Армысың, ару дүние

Ынтызар, ғашық көңілге,
Қымыздай нәрін құйғызған.
Армысың, ару дүние,
Көгілдір түспен құйылған.

Таңбозы елең-алаңды,
Оянып сергек сезіммен.
Әлдиге салдым ғаламды,
Дүниені мынау көз ілген.

Бұлбұлың болып бақшаңда,
Сайрадым тілсіз-шырылсыз.
Үнсіздік басқан ақшамда,
Толғанып ақтым тынымсыз.

Жанымның оты лапылдап,
Найзағайыңа шарпылды.
Қомағай көзім жарқылдап,
Кеудемде тулап ән тұрды.

Сан бояу сансыз арбады,
Көрсетіп бойдан ірілігін.
Гүлдерім шоқтай лаулады,
Көтере демеп бір-бірін.

Құштарлық кернеп, шат күліп,
Жарыла жаздап жүрегім.
Айта алмай тұрмын аптығып,
Жанымның мөлдір тілегін.

Бағалау үшін жұлдызшаны басыңыз!

3 / 5. Дауыс саны: 2

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған