?» деген ой жаныма тыным таптырмады.  Осы ой жетегімен суретшіні іздеп кеттім.  Жол жүрдім. Картинадағы ұзын-сонар соқпақты, тастақты көпшілігі бар, ешкімі жоқ жолдар жүрдім. Қай бағытқа жол тартсам да өзіме орала беретінмін, өзімді шығарып сап, өзімді қарсы алам. Анау көрмедегі құлаған, тозған, ескірген картиналарды ілгектен алып дәліз соңындағы есікке апара жатқан қызметкердің қолына түсіп қалмай тұрғанда суретшіні табу керек дедім. Кейде маған, мүмкін мен іздеген суретші, үрейленіп жүрген анау есіктің ар жағында шығар, деген ой келетін. Мен суретшіні іздеп – өзіңді, өзіңді іздеп – суретшіні табуға болатынына имандай сендім. Содан бері мына алып сурет әлемінің  суретшісін іздеу сапарым басталып кетті.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

5 / 5. Дауыс саны: 1

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған