Мақпал жайлы…

«Адамдар, менің мәңгі бір ғана серігім бар. «Өлең» дейтін жетімек елігім бар. Сендер жүрген жолменен жүргенім жоқ, ешкімде жоқ ерекше өмірім бар. Қара түндей тұмшалап тұрса қайғым, етегіне қонады шық самайдың Сендер өткен өзеннен өткенім жоқ тағдырым бар,тағдырым бар ешкімге ұқсамайтын». Бұл Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісованың орындауындағы Ақмарал Леубаеваның сөзіне жазылған Ербол Байырбековтың «Адамдар, кешіріңдер» деп аталатын әнінің алғашқы жолдары. Өмірге алғаш әуен келді ме, әлде сөзі қағазға түсті ме, бізге беймәлім. Бірақ сөз бен сазға осынша жан берген әншіге екі автордың да риза екені анық. Анық болатыны, әнші оны жан дүниесімен шын беріліп, алпыс екі тамырын идіргендей толғатып айтады. Қазақ оқырмандарына жақсы таныс сыншы, күйші Таласбек Әсемқұлов «Әнші Мақпал» атты мақаласында «…Мақпал ешқашан да әнді композитордан алған күйінде орындамайды. Өзінің орындаушылық табиғатына өлшеп, өзіне лайықтап жаңа түрге ендіреді. Әнші үшін басты нәрсе әннің мелодиясы емес – поэзиялық текст. Мелодия тек қана болашақта өңделетін шикізат. Мақпал ең әуелі поэзиялық тексті бажайлай зерттейді. Дәлірек айтқанда, текстің ар жағындағы психологиялық партитураны тануға тырысады. Міне, ақынның өлең тасасында жасырған сырына жеткеннен кейін, әнші, мелодияны сол сырдың ыңғайына келтіріп, қайтадан сомдап шығады…» деп жазған еді. Бұл сөздің дәлелін әнші орындаған әндерден анық байқаймыз. Ал біз сөз етіп отырған әнде Мақпал «Адамдар» деген сөзден кейін білінер, білінбес кідіріс жасайды. Қаратпа сөздің тәртібі бұзылған жоқ әрі адамдар алдында ақтарылып, өз сырын еш бүкпесіз айтқалы тұрған адамның нық шешімі аңғарылады. «Сендер өткен өзеннен өткенім жоқ, тағдырым бар ешкімге ұқсамайтын» деген сөзде орындаушы «тағдырым бар» деген сөзге екпін береді. Мұнда да қазақы мәнер сезіледі. Ол мәнердің ар жағында өзінің қалауынан бұрын тағдырдың қалауына мойынсыну сынды қазақтың болмысына тән ерекшелік менмұндалап тұр. Әншінің мәнеріндегі қазақылық оны соншалықты жұмсақ әрі терең жеткізеді. Өкініш, күйініш, қиналыс, сонымен қатар оның бәріне мойынсыну пендеге тән мінез. Әннің ендігі бір жолында «…бірақ ешкім қайталай алмайтұғын, махаббатым үшін де кешіріңдер!» деген сөз кездеседі. Осы сөзді айтқанда да әнші шешімді адамдардың өзіне қалдырады және оны да қатқыл емес, жұп-жұмсақ етіп жеткізеді. Бұл әнді тыңдаған әрбір жан басынан өткен қиындық пен қиыс кеткен жолы мен тағдыр басына салған ерекше өмірін көз алдынан өткізері хақ. Әншінің ерекшелігі – әнді бүге-шігесіне дейін бойына сіңіріп, оны өз жанынан шыққандай етіп жеткізе алғанында. Сол үшін де Мақпал орындаған әрбір ән әрбір тыңдарманның жан дүниесін қопарып, жанарына жас келтіріп, жүрегін шымырлатады. Сезімтал көрерменнің байқамауы мүмкін емес бір жайт – Мақпал осы әнді айтқан сайын жанарынан жас моншақтайды. Жалпы оның жылап тұрып айтатын әндері көп. Және онысы риясыз, шынайы. Тек орындаушының ғана емес, тыңдап отырған жанның да жанарынан жас моншақтатар ендігі әннің бірі – «Жыла, жүрек». Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Қанат Ибрагимовтың жүректі жылатар әуені Мақпал мақамында құдды ән-мінажат секілді. Мінажатта үміт те, өкініш те, жұбану да, бекіну де бар. Сіз ән ғана емес, бір адамның драмаға толы тағдырлы монологын тыңдап отырған секілдісіз. Өте шебер орындалғасын сай-сүйегіңіз сырқырап, алпыс екі тамырыңыз шымырлап, өз өміріңіздің драмасына еріксіз сүңгіп кетесіз. Әннің сиқыры да осы болар, бәлкім, сіздің оған сенуіңіз сиқыршының дарынына байланысты екені даусыз. Асқар Сүлейменовтің Біржан салдың өмірі жайлы прозалық еңбегінің драма-диалог ретінде көрерменге жеткен сахналық нұсқасында Біржан салмен өң мен түс арасында әңгімелескен Ақан сері «Ән – зар һәм мінажат. Ол әуелі жүректі бауыздайды…» дейді. Сонау сал-серілер заманында әнге берілген бұл анықтаманы Мақпалдың орындауындағы бүгінгі әндер де нақтылап тұр. Заманы бөлек демесеңіз, әннің мақсаты бір. Ол – өнер ғана емес, «ән – зар һәм мінажат». Әнші үшін оның өнері қаруы ғана емес, құлшылық етер киелісі. Тәубесі де, шүкірі де, қуанышы да, қайғысы да, жұбанышы да, сүйеніші де – ән. Мақпал оны шын сезіне біледі, оның «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында «Тағдырдың бар қиындығын әнмен жеңіп келемін» деуі тегін емес. Ән оның өзі, ән оның тағдыры. Біздің бұл сөзімізді Мұхит Қасқырбаевтың Мақпалға арнап жазған «Тек, ән ғана» әні нақтылап бергендей. Бұл әнді де Мақпал өз жанынан шыққандай орындайды. Келісесіз бе?.. «Әнші емес, әннің өзімін» деген сөз Мақпалдың өз сөзі, оны Мақпал сөзбен емес, әнмен жеткізеді. Ән – сағыныш. Бір әнінде сезімді, енді бір әнінде қайғы-мұңды жеткізетін мақпал үнді қазақтың қызы «Ауылға барам» деген әнді Бауыржан Рахымбековпен бірге орындаса да, өзіндік ерекшелігін көрсете алады. «Жол жүрем бүгін, бармасам елге болмайды, тынысымды ашам, тіреймін елге маңдайды. Ет жақындарым аттанып кеткен келмеске, көзкөргендер де азайып қапты-ау, сол қайғы…». Осы әнді тыңдаған сайын, «бармасам елге болмайды…» деген жолдарды Мақпал әнші әдейі таңдап алған секілді көрінеді. Өйткені ол осы сөздің мән-мағынасын қазақы мәнермен екпінді дұрыс қойып, ырғақты орынды алып, «ауылға бармасам болмайды» деген шешімге бекінген сезімді анық жеткізеді. «Көзкөргендер де азайып қапты-ау, сол қайғы» деген сөздерді әнге қосқанда дәл осылай қазақы мәнерде айта алатындар кейінгі әншілердің ішінде некен-саяқ-ау?.. Мақпал мақамы бізге осынысымен қымбат, осынысымен қадірлі. Музыка тіліндегі мелизмы ұғымы қазіргі әншілер арасында сәнге айналып барады. Мелизмы дегеніміз – әуеннің ырғағы мен қарқынын өзгертпей дыбысты әрлейтін мелодиялық әрлеуші (Мелизмы – различные мелодические украшения звука, неменяющие темпа и ритмического рисунка мелодии). Кейінгі әншілер мұның не екенін жақсы біледі және көбі әннен бұрын осы әрлеушіге мән беріп кететіні жасырын емес. Әрі олардың мелизмді қолдану әдісі бір-біріне ұқсас болғасын да жас әншілердің әнін бір-бірінен ажырату қиын. Ал Мақпалдың мелизмы – мақамы бөлек. Одан қазақы үн, халық музыкасы мен сал-серілер әуені, халық композиторлары қалыптастырып кеткен орындаушылық ерекшелік, қазаққа етене жақын ырғақ еседі. Жоғарыда айтып өткен әнге сыйған сезімдердің барлығы жиналып келіп мәртебелі уақытқа сыяды. Мақпалдың орындауында адам өмірін ғана емес, күллі адамзаттың ғұмырына үңілуге үндейтін «Қайран, уақыт» деген ән бар. Бұл әнді орындағанда да Мақпал әр сөзді ғана емес, әр дыбысты анық айтады. Онысы әуенге еш зиянын тигізген жоқ. Бұл әндегі «Күздің ызғар салқыны соғады екен, жазында жапырағын жайған бақыт» деген жолдары мені қазақ эстрадасына қайрыла бір көз тастауға, қайыра бір қарауға итермеледі. Неге дейсіз ғой, Мақпал Жүнісованың әнші ретіндегі бағасын білгенімізбен, оның орындаушылық мәнеріндегі қайталанбас ерекшеліктің қадірін қаншалықты ұғынып жүрміз деген сұрақ маза бермейді. Өйткені кейінгі жас ұрпақ, қазіргі 20-25 жастағы қыз-жігіттер Мақпал мақамының бағасын білмейді. Оған себеп, Мақпал сынды қазақы мәнердегі әншілерден гөрі өзге ұлттың орындау мәнеріне көп еліктейтін эстрада әншілерінің жиі насихатталуы. Әйтпесе қазақ эстрадасындағы Мақпал мақамын жалғастырушы қаншама шәкірттер дайындауға болар еді. Әрине, олардың барлығы Мақпалды айнытпай қайталуы шарт емес, тек оның әр сөзді анық айтатын, түсініп айтатын, тек әуенді ғана емес, сөзді де шегіне жеткізіп, тыңдарман жүрегіне сіңіріп тастайтын мектебін үйреніп қалуға тырыссақ жақсы еді. Әзірге біздің оқу орындарында ондай талпыныс байқалмайды… Киногерлеріміз ол туралы сапалы фильм түсірсе, несі айып?.. Кенен Әзірбаевтың «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де…» деген сөзін Мақпал бағасын білуде анық айта аламыз. Ендеше, неге бағаламасқа!.. Қазақ эстрадасында әнші боп өнерге келіп, ән болып ғұмыр кешкен жандар көп емес. Оның бірі де бірегейі – Мақпал Жүнісова. Мақпал өзі үшін емес, ол ән деп өмір сүреді. Ал ән – өнер. Өнер жеке адамдыкі емес, халықтыкі. Демек, Мақпал да халықтың қызы, халықтың перзенті. Мақпалдың тағдыры әнмен біте қайнасқан. Мүмкін, о баста жеті жасар қызды анасына айтпай, ауылдан жырақта жатқан өнер мектебіне әкеліп тапсырғанда әке-жүрек қызының тағдырының әнге байланғанын, ән арқылы халыққа байланғанын сезген болар?.. Кім білсін!.. Бір анығы, Мақпал – ән, Мақпал – тағдыр қазақ дейтін халық барда жасай береді.

“Ана тілі” газеті

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

0 / 5. Дауыс саны: 0

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған